вторник, 3 апреля 2012 г.

Табиғат туралы


Күн Жерге табынбас болар.

Жаны барлар мінезін біртіндеп көрсетеді, бұл табиғаттың ғажап көрсеткіші.

Тіршілікте жерден шырын, жерден сәуле ала біліңдер.

Жер шарын бәріміз жүріп өте алмаймыз, оймен өте аламыз, ол деген сөз - алтын бесігің, жердің ғажайып қасиеттерін ашып, тіршілікке пайдалан деген сөз.

Келешекте ауаны да сатамыз, ыдысыңды дайындай бер.

Таза су - аққан бұлақта, рухани байлық - кітапта.

Тіршілік Жер ғаламшарында ғана емес, басқа ғаламшарларда да бар дейді ғылым, бірақ тіршілік формасы белгісіз, оны шешу жастар үлесі.

Егер жануарлар әлемі сөйлесе, біз ұяттан бетімізді жабар едік.

Ошақсыз үйдің құты жоқ,
Бұлақты таудың жұты жоқ.

Табиғаттағы және қоғамдағы кейбір құбылыстар мен уақиғалар сана сезіміміз бен ойымыздың қозғаушы күшіне айналады.

Күннен - нұр, әлемнен - сыр ала біл.

Тіршілік - еркіндік, еркіндік - тіршілік, екеуі ауа мен судай қажет-ақ.

Қазақ даласы ғажайып кең, ендеше оның берері көп-ақ.

Табиғат шексіз, өмір шектеулі, сондықтан оны дұрыс құруға күнделікті талпыну керек.

Табиғат мінсіз таза, мін бізде ғана.

Әр адамның табиғатта да, қоғамда да орны бар, оны біреуі ерте, біреуі кеш табады.

Күн мен түн, ақ пен қара, өлім мен өмір, бақыт пен қырсық, дос пен қас егіз туғандар, бірінсіз бірінсіз күні жоқ.

Жерде жоқ, ғарышта бар, талпынған соны алар.

Мың бастағыны бір басқа сыйдырады, міне табиғаттың жомарттығы, табиғат дананы береді, дананы өзі қайта алады.

Жарық - өмір беруші, қараңғы - оны құртушы, бұл екеуі өмір бақи алмасып келеді, жеңуші де, жеңілуші де жоқ, болмағаны да дұрыс.

Ойланған адамға Жер шары түймедей-ақ жарық нәрсе.

Жерге жері, Күнге ері, сонда жер көп өнім береді.

Адам адам болғалы ұлы табиғаттан үйреніп келеді, әлі де үйрене бермек, табиғатқа күш көрсетпе, ол тәккапарлық.

Табиғатты сүйем десең, өз жанындай қорғай біл.

Талғампаздықты біз табиғаттан үйрендік.

Біз құдіреттілікті ойлап тапқанымыз жоқ, оны табиғат көрсетіп жүр.

Табиғатта өсетін, мал жемейтін шөпті адам жейді, ендеше жер бетіндегі барлық өсімдік атаулы тіршілік үшін қажет, зерттеп біл, пайдасын тап.

Табиғат тозады, озады, ауырады, жүдейді, оған кінәлі тек адам, ал кінәліні
табиғат жазалайды, оның үкімі келешекте, әлі жазылып жатыр.

Жиырмасыншы ғасырдың аяғына дейін адам табиғатқа бірден-бір қарсы тұратын күш болып келді, бұл үлкен қателік еді. Сондықтан келешек ұрпақ, саған айтарым: табиғатқа табын, сыйла, өбіс, қамқорлыққа ал.

Ғалымдар әркез табиғатқа борышты, себебі ғылыми жаңалықты тарту еткен табиғат.

Жер қадірің білсең, суғара біл, ел қадірің білсең, сыйлай біл.

Табиғатқа ыстық болып келіп, суынып кетесің.

Орасан зор күш атомның атомында әлі-ақ игілігін көресің, дайындала бер.

Тазалық пен мөлдірлік тек бастаудың көзінде, оны қанып ішіңдер.

Жерді шамамыздың келгенінше бүлдіріп-ақ жатырмыз, тіпті адамның шамасы келсе төртке бөліп жіберуге де бармыз, бірақ жер бәріне де көнеді, ана мінезді кешірімпаз-ақ, сондықтан да Жер — ана, ана— Жер дейміз.

Егер Жерден басқа тұрмыстық ғаламшар табылса, Жерді мәңгілік мұражайға қояр едім.

 Әлемдегі бар барлық тіршілік атаулы Жерге табынсын, себебі Жер тіршіліктің қайнар көзі, сондықтан оны жүдетпей күтіп ұстауға әр адам борыштымын деп санасын.

Біз жерді сыртынан да, ішінен де жеп, жіліктей мұжып жатырмыз. Ендеше оған қамқорлық жасай біліңдер. Себебі таусылмайтын тағам жоқ, ертең-ақ жетпей жүруі ғажап емес, жерді құрметте, ардақта!

Жер мен Ай, ағалы-інілі сияқты, бірінің-бірінсіз күні жоқ. Егер бірін-бірі тастап кетсе, тіршілік жойылып кетуі ғажап емес, ал осы екеуінің әкесі де, шешесі де Күн, сондықтан күнге өмірбақи табынып өтсең, ешбір күнәға батпайсың.

Табиғатпен ойнама, түзетілмес өкінішке кез боласың.

 Су - табиғаттың қаны, оны ластауға болмайды.

 Табиғаттың адамға сыйлаған жомарттылығында шек жоқ, мысалы біздің миымыздың табиғаты керемет, өзіміз шектеп жүрміз, әйтпесе талай-талай табиғаттың сырларын ашар едік.

