вторник, 3 апреля 2012 г.

Тәлім-тәрбие, ұстаз бен шәкірт, оқыту әдістері туралы


Балаға тәрбиеде қандай бағыт берсек, үлкенге де сондай бағыт-бағдар беріп отыру керек, онсыз үлкен адамдар да қателесіп кетуі ықтимал.

Баланы не бұзатынын білсем, соған амал табар едім, бірақ оның қиындығы барлық талап тілегіне шектеу қоймауында ма деймін?

Адам табиғатындағы ақылсыздықты тек тәрбиенің күшімен ғана ақылға келтіруге болады. Сондықтан тәрбиеге әрқашан бірінші жетекшілікті беру керек.

Бабалар дәстүрінде тәрбиелеудің ең басты белгісі сенім. Осы берік сенім негізінде адамды қалыптастыра аласың.

Өзіңді өзің беріліп, сеніп, шын тәрбиелемесең, қай істе болмасын өжеттілік жасай алмайсын.

Болайын деген бала жер тепкілеп туады, онысы «болам,болам», «алам,алам» дегені.

Мен кейбір адамдардың сөзін, ойын, пікірін таң қалып тыңдаймын, тұла бойы асыл қазынаға толы неткен жандар деп ойлаймын. Егер осы адамдар түбегейлі қолына қалам алып жазса, кемеңгер адам болып, ұрпақтың кәдесіне жарарлық көп көп мұра қалдырар еді. Бірақ, көп адамдар тұтанып жанып, жылу да, жалын да бермей, өзімен алып кетеді. Сондықтан адамға ерте мән беріп, тәрбиелеп, бағыт бағдар берген дұрыс!

Тентек қайдан келді демендер, қайда тіршілік етті деңдер.

Мектеп тәрбиесінен өтпеген бала - суарылмай тұрған гүл сияқты, барлық әсем түсінен айырылып қалады.

Класс активіне сүйенген тәрбиенің жүз көзі, мың құлағы бар, сондықтан күнделікті жұмысты орынды пайдалана білген ұстаз табысты болады.

Қорқытудың тәрбиелік мәні жоқ екендігі аксиомаға айналғаны шындық, сондықтан кімде-кім тәрбиеші болғысы келсе, бұл тәсілден әр кез аулақ болғаны жөн.

Тәртіпсіздік істеген балаға қатаң сөз айтып керек емес, жылы сөзбен өзіне тартып, себебін өзіне айтқызып, істеген ісінің дұрыс бағытта еместігіне көзін жеткізу керек, бала деңгейіне дейін өзін кішірее білуің керек, әйтпесе ештеңе шығара алмайсын.

Шәкірттер арасында тәлім-тәрбие жұмысын жүргізу күрделі инженерлік құрылыс тәрізді, қателік жібермеуді талап етеді. Тәлім-тәрбие барлық істің басы.

Қисықты түзететін - күш, қыңырды түзететін - тәрбие, басқа жол жоқ.

Жылы сөз тәрбиенің кілті де, құлпы да, сондықтан жылы сөз сөйлеуге әр кез дайын бол.

Адамға күн шұғыласы қандай қажет болса, тәрбие де сондай қажет,ендеше тәрбиеленіп өскеніне мақтана аласың.

Тәрбиелену міндет те, борыш та, сондықтан әр жеткіншек ол кезеңнен өтуі қажет.

Қорқақтық тәрбиенің жеткіліксіздігінен, сондықтан тәрбиеде мақсат, талап, тілек қойылып отыруы қажет. 

Ережелер тәртіптілікке ғана шақырып қоймайды, мәдениеттілікке де үйретеді.

Мектеп ережесінің мәнін, сыр-сипатын терең ашып түсіндіре білу - тәрбиешінің төл жұмысы.

Мен тәрбиеші бола алмаймын, ұстаз боламын!,- дейді кейбір мұғалімдер, олар балаға білім беру үшін тәрбиені бірінші кезекке қоюды ұмытады. Әуелі тәрбиеле, содан соң білім бер.

Тәрбиенің мақсаты: шат көңілділікке, өмір сүйгіштікке, адамгершілікке және жасампаздыққа баулу.

Мектеп өмірі ақиқат мәліметтер мен уақиғалардың жиынына толы болуы керек. Шындықтан алшақ, ғылымнан алыс ұғымдар мен ойлар мектеп іргесіне жақындамағаны жөн.

Мектеп барлық ғылым саласынан орта мәлімет беретін бірден-бір ғылыми орын, сондықтан әр оқушы өзіне керегін мектептен алып қалуға талпынуы керек, онда мектептегі бір күн іздегеніңді, кейін мың күн іздемейтін боласың.

Келешектің ұстаздары кем дегенде үш тілді, не үш мамандықты меңгерулері керек, ал компьютермен еркін жұмыс істеуге дағдылану қазіргі талап-тілек болып отыр, сондықтан келешекте ұстаз болу бақыт та, арман да болсын деймін жас ұрпаққа.

Педагогика мың мінездің басын біріктіріп, бір жиынтық мінез тудыратын ғылым.

Педагогикалық жұмыспен шұғылданған адам үш дәуірді басынан өткізіп өтеді: ол кешегі, бүгінгі және келешек.

Біздің мақсатымыз  - шәкіртті жындысүрей етіп тәрбиелеу емес, ойшыл, епті, ерікті, сезімтал етіп тәрбиелеу,  оны күнделікті тәрбие жұмысында ұмытуға болмайды.

Жындысүрейді де тәрбиелеу ұстаздың үлесіне тиген, сондықтан ақыл ойынды, күш жігеріңді оларға сарқа бере білуге үйрен.

Педагогика - сәбилердің ұясы, оны таза ұстау керек.

Оқушыға тәртіп талабын қойсаң, оны сыйлайтыныңды да сездіріп қойғаның дұрыс, себебі бала талап-тілекті түсінбеуі мүмкін. Адамды адам сыйлау арқылы ғана түсініседі,сыйласады.

Тентек жойылса, тәрбие далада қалады деме, ол шексіз.

Тәрбиенің құдіреттілігі сонда, күн сәулесін уыстап бергендей, ендеше зиялы азамат - тәрбие жемісі.

Мектеп басшысы тәрбиені оқушыдан емес, мұғалімнен бастаса іс түзеледі, мақсат айқындалады.

Менің мақсатым - бала жүрегінің дүрсілін сезіну.

- Бір ибадат оқып жібер,- дейді көптеген қариялар, ал қайсы бірі:  
«Ибадатты бала екен»,- дейді, сондықтан баланы ибадаттылыққа тәрбиелеу 
керек.

Барлық ұстаздар міндеттерін өз құқығындай жақсы білсе ғой, жұмыс алға тезірек басар еді.

Жақсы ұстаз туа болмайды, жүре болады, бірақ дағдыда өмір бақи «ұжым тәрбиесінде» жүрген ұстаздар әлі де бар-ау.

Кейбір шәкірттерге неге сабақтан кешіктің демеу керек, кешігіп болдың ба деу керек, сонда ол кешіккенін тоқтатады.

Ұстаз ұстаз болған шәкіртімен кездессе де, ұстаздық сөзін айтады, ғажап жалғастық.

Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек, себебі шәкірт оны «құдайдай» көреді.

Шәкірттің ойын күнде жетелеп отырмаса, ол тәрбие көшінен қалып қояды.

Жақсы ұстаздың аяқ басқанының өзі оқы, оқы деп дыбыс бергендей.

Өзгені ұмытсаң да, шын ақылшы адамыңды ұмытпа.

Күнделікті оқымаған ұстаз - өз міндетін орындамағаны.

Алаңғасар шәкіртке алаңдамас ұстаз кез болар.

Жас ұстаз екі-үш жыл алаңдамай тиянақты қызмет істесе, одан ұлағатты ұстаздық күтүге болады.

Ұстаздың сөзі - игі істің басы.

Шәкірт шәкірт болуы үшін, ұстазға беріліп еліктеу керек.

-         Бақытты кімге берер едіңіз,- депті шәкірт ұстаздан.
-         Кім көп оқыса, соған,- депті ұстаз.

Баланы хұсайын етіп тәрбиелеу бесіктен басталады, бұл әр ананың парызы, оны естен шығаруға жол жоқ.

Біз адамдарды өзгертеміз деп тәрбие жұмысымен шұғылданып жүрміз, бірақ өзгеріп кеткен адам жоқ, тек әр қоғамдық талап-тілектерге байланысты бейімделген адамдарды көріп жүрмін. Адам - жағдайдың құлы, тәрбие - құлды жұбатудың құралы.

 Шәкіртке қатты сөз айтуға болмайды, ол алланың қаһарынан да жаман.

  «Бұзық» оқушымен әңгімелеспес бұрын, өзің туралы айтшы деп жақын тарт, сонда оны түсінесің, күдігің жойылады, өзара тіл табысасың. Тіл арқылы жүрекке кіресің.

Адамды тәрбиелеймін десең, оның тілегін орында, одан арғысы белгілі болады.

Ұлы адамдар да өле-өлгенше тәрбиеленіп өтеді. Тәрбие - телегей теңіз, байтақ ұғым, шеті мен түбіне жете алмайсың. Тәрбие - адамның екінші
табиғаты.

 Тәрбие — теңіз, сондықтан тәлімдегің келсе, малтый білуді үйрен.

 Баланы баяндама оқып тәлімдеме, баяндап тәлімде.

 Барлық кереметтілік табиғатта ғана емес, адамдарда да сан-қилы, бірақ әлі толық сезініп біле алмай жүрміз. Адамды зерттей де, тәрбиелей де, түсіне де білуге ерте бастан көңіл бөліңдер.

 Қай есік болсын, теуіп ашпа, тәлімгерлігіңнің төмендігін көрсетесің.

 Жұмыртқадан шыға сала, құс та ұшпас.

 Кедейлікке емес, байлыққа тәрбиелеу керек, себебі ұрпақ бай өсіп жетілсе,  халыққа да берері көп болады.

 Тәрбие - адамның көрінбейтін компьютері.

 Тәрбие тек шындыққа ғана негізделсін.

 Қазір көптеген ауылдарда ғибадатхана - мешіттер салынып жатыр, бұл халқымыздың дәстүрді сыйлауы, адамды сыйлауының негізі ме деймін?

 Рухани сенімі мол ұрпақты тәрбиелеу келешекті табысты етеді.

 Пәк қыздарды тәрбиелеу бүкіл қоғамның денсаулығын сақтау және жаңа ұрпақты өркендету екенін ешқашан да ұмытуға болмайды.

 Баланы тәрбиелеуді қозғалыспен байланысты жаттығудан бастау керек, сонда баланың ойы, тілі, сезінуі мен сенімі дамиды.

 3 пен 9 жас аралығында баланың неге бейімділігін аңғаруға болады.

 Қандай тәрбие болса да, сайып келгендегі мақсаты адамды қайырымдылыққа баулу.

 Тәрбиеде бірақ мақсат бар: адамдық  атымызды ардақтау.

 Тәжірибе мен бақылау өзіңді саналылыққа тәрбиелеуге әкеледі.

Өзіңді-өзің екі бағытта тәрбиеле: аллаға сеніп, ар-ұжданыңды таза ұстауға және адал еңбек істеп еліңді көркейтуге.

 Тәрбиеленіп көр, қандай шыдамдылық керек  екендігін білесің.

 Пайғамбарың да тәрбиеленіп өскенін ұмытпа, мүмкін сен де пайғамбар боларсың.

 Тәрбиеде мақсат, мұрат болмаса, жақсы нәтиже бермейді.

 Тектілік тәлім-тәрбиенің нәтижесінде туады. Тектілікке ұмтыл.

 Тәрбие көрмей, тәлімгер бола алмайсың, бола қалғанда да жарытып іс бітірмейсің.

 Жастарды ұлттық сана-сезімге, құштарлыққа, ұлттық мақтанышқа қуанарлық сенімде тәрбие бер.

Шәкірттің «тілін таппадым» деген ұстаз өзінің жұмыс істемегенін айтып тұрғанын аңғармайды, бұл көбінесе жас ұстаздарда кездесетін жайт.

Шәкірт алдында айтылған сөз дер кезінде орындалмаса, ұстаз шәкіртке талап- тілек қоюын тоқтатқаны.

Ұстаздан асудың жолы: өз бетінмен көп ізденіп оқу.

Ұстаз жақсы болса, шәкірт оның дидарын көруге де асығады.

Ұстаз болам десең, төзімділікке тәрбиелен.

Шәкірт терең ойды,көркем сөзді, әсерлі салыстыруды құптайды.

Ұстаз еліктіреді де, еріктіреді де.

Адам қасиетін іздеп табу және жетілдіру - ұстаздық үлесің.

Тәжірибесіз, жаттығусыз, талдаусыз, рухани дамусыз жақсы ұстаз болу қиын.

Ұстаздың қанша жақсы шәкірті болса, сонша мекені бар.

Шын ұстаз болу бақыт, себебі еңбегіңнің жемісін көресің, ол өзің оқытқан шәкірттерің.

Ұлының шәкірт болуы да өмір қажеттілігі.

Ұстаз талап-тілек қоюдан бұрын, шәкіртті білгені жөн сияқты.

 Ұстаз беделі дегеніміз - шәкірттерінің көрсеткен сыйы.

Шәкірттің жүрегіне шындық пен адамгершіліктің таңбасын тақпаса, ұстаздың мақсатына жетпегені.

Ұстаз болдық, енді соны ақтау жолын іздеу керек.

Ұстаздық жолда үлкен, кіші деген ұғым жоқ,тұтас әлем, сондықтан да ұстаздық жол қиын жол.

Шәкірттің ар-ұятына, дене пішініне тіл тигізуге болмайды. Егер ұстаз ондай пікірде болса, шәкіртті рухани қанаушылыққа ұшыратады.

Ұстаздың шәкіртке бір-ақ дұғасы бар: оқы, оқы және оқы.

Ұстаздан озған шәкірт - зерек.

Шәкірттің тентектігі өзіне ғана ұнайды, көпке ұнамайды деп айту қиын.

Ұстаздың жүйкесі қолында болады, оны түсіріп алса, жұбату оңайға түспейді.

Мұғалім емес, «мұғалақ» болғандар бар-ау.

Жақсы ұстазға мектеп демалыс орны сияқты.

Шәкірттерге «екіні» қолшоқпар еткен ұстазды босатудан басқа амал жоқ.

Бала жүрегі мың ішекті аспап, күйлеу оңай іс емес, сондықтан да ұстаздыққа жетік үйрену керек.

Қоғамның әр кезеңдерінде бір «шырылдауық торғай» тәрбиелейтін болдық.

Қазіргі «торғай»: нарық, нарық деп шырылдап жүр.

Мұғалім ертеңгі жұмысты бүгін істейді, онсыз ол мұғалім бола алмайды.

Тәлім алушы мен тәрбие беруші сағаттың минуттік және секундтік тілдері сияқты біріне бірі кедергі жасамай айырылысады да, әрқайсысы өз функциясын атқарады.

Шәкірт - ұстаз өмірінің куәгері.

Шәкірт ұстаздан озса, ол ұстаздың ұлылығы.

Өрісі кең, байтақ шәкірттер бар, оларға барлық жақсы жағдайды жасауға көмектесу керек.

Ұстазға қажетті қасиет - қабілеттілік.

Әр пәнді терең түсініп меңгермесең, ұстаздық жолға түспе.

Ұстазда балалық та, жастық шақ та қатар жүруі керек, сонда ол шәкірттермен тез тіл табысады.

Ұстаз электр тогының өткізгіші сияқты, бірақ ол электрондарды емес, ерлік пен елдікті, ізгілік пен жақсылықты, даналық пен әділеттілікті өткізіп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді.

Ұстаз шәкірт үшін асқар тау, биік шың, мөлдір бұлақ.

Шәкірт беті ашылып оқылмаған кітап сияқты, ұстаз ізгілік ниетпен оқуы керек.

Мұғалім жүрегінің шәкіртке деген жылуы галактиканың бір пұшпағын сезгендей.

Бізде кексе ұстаздар бар, олардың әлі де шәкіртке берер білімінде күмән жоқ, тек пайдалана білу керек. Менше ұстаздықта кәрі, жас деп сортқа бөлу дұрыс емес.

Ойшылдық пен сабырлық мұғалімге тән қасиет.

Әр  ұстаз өзін жүздің бірінен озамын деп жұмыс істесін, сонда келешек оның жұмысының куәгері болады, минус пен плюсіңда уақыт сонда айырып береді.

Ақын мен ұстаз, поэзия мен педагогика апалы-сіңлілі, мұң-зары бір, арманы мен қуанышы өрістесе, ақыл мен ойы жүгендес, бір-бірін тез түсінеді.

Жүз баланың ерекшелігін  біліп барып, бір бала туралы пікір айта аласың, әйтпесе асығыстық жасағаның, ештен кеш жақсы деп бекер айтпаған.

Ұстаздық әр істе керек, сондықтан біріңе-бірің ұстаз болуға асық. Ұстаздық етуші жаңалық іздеуші, ертеңгі күнді болжаушы екенін ұмытпа.

Қырыққа келгенде шәкірт болсаң да кеш емес, бірақ жұмыс бағдарламаңды анық, түсінікті етіп алуың қажет.

Алпыс мұғалімім бар дегенше, алпыс тілім, жүз жиырма құлағым, жүз жиырма көзім бар десеңші!

Мұғалімге сабақты көп берсең жақсысың, аз берсең бақсысың.

Мектепке екі түрлі мұғалім келеді: бірі табысып, бірі танысып.

Мектеп мұғалімнің қазығы айналып қайта келеді.

Мұғалім шәкіртіне «білімің төмен» деп айтпасын, себебі бір кездегі «білімі төмендер» үлкен басшылық қызметте отырғанын ескеру керек.

Ұстаз жүрегі төменгі температура дегенді білмейді, сондықтан ол ұстаз.

Барлық қызық өмірім балалар арасында өтіпті, сабақтап жадырап шығушы едім.

Мұғалім бір бос минутін де ойлаумен өткізетін ерекше жан.

Сыныпқа кірсем, өзімді жасарып қалғандай сезінемін.

Нағыз мұғалім бастық болудан басын аулақ ұстайды, себебі шығармашылықпен қолын да, ойын да байлаған.

Іс-тәжірибеде көріп жүрмін: бір шәкірттің жадысында мың шәкірттің зейіні, мың шәкірттің жадысында бір шәкірттің зейіні бар сияқты.

Ақымақ басты ақылды еткен ұстазды көре алмадым.

Ұстаздар бұрын аптасына он төрт сағат толғататын, енді жиырма сағат толғататын болады. Бұл нарықтың сағатты ұзартқаны ма деймін.

 Ұстаз шәкірттерімен адал, ашық, кіршіксіз сөйлесіп, ойын, не қалайтынын, не армандайтынын, не көксейтінін жиі-жиі сұрап, біліп отыруға міндетті, сонда шәкірт жетіле түседі, ұстазды сыйлауы арта түседі, өзара сенім беки түседі.

 Қандай мәселе болса да, шәкірттің пікірін, ойын біліп барып, оны оған түсіндіріп, содан соң қорытынды айту керек.

 Шәкірт жаңа сабаққа аз да болса, өз пікірін, ойын айта алса, сабақ мақсатына жетуге жақын.

 Мен мұғалімдік өмірімнің бес жылдан артығын 6- 11 сыныптың математика оқулығының түгел есебін шығаруға жібердім, бұл еңбегім кейін өз жемісін берді, жас мұғалімдерге осы жол дұрыс па деймін, бірақ міндетті емес.

 Мұғалім оқытушы ғана емес, зерттеуші де, ақылшы да.

 Мұғалім екі қолына да гүл ұстап жүретін жан, бірінде ақыл-кеңес гүлі, бірінде тәлім-тәрбие гүлі.

 Мұғалімдер  мектептің уықтары, директор — шаңырағы.
 Ұстаздық — өмірдің жалғасы.

 Ұстазсыз дүние бос елес.

 Мұғалім жүйкесін шайнап күн көреді, қайсыбіреулер оны түсінбейді.

 Түсінгенге ұстаз білім ғана бермейді, ризығын да береді, ырысын да кеңейтеді.

 Зергер қатты соқпас, ұстаз қатты ұрыспас.

 Бағзы заманда жаратқан мен халық арасындағы байланысты дін қызметкерлері атқаратын, қазір үкімет пен халықты байланыстыратын мұғалім екендігін ұмытуға болмайды. Тегінде ұстаздар қоғамның алтын дінгегі.

 Адам ғана өмірбақи шәкірт болып өтеді, бұл тіршіліктің заңы ма деймін?

 Жақсы сөзді, асыл ойды, көркемдікті уағыздауды әр ұстаз әдетке айналдырсын.

 Шәкірттерді салауаттылыққа тәрбиелеуді әр сабақта дамыта білуге дағдылану керек.

 Менше білім берудің ең тиімді әдісі — әңгімелесу, себебі бала өмір тануды ата ана әңгімесінен бастайды. Біз осы әдіске ат үсті қарап, әртүрлі әдістер іздеп, бос уақыт өткізіп жүрміз. Сөлін ағызып, дәмін келтіріп. әңгімелесу арқылы айтар ойды, ұғымды жеткізгенді нағыз
ұстаз дер едім.

 Ұстаз болу үшін диплом алу жеткіліксіз, оған қосымша өз халқыңның өмірін, тілін, рухани байлығын, арманы мен арын, бары мен жоғын, мінезі мен әрекетін білу шарт, соны білген адам ғана нағыз ұстаздық жолға түсе алады.

 Шәкірт ұстаздан озбаса, ғалым бола алмайды.

 Ұстаздан озу үшін оқисын, сонда білім есігінің тұтқасын ұстайсың.

 Үздіксіз оқу мен іздену ғана арманға жеткізеді.

 Ұстаз ойшыл болмаса, шәкірт ұшқыр болмайды.

 Мұғалімде бір ақ қасиет бар — адалдық.

Мұғалімсіз өмір лайланған су сияқты, ештемені де болжап көре алмайсың.

 Әр шәкірттің жүрегінде ұстаздың айтқан сөзі мен ақылы қалады.

 Менің қырық жылдан артық уақытым бала оқытумен өтті, сол өмірім ең қызық, ең шаттық өмір еді, себебі баланың білімге деген қуаныш сезімін байкаушы едім, сол маған күш-қуат, бақыт беретін, өзім білмеген үмітке жетелейтін.

 Мұғалім болуың үшін бала да болып кетуің керек, әйтпесе баланы түсіне алмайсың.

 Мұғалім өзін бақытты санасын, егер оның шәкіртінің жұлдызы жарқырап, бәйгенің алдында келсе, қуанышында шек жоқ.

 Әр шәкіртті жеке дарынды адам етіп шығара алмайсың, сондықтан олардың таланттыларына ерекше көңіл бөліп, уақыт тағайындап, күнде жеке жұмыс жүргізу керек, сонда ғана шәкірт дараланып нәтиже көрсете алады. Жалпылама оқытудан дарын иесін шығара алмайсың.

 Мұғалімге әр түрлі талант қажет-ақ, он саусағынан өнер тамса тіпті жақсы, сонда ол өзін де, басқаны да көркейте түседі.

 Әр шәкірт өз талантына қарай ұстазды таңдай алады: ақын — ақынды, әнші — әншіні, ғалым — ғалымды, зергер — зергерді.

 Оқушы мүғалімді қуана күтпесе, сабақ беру тәсіліңді тезірек өзгертіп, өз жауапкершілігіңді өзің арттыр.

 Оқушы көріп, естіп, сезініп қана қоймайды, сын да айтады, сыбағаңды да береді.

 Ұстаздың шәкіртке берген сыбағасы — білімі.

 Мұғалім еңбегі көрінбейтін «Тажмахал», әркім сезе бермейді.

 Мұғалім — әлемнің ізгі мәдениеті мен рухани байлығын халыққа таратушы, жаңалықты жырлаушы, жоқты бар етуші, жастарды келешекке жетелеуші, жалықпайтын пайғамбарлар.

 Мұғалім оқушыға өмірбақи жас болып көрінуі керек, кәрі болғаныңды олар сезсе, біттім дей бер.

 Мұғалім өзіне тән жұмыс стилімен ерекшеленеді, дараланады, ерекшеленеді.

 Ұстазды шәкірттің қолы жеткен көрсеткішімен бағалау әділ, басқаның бәрі жалған.

 Шәкіртін көріп, мұғаліміне мінездеме беруге болады.

 Зиялы мұғалім болуың үшін, шәкіртіңе терең білімді, сапалы сезімді бойына сіңдіре біл, ол үшін өзіңді-өзің еңбегіңнің құлы етуің керек.

 Бала оқытқанның бәрі ұстаз емес, тек міндетін атқарып жүр.

Ұстаз әділ болса, шәкірт саналы болады.

Болар азамат он алтыда бас болады, болмас жиырма бесте жас болады. Адамда бар барлық қасиет жастай көрінеді, соны тәрбиелеп, бағыттай білу үлкеннің үлесіне тиген.

Ұстаз мейірімсіз мінезін ешкімге де білдірмеуі керек, әйтпесе ол ұстаз бола алмайды. Ұстаз баланың жүрегінде отыратын «ақ періштесі» болуы шарт.
Баланың жүрегін меңгермей тәлім-тәрбие, білім-өнер бере алмайсың.

Ұлттың ұйтқысы, намыс пен ержүректілікті, ақыл мен ойшылдықты қалыптастыратын, тәрбиелейтін ұстаз ғана. Ұстазы аз ұлт өсіп жетіле алмайды, рухани кемтар, жалтақ, жасық ұлт болады. Ұстаз ұлттың жаны мен дем берушісі.
Ұлы ұлт боламын десең, ұстазды көбейте беріңдер.

Әр ауылдың, әр ауданның өз зиялылары болуы керек, сонда тәлім де, тәрбие де, ғылым да, өнер де ол ауылдан ұзап кетпейді. Өз ауылынның  данагерін ардақтап біліп, оқып үйрену керек, уағыздау керек. Тіпті алысқа бармай ақ, осы Шар ауданында қанша зиялы да, киелі де азаматтар өрбіді. Олар: Әзімбай Лекеров,
Төлеу Көбдіков, Орынбаев Жағыпар, Рахымбеков Қалел, Рахметұлы Нығмет, Жотабаев, Керейбаев Қайыртан, Шәріпқанұлы , Ақышұлы Шәріп, Белдеубаев Рамазан Кенжеханұлы, Оспанов Рахымберді, Төлеуханов Тоқтарбек академик, хим ғыл докторы, Миязов Асқар, Кежебаев Қибаш, Мұсатаев Қадырбек, Қасенов Есен, Бектұрған Омаров,  Төребаев Зейнеп, Қ. Ыдырышев, Сәбетжан Түсіпов, Кеңесбек Қалиев, Жұмабай Есенбаков, Зейнолла Кәкімжанов.

Тәрбиеге мән бермегеннің тұрмысына сән еңбеген.

Егер күнделікті өмірімізден «тәрбие» деген сөзді алып тастасақ, өміріміз ауасыз кеңістікке айналып, мағынасын жояр еді.

Қанжардың екі жүзі сияқты, тәрбиенің де екі жағы бар.

Тәрбиеден қалыс қалған адамда дөрекілік пен анайылық басым, олардан сақтанып жүрген дұрыс.

Тәртіптің құлы болмай, ардың пұлы бола алмайсың.

Тәрбиенің негізгі мақсаты өзіңді де, басқаны да силап құрметтейтін, теріс іс істемейтін азаматты тәрбиелеу.

Шәкірттің ойлау қабілетіне еркіндік беріп, шектемей, жетелеп, адастырмай бақылап, керек кезінде жолын көрсетіп отыру дұрыс.

Тәрбиенің рух мен күшіне берілген адам адалдық жолынан таймайтын болады.

Әр қоғамның өз мектебі бар, бірақ бәрі де бірақ мәселемен шұғылданады.Ол- білім беру.

Көсемді емес, мұғалімді күн нұрына теңеу керек. Мұғалімі жоқ ауылда күн шығып, таң атпайды.

Мұғалім медальдің екі жағын ғана емес, үшінші жағын да іздейтін адам екендігін ұмытпа.

Мұғалім қоғамдағы барлық адамдардан бір елі жоғары болуы қажеттілік, ол алыстан көрінетін тау шоқысы  сияқты, жақсысы да, жаманы да тез көзге шалынады.

Мұғалім сәбидің жан-дүниесіне ар мен ұяттың, үміт пен арманның, кішіпейілділік пен ақ көңілділіктің рухын сіңдіруші періштесі. Мұғалімсіз періште де бұл дүниеге келмеген.

Шәкірттерге жастайынан бастап пайда табудың жолы мен көзін ғылыми негізде миына, жадысына, сана-сезіміне сіңіруді мақсат тұту керек.

Ғылымды, техниканы, тілді меңгермей екі аяғыңмен жер бетінде жүре алмайсың, сондықтан: оқы, ізден, тап, жет! Осыны мақсат етіп алдыңа қой!

Іс-әрекетсіз мидың функциясы елеулі болмайды.Әрекет – аргумент, ми қорытындысы –функция.

Артық-кемі болса,
Ұрсып-ұрып соқпа.
Мәнді сөзді тауып,
Жадыңызда  сақта! 

Қазіргі заман оқушыларын кейде түсінбеймін. Өзім оқып жүргенде мектепте бес-алты сағат оқитын едік. Үйге келгенде сабақ дайындауға 6-8 сағатым кететін, тіпті кей күндері сағат түнгі он екіде жатып, таңертең ешкім оятпай дәл жетіде оянып, жуынып- шайынып, өз жұмысымды өзім бітіріп, таңғы асты ішпей сабаққа кететін едім. Он классты бітіргенше таңертеңгі асты ішіп көрген емеспін. Басқа баладай ауырмайтын да едім. Осы режимімді институт бітіргенше сақтадым. Қызмет істей бастаған соң, таңертең бір- екі шыны шай ішуге үйрене бастадым.

Мұғалімдер үзіліс кезінде «беломор канал» атты темекіні тартуға үйрене бастады, 22 жасымда темекіге үйрене бастадым, содан қойшы, 42  жыл темекі тарттым да,   1999 жылдың 2 мамыр жұлдызында бір ақ күнде тастадым.  Жұбайым Дина, төрт балам, немерелерім ембей бақылауда болды.  Негізінде  кімде-кім темекіні шын тастаймын десе тастайды, тастай алмаймын дегені өтірік. Басқаларға айтарым, темекі тартпау керек, ол адам өмірін қысқартатын қауіпті ауру әкелуші. Темекі менің он бес жыл өмірімді қысқартты.

Жағдайы болмаған мұғалім жадырап жұмыс істей алмайды. Мұғалімге қандай қоғамдық қиыншылық болса да, сенім білдіріп, көмек көрсету үкіметтің де, жергілікті басшылардың да , барлық халықтың да парызы.

Үлкендерге құрметпен, шын ілтипатпен қарамаған жастардан көңілін суи береді.

Мұғалім бұзылса, тәрбиеден береке бірлік кеткені.

Барлық шәкіртті бірдей көру  мұғалімге парыз.

«Мұғалімді қойшы» дегендер қуыс кеуде қулар, бірақ та өмірде осылар жол тауып, үстемдік жүргізіп келеді. Әлі де үстемдігін жүргізе бермек. Мұғалім мұғалім қалпына келіп, ел қатарлы өмір сүріп, еңбек ақысын жетерлік алу үшін «мұғалім қойшылардан» құтылу керек.

Білмекке құмарлық ұлылыққа ұмтылудың бірден бір жолы.

Тәрбиеші дегеніміз бала ойынан орын алған керексіз «арам шөпті» дер кезінде
түбірімен жұлып алушы, сүйтіп адам ойын арам пиғылдан аман сақтап қалған періштесі.

Әр шәкірт ұлы дана Демокрит айтқан мына даналықты жастай түсініп, есіне сақтаса деймін: «...Өнер де, даналық та, егер оны үйренбесе, қолға түспейді». Сондықтан, үйреніп білу үшін өмір сүремін деп, өзінді ертерек тәрбиелеген жөн.

Баланың өзіне өзі ұстаз болуы оның кемеңгерлік сатысына көтерілуі. Ондай баланы жан жақты қолдау керек.

Белгісіз арқылы белгісізді табу нағыз ойлаудың ғылыми жолы, шәкірттерге осыны жетік үйрету керек.

Мектеп пен мұғалімді бөліп қарауға болмайды, екеуінің тағдыры біреу.

Тәрбиенің негізгі идеясы неғұрлым бақытты өмір сүру болуы керек деген түсінікті баянды ету, соның нақтылы жолдарын шәкірттерге көрсете білу, көкжиегін жақындата білуге баулу дер едім.

Мен өзімнен асып кеткен шәкірттерімді  ұстазым деймін, аспағандарды шәкіртім деймін.

Мақал мәтелдерді шәкірттерге оқытып, жаттататын, мәнін түсіндіріп айту жеткіліксіз, оларды ойлауға да үйрету керек. Әр әрекеттің соңында ой тумаса, ол ұмытылып, елеусіз қалып қояды.

Мектеп көрмеген бала, рухани жетім бала.

Тәрбиенің көзі де, сусар бұлағы да әке шешеден басталады.

Ұстаздың бақыты кітапта, қолы босаған сайын үңіліп соны іздеуде.

Балаға үрей тудырып тәрбиелеуге қарсымын, ондай бала өз ерекшелігін, өз дарынын тез өшіреді. Балаға да, үлкенге де шын еркіндік қажет. Құдай бір тежесе, тәрбие екінші тежесе, онда үшінші де тежеуші күш табылады, сүйтіп бала үш жақты қысымда өседі. Оның соңы жақсылыққа әкеліп көрген емес, өзара сыйластық, татулық шын бостандық бар жерде ғана болады.

Ұстаз шәкірттің ұлылығын  тудырмайды, ол тек бағыт бағдар көрсетеді. Ұлылығын жеке дара әркім өзі жасайды.

Мұғалімнің көптігінен оқымайсың, өзіңнің оқығың келгендігіңнен оқисың. Өзің талпынып, ізденіп, ойланып, қызығып еңбектенбесең, академиктен оқысаң да, түк шықпауы мүмкін. «Оқы, оқы және оқы» білім алудың бісмілләсі, оны міндетті түрде орындап жүр.

Бір есе білімің болса, оны он еселеп арттырып ойлануың керек, сонда білімің нәтижелі болып, білімді ала беруге құмартасың.

Баланың тәртіпсіздігін тәрбиенің аздығы деп бағалаймыз, менінше, тағы басқа бірдене жетіспей жатқан сияқты. Оны баласы бар әр отбасы іздестіруде.

Мұғалім мұғалім дәрежесінде қалуы үшін үш нәрсені бойына сіңірсін: ойшылдық, әділеттілік және жасампаздық.

Ұстаз бен шәкірттің жүректерінің дүбірі бір болмаса, олар бірін бірі түсінеді дей алмаймын.

Жақсы ұстаз білім берудің оптимальдық моделін өмір бақи  ойланып толғанып ізденумен өтеді, ол қажымай іздену мен нақтылы тәжірибеден туатын бейнеті, тынымсыз еңбектің жемісі.

Өзіміз де оқушы болдық, оқытып та көрдік. Сабақ кезінде мұғалімді тыңдап отырғандай тыныш ақ отырасың, бірақ мұғалімді тыңдап отырған жоқсың. Өз ойың, өзінің тәтті қиялына шомылып, әлемді шарлап кетесің. Класстағы балалардың  сексен  тоқсан пайызы осылай ма деймін. Сегіз тоғыз пайызы ғана мұғалімді тыңдайды. Ешбір мұғалімнің сабағын жүз пайыз тыңдайды дегенге мен сенбеймін, ол шындық өмірге жаныспайды. Мұны жас ұстаздар ескергені дұрыс. әр сабақта сегіз он пайыз ұстазды тыңдаған оқушылары болса, бұл үлке нәтиже, бұл мұғалімнің іскерлігі мен шеберлігінің, білімділігінің нәтижесі.

Шәкірттің түсінігі қате болса да, бірден қайырып тастамай, түсінігің түзеліп, жаңа бағыт алып келесің деп көтермелеп, сүйемелдеп оқыту керек.

Балаға өз ойын, пікірін айтуға уақыт бер. Састырма, үстемелеме, бол болдың астына алып қайталама. Дәл осы сәтте жауап бере алмаса, келесі сабаққа қалтыр, «баға» қойма, одан ешкім де ақша жоғалтпайды ғой. осыдан баланың саған деген сенімі артып, сабаққа аз да болса дайындалатын болады. Мүмкін, ол келесі сабақта да жауап бермес, бірақ келесі сабақтарда жауап беруге іштей ант береді, сүйтіп күндердің күнінде оның жарқырап жұлдызы туғанын өзі де білмей қалады. Әрине, барлық сабақтан кілең беске ол бірден оқып кетпейді, оған уақыт керек, уақыт әр нәрсені орнына қояды.

Жаратқанды көрмейсің, көрген де ешкім жоқ, бірақ ұлт пен халық дәстүрін сақтау, мақұлдау, орындау жаратқанның айтқанын мойындаумен пара пар. әр ұлттың, халықтың жақсы дәстүрлерін дамыту, қызықтау, мақтаныш ету тіршілігіміздің көркі мен мәні. Мұны жастарға түсіндіре біліп тәрбиелеу керек.

Мектеп дегеніміз: ауа, су, нан.

Жақсы ұстаз болғың келсе, ойлау қабілетіңді дамыт, ұлы ұстаздардың біріне еліктеп, оның еңбегін оқып біл, тәжірибесіне жаттық, соан соң өз жолынды ізде.

Баланы жастай әңгімелеп айтуға үйрету қажет. Отбасында да, мектепте де әңгімелеп айтуға ат үсті қараймыз, соның салдарынан қазіргі оқушылар әңгімелеп, сөз сөйлей алмайды. Баланы көркемдік негізде дұрыс әңгімелесуге үйрету міндет дер едім.

Адамды тәрбиелейміз, білімді етеміз, бірақ өзгертпейміз, өзгерту етек алса, азғындық тіршілікке көшеміз.

өмірде әуелі тудырамыз, содан соң оқытамыз, дұрысында әуелі оқыту керек, содан соң тудыру керек. Халық сонда тәрбиенің не екенін біледі.

Баланы жастай сөзуар етіп тәрбиелеуге ерекше мән және маңыз беру керек.

Бірімізді біріміз тәрбиелеу үшін институт бітіру керек емес, адам деген атың болған соң, біріңді бірің тәрбиелеу борыш.балаға да ертерек осыны айтып түсіндіру керек. Тәрбиелеу, бағыт беру кешеуілдетуді жақсы көрмейді. Бір бірімізді тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліп, дәстүрге айналдыру керек. Бәріміз де жақсы тәрбие алуға ұмтылайық.

Рухани байлығын күнде дамытпаған мұғалім ауыру мұғалім, одан аулағырақ тұрыңдар! Мұғалім аулап жанып, жалын беретін сөнбейтін от , сондықтан мұғалімнен жылу алуға асығыңдар!

Талантты, алғыр, еңбеккер, ізденгіш ұстаздар көп. Бірақ біз оларға көп ұқсамай, осылардан боламыз, өз жолым болады, өз сүрлеуім болады деп еңбектену керек. Олардан үлгі өнеге алып, еліктей білуіміз керек, олардың жаңалығын өздеріндей меңгере білуіміз керек. Тіпті кейбір кезде олардан асып та кетуіміз керек. Сонда еңбегіміз бір қадам алға жылжиды, сеніміміз молайып, күшіміз шалқи түседі.
Ұстаздарға еліктеу керек, біреуді пір тұту керек, сонда өзіңді сол пір тұтатын ұстазыңмен салыстыра отырп, өсетін боласың.

Сайып келгенде мектептегі еңбекке баулу сабағы өнімді еңбек өндіруге негізделу керек, құр ойынға аудармай, табыс табуға мүмкіндік беретінөнімді еңбекпен шұғылданған жөн. Ол қандай еңбек?  Оны анықтау мақсатында мектеп ұжымы, оқушылар, ата аналар қосылып, кеңес ұйымдастырып, қаржы жинап, қор жасап, еңбек сабағында әр түрлі немесе бір түрлі өнім шығаруды көздеу керек. Қай класстан бастайтынын ғылыми негізде ұстаздар кеңесі шешу керек. Не өндірістің бір екі цехын ашып, жұмыс істетіп, балаларды осындай еңбекке баулу керек.

Еңбек сабағына осындай жаңашылдық енгізетін кез келді, мектепте кішігірім қауіпсіз өндіріс болса, еңбек сабағы күнде таңертең болуы керек, себебі ол өнімді еңбек циклімен байланысты үрдіс.

Менің он бес жылдық директорлық қызметімде әр мінездегі, әр сезімдегі ұстаздарды кездестірдім. Өз  мамандығымның асқан шебері, мақтауға тіл жетпейтін оқушы да, жұртшылықта мақтайтын  мұғалімдер де болды. Бірақ сараманда өз ісінің шебері, білімпазы бола тұра, шәкірттерге ұнамаған, жақпаған ұстаздар болды. Неге олай дейсіздер ғой? Ол тек ұстаздың өзіне ғана байланысты жәйт. Ұстаздарға айтарым, бала да тұлға екендігін есте сақтау керек, оның арына тиюге болмайды! Шәкіртіңді сыйлай біл, ұстаз!

Ұстаздардың барлық жұмысы сайып келгенде біреу ақ: адамтану. Оны жаңа адам тәрбиелеу, өсіру деп түсінбеу керек, бұл үлкен қателік. Жаңа адам тумайды, жаңа ойшыл, жаңа қоғам қайраткері біздің тілегімізден тумайды, өмір өзі тудырады.

Өз ісін жетік білетін мұғалім ұлтымыздың мақтанышы, ондай мақтанарлық мұғалім қазір әрбір мектепте бар, оған қуанып, олардан тәлім алып, өсіп өрби беріңдер!

Әр шәкірттің дамуы, түсінігі, сезінуі, ойлау және сөйлеу қабілеттеріәр түрлі, сондықтан білімді бағалау үшін бірден беске дейінгі сандық шектеу қойып келдік. Осыған қарамай, барлық балаға бірдей деңгейде талап тілек қойып оқыттық, тәрбиеледік. Сен ақылдысың,  сен ақылсызсың деп ешбір мұғалім айтып көрген емес, бәріне бірдей өлшеуіш деңгейін қойдық,бірақ өмір өзінің ішкі заңымен жүріп, жүйрік жүйрік болды, шабан шабан болды, оған ешкім талас көрестпеді.

Ұстаздар ерекше дарыны бар таланттарға әр кез көмектесіп, оның мүмкіндігіне сай қиын тапсырмалар беріп, көңілден тыс қалдырмады, соның нәтижесінде оқушының неге бейімділігі аныталып, бағыт бағдар берілді. Осыны сезінге оқушы өз мүмкіншілігін толық сезініп,  біліп, өз бетімен талпынуын, ізденуін жиілетіп, сенімін арттырып дамитын болады. Баланың неге бейімділігін ерте түсіндіріп, сездіріп, жол көрсеткен  қажет ақ, керек ақ, сонда бала алаңдамай, өз жолын  тез анықтауға дағдыланады. Мұғалім әр шәкірттің неге бейімділігін, оны қалай дамытатынын айтуға міндетті, борышты.

Әр шәкірттің санасына өзіне өзі сенетінін, өзіне өзі жауап беретінін  ертерек баулып, түсіндіріп, бойына сіңіру керек. Шәкірт ата ана, туған туыстар, дос жолдастар алдында жауапты екендігін саналы түрде түсінуі керек. Ұтаз шәкіртсіз тыныштала алмайды, себебі ол оның жүрегінің бір бөлшегі.

Ауыл мектептеріне, ауыл мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлініп, үкімет тарапынан жеңілдіктер көрсетіліп жатса, онда ол ауылдың берекесі кетпес еді. Азаматтар көшпес еді, шаруашылық тұрақтанар еді, мал басы, адам басы өсер еді. Ауылсыз қала бола алмайды. Ауыл қаланың сарқылмас қайнап жатқан қазаны болуы керек.
Ауылды дамытып, шаруашылығын өсіру керек. Ауылдан нан да, ән де, дана да шығады. Ауылға қарап қала көркейді.

Біз мұғалімдер баланың жүйкесін жақсы жаққа жетілдіріп қана қоймаймыз, жиырма жиырма бес пайыз оның жүйкесін артық сөзбен бұзып та келеміз. Әр мұғалім өз жүйкесін неше пайызға бұзса, сонша пайызға оқушының да жүйкесін құртып жатқаның сезбейді. Сондықтан, жаңа заман жастарына айтарым, ұстаз болғың келсе, өз жүйкеңді түзеуден баста, сонда шәкіртің де көңілдегідей азамат болып тәрбиеленеді.

Мұғалімнің бір ерекшелігі міндетті түрде болуы керек, онсыз оны мұғалім деп айту қиын. Ол ерекшелік: барлық сыныптағы балаларды бірдей бағалап, бірдей сыйлай білу керек.

Білім беру санасына ұлттық табысымыздың он он екі пайызын бөлгенде айтарлықтай табысқа жете аламыз, әйтпесе сүйретіліп, балдырған өгіздей ғана жылжитын боламыз.

Бір бұзық баланы көріп, Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі ата анасынан, екіншісі ұстазынан, үшіншісі құрбысынан.»
Тәрбие Жаратқанның Жердегі періштесі, онымен кездеспей, жол таптым деме.

Тәрбие ананың ақ сүтінен басталады да, маңдайдан аққан ащы термен бітеді.

Ұстаз үшін ең қиын жәйт, өзің оқытқан шәкірттің қарқылдап күліп, жағдайыңа көз қырын салмағаны екен. Тегінде  ұстаз ұстаз, шәкірт шәкірт қалпында қалғанға жетер жоқ екен. Ұстаздың тағдырын шәкірттің қолына кез келтіре көрме дер едім.

Мұғалім сабақтың құлы болмауы керек, сабақ оның құлы болуы керек.

Ұстаздың өркениеттілігіне, зиялылығына, парасаттылығына, дарындылығына байланысты көп мәселелер бар. соның бірі шәкірттің адам болып қалыптасуы да осы мәселерге байланысты. Сондықтан, мұғалімді дайындау жаңа талап тілектерге сай болуы міндетті. Мұғалімге жан жақты білім беріп, мемлекет қамқорлықты нақтылап, тұрмыс жағдайына көмектесіп, еңбек ақысын дұрыс төлеп, қоғамға бірден бір керекті адамдар екендігіне көңіл бөлінуі керек. Мұны істемесек, келешек қоғамның азаматтары адамдық қасиеттен айырылып қалуы таңдаңарлық жәйт емес. Тамыры мықты болмай, ағаш жетіле алмайды.

Келешектегі педагогиканың негізгі принципі біреу ақ болуы керек: мектеп балалар үшін, ұстаз балалар үшін, қоғам балалар үшін, өндіріс балалар үшін, отбасы балалар үшін, бәрі бәрі тек балалар үшін қызмет етуі керек, сонда өмір жетіле, көркейе, көлемдене, кеңи бермек, адамның адамдық қасиеті арта бермек.

Адам бақытты өмірін жақындата бермек. өмірдегі барлық мүмкіншілік өз қолымызда, тек ойланып, ақылмен шешу керек.

Ұстаздың міндеті: әр сабақта оқушының ой өрісін өздерінің пікірімен санаса отырып, негізгі мәселеге жетелеу. Қате пікірді айтты деп ұрсуға, ескертуге болмайды.қате пікірсіз нақтылы шындық туып көрген емес. Керемет дана ойшылдар да қателесіп барып түзелген, мұны ешқашан да ұмытуға болмайды.

Менің өзімнің қателесуім өзім үшін құт, ақылыңа келіп, сабырлық жасайсың, өзіңді өзің тежейсің.

Мен орыс оқулықтарының қазақ тіліне аударылған нұсқасынан оқып білім алған шәкіртпін. Орыс тілінен аударылған оқулықтар жаман жазылған деп айта алмаймын, қайта керемет ғылыми тілде, толық, жан жақты қамтылып, ұқыпты, үлгілі жазылған оқулық. Барлық пәндердің оқулықтары Ұлы Орыс халқының ұлттық сипатын сыйлауға, сүюге, дәріптеуге, құрметтеуге бағытталған саясат негізінде жазылған. Тек ұлы орыс халқы ғана барлық ұлттардың Одақтағы ағасы, қамқоршсы, барлық тарихтағы жақсылықтың бәрі тек орыс халқы арқылы келеді, одан оқып үйрену, тілін меңгеру борыш деп дәріптеді. Тарих оқулығында көбінесе орыс өмірі ғана айтылады, қазақтардың әйгілі хандары, қолбасшылары, билері тарих бетінен сырт қалды. Енді міне, өзіміз тәуелсіз мемлекет болғалы төл оқулықтарымыз шыға бастады, бұл үлкен қуаныш, ақыт. Тарихымыз қалпына келіп, ұлтымыз ұлт болып, тіліміз мемлекеттік болды. Жаңа оқулық шығаратындарға айтарым, мынаны ескерсе екен деймін: а) төл оқулығымызды ғылыми негізде жазып, орыс не басқа елдердің оқулықтарымен салыстыра отырып, оқулығымыз халықаралық деңгейге сай келсе деймін. ә) әдістемелікті, оқулық жазуды үлгі алатын Ресей оқулықтары екендігін ұмытуға болмайды. Ол оны көшіріп беру емес, негізгі ғылыми желісін, сөз көркемдігін, ықшамдығын осы Ресей оқулықтарынан алсақ, дұрыс болар деймін.

 Әрбір бес жылда өмір талап тілектеріне сай, мұғалімдердің пікірлерін, оқушылардың және ата аналардың сұраныстарын ескере отырып, жалпы халықаралық көзқарасты саралап, мектеп жұмысына нақтылы бағыт бағдар, мақсат белгілеп, оның орындалуына талдау жасап, әйгілі етіп отырған жөн. Меніңше, мектеп ұстаздары әр жыл сайын алпыс жетпіс пайыз өзгерістер болып тұруын қалайды, ал оқушылардың жетпіс сексен пайызы өзгерісті қалайды. Мұны мектеп басшыларының ескергені дұрыс.

Елімізде бес алты миллионнан кем емес мұғалімдер  бар шығар. Бұл қоғам үшін үлкен күш, рухани өсуіміздің кепілі, бұл шәкірттерге шын берілген «періштелер».
Бірақ осы «періштелердің» еңбек ақысы төмен ақ, қамқорлық сөз жүзінде, «періштені» маңдайынан сипап, арқасынан қағып, алдап ақ келеді.

Бала тыңдаушы ғана емес: сұраушы да, сынаушы да екендігін ескерген жөн.

Ертек айту, кітап оқу біздің кезімізде дәстүр болды. Себебі онда үйде телевизор жоқ, электр шамы жоқ еді. Қазір заман басқаша, жастарға сөгіс қойып, өкпелеуді тоқтату керек. әр заманның, дәуірдің, уақыт кезеңінің өз талап тілегі бар. Тәрбие сол талап тілекке сай қызмет етуге міндетті.

Дәстүрді бала емес, үлкендер бүлдіріп, өзгертіп жүр. Баланы тәрбиелеуден бұрын үлкенді тәрбиеге келтіру керек. Мұны істемесек, бос айғайдан басқа ештеме болмайды.

Ұстаз ең жеңіл, ең тиімді әдіспен баланы оқытудың жолын мәңгі іздеп келеді, әлі де іздей бермек. Оның жолы өзіңе сен, өзің оқытқан шәкіртіңе сен, сенімсіз ұстаз бола алмайсың.

Керемет симфонияны композитор жасамайды, мектептегі балалардың шаттық у шуы жасайды. Композитор  мектептен есейген жооқ па, сол у шуды жанның тебіренісіне айналдырып, бізді тәнті етеді.

Сабақтың әдістемесін меңгеру үшін пәнді терең білу керек.

Шәкіртті сыйлай білмесең, жүйелі білім бере алмайсың.

Байқаңыздаршы! Жас баланың ізденуінің, білуінің басталуы, әр заттың, әр ойыншықтың іші сыртын үңіле қарап, тіпті сындырып ашып көруге құмартады, сөйтіп олар дүние тануға өз жолын ашады, сондықтан бала ізденісіне тежеу жасамай, еркіне жіберу керек.

Методика -  адам сияқты уақытпен жарыса дамып, өсіп жетіліп, керекті жерден орынын табады.

Әр пәннің өзінің үні, дауысы, мәнері, рухани күші, қуаты бар, соны балаға жеткізе білу керек.

Нені болса да баяндауда мәнерлеу, әсерлеу мақсат, сонда шәкірт дүниесінде күшті сезім тудыра аласың.

Білмегеннен сұрау сұрағанша, қаламсабыңды үстелге соға бер, одан бұрын таныс емес дыбысқа душар боласың да, сол дыбыстың сырын білуге құштарланасың.

Қазіргі кейбір жас ұстаздарға «класты меңгере алмайсың» десең, - Маған басқа класс беріңізші,- дейді.

Тәжірибе - өмірдің тұрлаулы ұстазы.

Өмір игілігін білуге үйрететін - тәжірибе.

Бала ұқпағанын игере де алмайды.

Ұстаздың түсіндіріп беруі сүзгіден өткізіп беретін индикатор сияқты.

Ақыл-ой тәрбиесінде көрнекілік, шын қоғамдық бейне болмаса, оның анықталу аймағы құр долбар болмақ.

Әр сабақта шәкірттің ой-өрісін, дүние танымын дамытпаған ұстаздың жұмысы бөлімі нөлге жақын тұрған бөлшекке барабар.

Түсінгенге батыл айтам, түсінбегенге жасып айтам.

Сабақтың үштен екі бөлігі ойлау процесіне бөлінбесе, нәтиже аз, сондықтан әр сабақта оған мән берілуі қажет.

Көрнекілік кейбір ұстаздың сабақ жоспарында «үлкен плакат» деп жазылса, сабақта кітаптағы сурет болып қала береді-ау!

Ұстаздың кешірімпаз сезімін шәкірт қана түсінеді, шәкірттей сезімтал, сыншы жан жоқ.

Шәкірттің берген жауабына әр кез бір балл  артық қою керек, сонда ол жігерлене еркін өсіп, өз қабілетін дами түседі.

Оқытуды ғылыми-техникалық  дәрежеге көтеру арқылы білімнің сапасын арттыруға келешекте кең жол ашылады, сөйтіп біз көрмегенді жас ұрпақ іске
асырып, оқытудың жаңа жүйесін құрады.

Бригададан класқа, кластан кабинетке, енді қайта класқа көштік, келешекте неге көш  дер екен! Жаңа көшті жас ұрпақ өзі таңдап алсын.

Тәртіпсіздікті кім бастады деме, неден туды деген дұрыс, сонда оның себептерін дұрыс талдай аласын.

Әр шәкірттің сүйетін суреті, ойыны, бейнесі, қызықты ісі, көрікті ойы, таңқаларлық қиялы, арманы, жек көрушілік сезімі болады.Ол осыларды есейген сайын жетілдіре түседі. Ұстаздың міндеті өте нәзік сезіммен осыларды дамыта білуде.

Ең қызықты әңгіме іздесең баламен сөйлес, көп нәрсені білесің де, сезінесің де, қуанасың да.

Балаға қанша талап-тілек қойсаң, сонша рет бағалау да керек, себебі бала оны күтеді.

Баланы оқытпас бұрын, үлкенді оқыт, сонда бала өзі де талпынып бағады.

Дәлелді сөз педагогикалық әдіс те, құрал да.

Шәкірттің білмей қалғанына ұрыспа, қайта жігерлендір, ой ұшқынын тұтат, ұстаздықтың мәні сонда.

Мінезді тал шыбықтай сындыруға да, сымдай июге де, жіптей үзуге болады, бірақ бұл тәрбие жолы емес, сондықтан әр адамның табиғат берген мінезін нәзік сезімге бөлеп жетлдіре беру керек. Сайып келгенде тәрбиенің көздеген нысанасы да осы.

Жаңа сабақты түсіндіру міндет қана емес, борыш та, сондықтан оқи салындар деген әдісті тоқтатқан дұрыс.

Ойлау қабілеті әр шәкіртте әр түрлі, солай болады да, бола бермекші де, сондықтан ойлаудың жолдарын, сырлары мен қырларын көрсету керек.

Сабақ түсіндіру процесін қалай ойласаң, сұрау жолын да солай ойлау керек, себебі шәкірт сұрағына жауап бермеуі мүмкін.

Жақсы ұстаз болудан бұрын, талай талай өкінішті басыңнан өткізесің.

Саналы азаматтыққа тәрбиелеудің жолдары көп, бірақ өкінішке орай , сол жолдарға біреу түседі, біреу түспей-ақ өз сүрлеуімен кетеді, ол өмір шындығы.

Бір сарындылық сабақтың құтын кетіріп жібереді.

Класта отырған қырық баланың он бесі талантты десек, қателеспейміз, сондықтан оларды әр сабақта демеп, қосымша тапсырма беріп, күрделі ойларды
шешуге жетектеп отыру керек.

Әр ұстаз сабақ жүрісі кезінде орыны келіп қалған кезде ақылды сықақ, қалжың әзілдерді кеңінен қолдануы керек, шәкірттер әлбетте осыны ұнатады да аз-маз сергіп қалады.

Іс-іспен, ой-оймен, сөз-сөзбен үйлесімді айтылса, оқушыға жүйелі ұғым да, сапалы білім береді.

Ұстаз тарих көтеріп кеткен мәселелерді жаңаша түсіндіре білумен қатар, оның мәнің, сырын, сипатын жан жақты көрсетуге міндетті, сонда тарихи уақиғалар оқушы жадысында жақсы сақталады.

Сабақтың мақсаты төбе болып көрініп тұрмаса, берері мәз емес, әр сабақтың мақсатын айқындауда ерекше ойланған дұрыс.

Сабақ поэзия сияқты өрісі кең, шегі жоқ түсінік.

Әр ұстаздың сабақта өз поэзиясы, өз лирикасы бар.

Сабаққа талдау жасағанда «асыңқы» болсаң да, «басыңқы» болған жөн.

Сабақтың мезі болған күні кітап оқимын, жүмыс істеймін, сөйтіп өзімді зім сергітіп аламын.

Әр сабақты біріне бірі ұқсамайтын етіп жүргізу керек, тіпті сөздері де біріне бірі ұқсамайтын болсын, сонда мұғалім өзін шығармашылық, ізденушілік жолына
түсіре алады.

Сабақты талдағанда әділет таразысы көз алдында тұрғаны абзал, мұғалім қандай да болмасын қателік жіберсе, күрт шешім алмай, ақымен таразының екі басында теңестіру ойында болсын, сонда мұғалім сынды дұрыс қабылдай алады.

Жас кезімде сабақтан талай бармағымды тістеп шықтым, себебі көкейдегі негізгі ойды, сабақтың түйінің шәкіртке жеткізе алмадым.

Көбірек өкінсең, көбірек ойланасың, түбінде көздеген мақсатына жетесің.

Кейінгі кездерде тексеруді мектеп басшыларынан бастадық, себебі басшы қалай жұмыс істесе, қоластындағылар да солай істейді. Бұған қатардағылар ризашылық сезімін көрсеткен сияқты.

Әкесін оқытқанның баласын да оқытасың, сондықтан әкесіне сапалы білім, саналы сезімді түбегейлі беруге ұмтыл.

Сабақ формула қорытып, заң оқып, деректі жинаумен тынбасын,әлемді танумен тынсын.

Әр кез өз балалық шағынды еске ала жүрсең, баланы оқыту да, тәрбиелеу де жеңілдеңе түседі.

Сұрау сұрау оңай, жауап беру қиын.

Адамды тәртіпке күш жұмсап келтіре алмайсың, сондықтан күш жұмсаудан басқа жол ізде.

Класқа күліп кіріп, жадырап шық, бұл мұғалімдік белгі.

Тәжірибеде барлық дәрігерлер сырқаттанған адамнан ең алдымен сырқаттың қалай басталғанын, өзін қалай сезінетінін, ұйқысы мен тәбетінің қалай екендігін егжей-тегжейіне дейін сұрап біліп барып, ауырудың емін айтады, бұл әдіс өмірде кең қолданып етек жайған дәстүрге айналған, сондықтан дәрігерлердің бұл әдісін әр ұстаз өзінің күнделікті шәкірттерімен істейтін жұмысында пайдалана білген дұрыс.

Балаға білім бермес бұрын, оның нені білетінін, нені білмейтінін, нені меңгере алмай жүргенін біліп диагноз жасау керек, содан соң жаңа сабақты түсіндірудің сан қилы жолдарын ойластырып, мақсатқа жетудің жолын табу керек, сонда шәкірт мұғалім ойынан сырт қалмай жүре алады.

 Менің дәуірімнің педагогикасы оқығысы келгенді де, келмегенді де оқыт деп талап етті, біз оқыттық, әр оқушы әр түрлі деңгейде білім алды, солардың еңбексіз, өнерсіз қалғанын көргем жоқ, бірақ оқығысы келгендер сапалы да, саналы да білім алды, ал оқығысы келмегендер жалпы мағлұмат алып шықты, ол да олар үшін үлкен өсу жолы еді. Жалпыға бірдей білім берудің қажеттілігі осында, толық болмаса да, әр ұғымнан мағылұматты болады. Жалпы орта білім қажетті-ақ.

 Оқушының түсінігіне қонымды математика, оны бастауыш сынып мұғалімдері жақсы біледі.

 Ұстаз шәкіртке жазу мен оқуды ғана үйретпейді, қоғам талабына байланысты бейімделуді де үйретеді.

 Біз «жаңа методика, жаңа методика» деп жүріп. ғасыр жасаған жақсы методикалардан айырылып қалмайық, ескісіз жаңа болмайтынын да ескерген дұрыс па деймін?

 Методика ойымызбен, ісімізбен, әрекетімізбен, сөзімізбен үздіксіз қабаттаса жүретініне мән бермей жүрміз, методика әр өнерде, әр жұмыста керек екендігін ұмытпау керек.

 Өз өнеріңнің, кәсібінің методикасын жетілдіре беруге талпынып жүр.

 Баланы оқытқанда бұл сенің бұрыннан білетінің, естігенің, көргенің деп
түсіндір, сонда ол ойланып, есіне түсіріп толғана бастайды да, тыңдауға ниет қылады. Баланы жетелей жүріп, жібіңді босата бер, өз шабысын өзі табады.

 Қазақ халқы кемшілікті оспақпен, бір нәрсемен салыстыра, бейнелей, әсерлеп айтады, қандай үйренетін даналық әдіс.

  «Бір ескерттім, екі ескерттім, үш ескерттім, төртіншіде тоңқайтам»— депті молла шәкіртіне. Тәртіп бұзған шәкіртті молла тоңқайтып қойып, майлы құйрыққа жас шыбықпен ұрады екен. Соғып тәртіпке шақыру моллалардың методикасы, ол ұстаздар үшін жат методика. Ұстаздың методикасы ғылымға негізделген.      

 Бастауыш сыныпта бірінші күннен бастап мынаны шәкірттен талап ете үйрету керек:
а)     мақамымен оқытуға;
ә) тез санап, қосу мен алуға;
б)     сұлу жазуға.
 Үйренгенді үйрету артық. Әрекет тек тапсырма бер, өз ойын, өз пікірін тұжырымдасын.

 Ақылды кәміл адамдарды тәрбиелеу, мектептің ғана үлесіне тиген жүк емес, ата-анамен бірігіп көтеретін жүк.

 Сабақтың тақырыбын оқып ізденген сайын, оның мәні ашылып, мазмұны кеңейе түседі. Ізденіс үстіне ізденіс табысқа жеткізеді. Іздену арқылы бақытыңды табасың, көрмесең де көргендей сезініп қызмет істе.

 Баланы нәуетек етіп тәрбиелеуге ешқашан да жол бермей, еңбекке, іске үйрету керек, ол оның келешегі үшін өте қажет. Нәуетек бойжеткен кез-келген отбасына сыю-сыймауы екіталай болмақ. Бойжеткендерге ерекше көңіл бөлінуі керек.

 Әр қиынның жеңіл жолы бар, соны іздеп, таба білуге үйрен, біз болсақ, қиынға бет бұра беруге үйренгенбіз.

 Оқыту арқылы баланы тәрбиелеген дұрыс, бірақ өз іс-әрекетіне жауап бере алатын қасиетті жас кезінен қалыптастыруға ерекше мән бермей келдік, білімі болса өзі түсінеді деп, бұл үлкендердің жіберген қателігі еді.

 Күнде оқып ізденуді дағдыға айналдыр. Онда күн сайын құмарлығың арта түседі. Сені тоқтатар сыртқы күш болмайды.

 Шәкірттің ой-өрісінің емін-еркін дамуына кең жол берілуі керек, ол өз қалауынша оқып, өз қалауынша жазып, ұстаздың тежеуіне кездеспеуі керек, сонда ол өмірден шын білім алып шығады.

 Оқып көру жеткіліксіз, үздіксіз ойлану да керек.

 Құмарпаздық сезімің дамымай, талантқа қол соза алмайсың. Құмарпаздыққа жастай талпынып, сезіміңді оята біл. Құмарпаздық бала үшін ауа мен судай керек.
Құмарпаздық дамымай, жақсы маман, аскан зергер, жезтаңдай әнші, атақты спортшы бола алмайсың.

 Жастай баланың қолын қақпай, құмарлығын дамыта беріндер.

 Құмарлыктың түбінде жаңа ой, тың іс, ашылмаған сыр жатыр.

 Жаңа сабағың өткен сабақтың жалғасы ғана емес, ол жаңа ой, жаңа сезім, жаңа қызығушылык және құмарлық тудыратындай сабақтасуы керек.

 Әр сабақка әр түрлі ой-толғаумен мақсат қоя кірмесең, нәтижесі айтарлыктай табыс бермейді.

 Бір ритмде сабақ жүргізбе, өзің де, оқушың да ыждақат ала алмайсың.

 Өзің іштей толғанып толықсынбай сабаққа барып керегі жоқ, себебі оқушының ішкі сезімін оятатын ештеңе бере алмайсың.

 Өмірден оку дегеніміз тәжірибені меңгеру, сезіну, түйіс түйу, бақылау, өзіңе керегіңді ала білуде.

Сөз барлык пәнді түсіндірудің жетілген әдісі, баска әдістердің бәрі оның қосымшасы.

 Балаға білім беру үшін:
а)    оқулықтағыны қайталап айтып берме, өз білгеніңді, өз ойыңды, өз пікіріңді, өз сезіміңді айт;
ә) кітаптағы 1 білімді түсіндіргенде, өзіңде де жаңа пікір туа білуі шарт, онсыз сабағың түкке де тұрмайды;
б)    ғылыми үғымды, тарихи мәселелерді, қоғам заңдарын, табиғат заңдарын тұжырымдамастан бұрын,  соған жетелеп әкелетін нақтылы деректерді тап, оқушыны соған жетеле, содан соң оқушыны қатыстыра, ойыңды тұжырымдауға кіріс.
в)      бір сөз, бір пікір, бір ой, бір ұсыныс болса да баланы өз ойыңның жетегіне ала біл, сонда мақсатың айқындала түседі;
г)      шәкірт сабақта сеннен оқшау қалса, бар кемшілік өз басыңда;
д)      нағыз ұстаз болу ғалым болудан он есе қиын.

«Барлық оқушы бірдей» деген қағида мұғалімді де, оқушыны да адастыру, мұны дұрыс дей берсек, Абай да, Мұхтар да, Олжас та, Дінмұхамет те, Нұрсұлтан да боламын деп өсетін, талпынатын жас ұландарды табу қиынға түседі. Әр оқушының өз ерекшелігі, өз артықшылығы, өз кемшілігі бар.

Мен көп шәкіртті оқыттым, олар да мені оқытты, мені көп оқытты, білем.

Сабақ өткізгенде оқушылардың мінез-құлқына, іс-әрекетіне сай, әр түрлі әдістерді қолдануға мәжбүр боласың, бірақ оны оқушы аңғармауы керек, сол үшін мұғалімге өз ісіңді жетік біл дейміз.

Мұғалім әр оқушының пікірін біліп, сөзін тыңдап, ұсынысын қабылдап отыруға міндетті, себебі өзіңді үйретуші екеніңді ұмытпа, үйретуші тыңдаушыда.

 Білім берудің құпиясын шеберлікпен меңгеру жаңалық ашқанмен тең.

Мұғалім білім беруде қателеспеуі заң, ал білім берудің әдісінен қателесе беруі қажеттілік.

 Баланы ойлаудың әдіс-тәсіліне үйрету керек, ойды жүйелеуге жаттықтыру керек.

 Мектепті жауып тастау бір ақ минуттік жұмыс, кайта ашуға жылдар керек, сондықтан асығыс істі, шешімді мектеп жұмысы көтермейді.

 Білім бере тәрбиелеу ең жетік әдістің бірі, үйреніңдер!

 Компьютерлік оқыту заман талабы, бұл оқу жүйесіне енген жаңа ғылыми жетістік, оны меңгеру әр пән мұғалімі үшін қажетті міндет. Келешек мектептерде компьютерлік оқыту жүйесі жетекші роль атқаратынына сенім мол, бұл жүйенің берері көп-ақ! Оқытудың компьютерлік жүйесі ғылымды меңгерудің ең тиімді жолы. Бұл мұғалімнің де, оқушының да жұмысын жеңілдетеді.

Мұғалім үшін әр пәннің ғылыми жаңалығын екі-үш жылда бір шығарып отырса, оқулықтың да өмірі ұзарар еді, экономикалық жағынан ұтар да едік.

Мұғалім жүрегімен де, сөзімен де сұлу, ерекше адамдар.

Оқу бағдарламаларын, оқулықтарды жиі-жиі өзгерте беру жақсы нәтижеге әкелмейді, тұрақтылық қана білім негізін сақтайды, сондықтан шәкіртке  сапалы білім беру үшін оқулық пен бағдарлама тұрақты болсын, әйтпесе білімсіз адамдар дайындайтын боламыз.

Оқу да, оқыту да адам өмірінің ұмытылмас кезеңі, қайталанбас қызығы мен бақыты.

Одақ кезінде естуші едім: «Әр жылдың әр күнінде педагогикалық тақырыпта диссертация қорғалды», деп, сонда жетпіс жылда шамамен жиырма бес мыңнан астам педагогикалық тақырыпта диссертация қорғалыпты! Біз осыншама жаңалықтың мыңын білеміз бе деген сұрау келеді? Менше, білмейміз!Бала тәрбиелеуде, оқытуда ұстаз үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Педагогика адаммен бірге өсіп, бірге дамитын ғаламат ғылымның бір саласы. Педагог болмаған тарихта жоқ, бәрі ұстаздық еткен.

Жас ұрпақ, ұстаздық жолдың сүрлеуін тауып, беріліп жұмыс істе, алда өшпес
шырағың жанып тұр!.

Талай ғасырдан бері, тіпті қазір де, мұғалімнің әр сабақтағы мақсаты шәкірттің ойлау қабілетін дамыту болады, келешекте де олай бола бермек, себебі ақыл ойды дамытпаған сабақты мақсатқа жетті деп айтуға болмайды. Сабаққа жоспарсыз кіруге болмайды, себебі «бір тақырыптың» өзің әр жыл әр түрлі түсіндіреді, жаңа ұғыммен толықтырады, жаңа көзқарас пайда болады.Әр тақырыпта оқушы білмейтін сыр болады.

Шәкірттің талабын біліп, оны дамыту ұстаздың меншігіне тиген. Оқушыны талантты ету, оны бақытты етумен бірдей. Шәкіртті мақсатына жеткенше жетелеп, содан соң қоя беру керек, ар жағын өзі анықтайды.

Мұғалім тақырыптағы деректерді, уақиғаларды сұрап қана қоймайды, өз пікірін жасқанбай айтуға, ғылыми негізде ойды түйіндеуге , зерттеуге үйретеді, бұған дағдыланған оқушыдан білімді азаматты күтуге болады.Дұрыс білім бермей, талантты шәкірт дайындауға болмайды, сондықтан мұғалім күнде оқып, күнде ізденуі керек, сонда ол мұғалімнің еңбегі де нәтижелі болады.

Шар өңіріңде ақындар, ғалымдар, әртістер, әншілер, еңбегі елімізге әйгілі адамдар жетерлік, бірақ бірін бірі басқан сияқты, таныстырып, әйгілеп жазбайды, осымен шұғылданып жүрген мұғалім Хасенов Е. бар, оған табыс тілеймін!

Келешектің мектебі бүгінгі мектептің іргетасынан тұрады, ендеше жаңа педагогикалық кадрлар да бұрынғы кадрлардың жетекшілігімен қалыптасқанын ұмытуға болмайды, «ескісіз жаңа жоқ» деген рас.

Мұғалім неғұрлым көп оқып, көп ізденіп, білімін үздіксіз көтеру жолында болса, ондай мұғалім мектепте шығармашылық жұмыс істейтіні ақиқат. Білімді, зиялы, өркениетті, ісіне шын берілген мұғалімді әр кез көтермелеп, демек, дер кезінде тиісті бағасын беріп айтқан өте дұрыс, онда мұғалімнің өзіне сенімі артып, еңбегі алға баса береді.

Еш уақытта ойланбай «жаңа әдіс» таптым деме, қай әдісті болмасын, жүйелі, көңілге қонымды, тартымды, нәтижелі іс шығару үшін қолданғаныңды айт, нәтижесін айт, сонда ол сенің «жаңа» әдісің болады. Ескі әдісті жетіліріп, өз ісіңде шеберлікпен қолдаңсаң, нәтижелі қорытынды шығарсаң өзің де, басқа да қуанышқа бөленеді. «Ізденген жетер мұратқа» деген нақыл жас мұғалім үшін қажымай талмай еңбек етуге жетелейтін жұбаныш сөз.

Қандай реформа болмасын, бұрынғы бар негізге сүйенеді.Мектеп реформасының негізгі мақсаты ең тиімді, ең қажетті талап тілекттерді қамтып, жалпы оқу жасындағы баланы оқуға тарту, бірде бір бала оқудан сырт қалмауы керек.Ал оны қалай жүзеге асырудың тәсілдері бар, оны шешу басқа мәселе.

Мұғалімнің еңбек ақысы туралы сөз социализмде де, капитализмде де күн тәртібінен түскен емес, бірақ ешқашан да көңілдегідей шешімін көрген емес. Бұл туралы менің айтарым, мұғалімнің еңбек ақысы жеті адамға жетерлік мөлшерде тағайындалуы керек.Кедей мұғалімнің қазір жағдайы айтарлықтай емес екендігі бәрімізге мәлім, ондай ұстаздың шәкірті де кедей болып қалуы ғажап емес.

Мұғалім сабаққа көрікті киініп келуі қалыпты жағдай деп есептеу керек, ұстаздар кәрі жас болып киінбейді, өмір талабына сай, аз маз аса киінуі қажет. Сондықтан
мұғалім жалақысын жетерліктей беру керек.

Адалдықтың да, ақылдылықтың да негізі — тәрбиеде.

Есті де, есер де, епті де — тәрбиенің қортындысынан туады.

Мектеп бұзылмайтын ұя.

Бірде бір бала жәбір көрмейтін оқу орнын қуаныш ордасы дер едім

Шәкірттерге ақындардың өлеңін көбірек жаттатыру керек, сонда ол табиғатты да, Отанды да құрметтей біледі.

Ұстазды ардақтамаған мемлекеттің саясаты ел. арасында рухани күшке айналмайды.

Мұғалім мемлекеттің көзі де, қолы да, жүрер; аяғы да болып келеді, келе береді де.

Мектебі мен мұғалімі көп мемлекет өзіне берік ірге тас қалап жатыр деуге толық ауыз барады.

Кездескен сайын сәлемдесесің, жаңа ғана сәлемдесіп едік, депті ұстаз.       
Жақсы адамға кездескен сайын сәлем бергім келеді, депті шәкірт.

Жақсы шәкірт болуың үшін, кітап саған билік жасамасын, сен кітапқа билік жаса, сонда сен даму жлына түскеніңді сезінесің.

Мұғалім оқушысын көрмей-ақ, дауысынан танып, аты жөнін айтады.

Адамгершіліктің жұмағы — мұғалімдер.

Бала саны аз бастауыш ауыл мектептерінде ұзартылған күн тобын ұйымдастыру қажеттілік,онда балабақша жоқ, сондықтан ұзартылған күн тобына барлық баланы жинап, тіл дамытуды үйрету керек

Ұстаз шәкірттің берген жауабын жаңалық деп қабылдасын, сонда шәкірт оқу- ізденуге талпына береді.

Шәкіртті жете білген оқытады, жетік білген – үйретеді.

Ұстаздарға айтарым: бала тәртіпсіздік көрсетіп, сабақта кедергі жасаса, «директорға, завучке апарамын» деп баланы қорқытпа. Апара қалғанда одан бір нәтиже шыға ма? Оны да ойластырған жөн. Егер бала олардан мәнді ештеңе алмаса, соңынан өзіңді күлкі ететінін күні бұрын білуің керек.

Ұстаздың жүрегінің 99%- ті қайрымдылыққа толы жандар.

7 комментариев:

  1. Бұл қай ұстаздың жазбалары болды екен? Бүйімбаев емес пе?

    ОтветитьУдалить
  2. Иә, бұл блогтағы барлық жазбалар Бүйімбаев Мағжан Биғозыұлының жазбалары.

    ОтветитьУдалить
    Ответы
    1. ұстаз туралы мақал мәтел керек еди тауып бересизбе:

      Удалить
  3. керемет ойлар, ғажап сөздер

    ОтветитьУдалить
  4. Айгүл Кожагулова16 октября 2015 г. в 22:30

    Шынайы ұстаздың сөзі

    ОтветитьУдалить
  5. алтын создер

    ОтветитьУдалить