 Адам табиғатты жасау үшін келген жоқ, құрту үшін келді, сондықтан адамдар ісіне тежеу қоятын халықаралық заң қажет.

 Адам қанша жасаса, сонша жояды.

 Құмнан көл, көлден шөл шығарып жатырмыз, ақырын күтсең,  кеш болады.

 Адам табиғаттан асқан сұлулық жасай алмайды, тек өмірбақи содан үйреніп,
 сабақ алып талаптанып жатады, сүйтіп өзін ұлы табиғатқа жақындатады.

 Жерден жомарт, сұлу, сиқырлы-сырлы ешбір ғаламшар жоқ. Шолпан мен  
 Марс жерге ғашық, құм ғаламшарлар, олар да Жерге тартылып келгісі келіп  
 тамашалайды, тіпті Жерге жақындайды да.

 Жердің әр шаршы метрін баптан күте білуге  адамды тәрбиелей де, талап ете
 де білуге үйрету керек.

 Жерді қамқорлыққа алмасақ, тіршілік, келешек жарқын деп айту жалған.

 Күннің шығуы мен батуы тіршілікке мән береді, әрі өлшеулі өмірді сездіре
 ме деймін?

 Таң — күннің сіңлісі, Түн — күннің апайы.

Табиғатта өзгермейтін тұрақты шамалар бар: Күн жүйесі, ғаламшарлар қозғалысы, Күн мен түннің ауысуы, жердің өз осінен айналу периоды, осы сияқты Құбылыс адамдарда да бар, ол ұлының ұлылығы, заман өзгерсе де тұрақты болып қалады.

Тастан шыққан бұлақ тұщы, әркім ішуге құмартады.

Жер шектеулі домалақ жұмыртқадай, тек аспан шексіз, аспан үшін

Жер бір қозғалыста жүрген молекула сияқты.

Жер, су, ауа — өміріміздің таразысы, сондықтан өз ар-ұятындай таза сақтауға талпын.

Аяз үш қысса, боран үш бүрсе, ойланбай жолға шығуды қоярсын.

Аңдар жыласа, аңшы оқ атар ма екен?

Жер мен ай кіндіктес, Аға мен іні кіндіктес.

Ақ жауын — ақ ырыс.

Боз жаңбырда жер еміренеді де мал қоңалады.

Сырғақ жаумай тары көже сұрама.

Қылаулап жауған қар әр тесіктен өтеді.

Қиыршық қар жауды дегенше, кристал жауды десеңші.

Күртік қарсыз көк шықпас.

Қасат қар мамырга дейін жатса, жер ұйқыда деп айта бер.

Омбы қарда жолға шықпа, барар ауылың қашықтайды.

Жасымда, ақша бұлтқа көгалда жатып көп-көп қарап, әртүрлі ойға шомылушы едім. Кейде соны осы күнге дейін аңсаймын. Көшіп бара жатқан ақша бұлт маған бір үлкен керуендер тобы кетіп бара жатқандай көрінетін.

Қара бұлттай ауыр неме екен дейді кейде қазақтар, ендеше қара бұлт қорғасындай ауыр бұлт, қоюланып түнерген бұлт, еш пәнденің төбесіне ол қонбасын деймін.

Түлкі де сасқанда ініне жүгіреді, жер бәрімізді кұшағына алады.

Жерді емсең тоярсың, ұрлығыңды қоярсың.

Жерде әлемнің барлық түсі бар, ғажап сұлу.

Қыс талай асауды жіпсіз байлағанын ұмытпа.

Тасын жарсаң — алтын бар,
Көдесін шапсаң — малың бар,
Жұлып алсаң — дәні бар,
Жер сырын елге айта бар.

Жерді ардақта, жемін сонда, тер төгіп, теріп ал.

Жер жаман емес, оны басып жүрген біз жаман.

Жер мен суға болсаң дос, Тастамас құр бостан-бос.

Жазда Күн тау үстінде, қыста тау астында, астығыңды қаптап таста.

Атамекеніңді сақтағың келсе, мінген атыңды  жат  елде бағып күт.

Кімге болса да айтарым: жан-жағыңды торуға, жер бедерін білуге, бағдарлау мен бақылауға жастарды ерте үйрету керек. Саялы ағаштары мол жазық деп алданба, «теребинттер жазығы» болып жүрмесін.

Табиғат бізді жасады, біз оны өлтіріп жатырмыз, XXI ғасырдың соңында жер бетінде көл қала ма, көр қала ма? Осы біздің жеңісіміздің нәтижесі ме?

Біздің кең даламыздың өзі мал қайдалап тұр. Қазақ малмен қазақ! Дала үнін ұға біл.

Шөптен ет те, сүт те, у да дайындалады, табиғаттың керемет жомарттығы осында, табиғатқа сиын, сыйла, ардақта да тәжім ет.

Дүние тірегі — адам.

Шұрат жер — жұмақтың төрі, күнде көріп отырып жүрсің. Қазақ жері оған бай-ақ, пайдалана білудің тиімді жолын табыңдар.

Тауға ақылды болып та, ақымақ болып та шығасың, себебі оған бәрі ынтық, ал шыққандағы мақсатын өздері де білмейді.

Таудың басында да тіршілік бар, бірақта сайын саялап, етегін жайла, тоғайын панала, суын сусында, сонда сан қилы тіршіліктің түрін көресің.

Жерге ащы терің тамбаса, оның берері жоқ.

Қазақ жерінің табиғаты қатаң, алты ай табан тіреген қыс болады. Осы жер бізді төзімділікке, шыдамдылыққа ойымызды жүйелеп, мінезімізді тұрақтандырып, қолымызды еңбекке бейімдеп шыңдап тәрбиелеп келеді, біз расында да жасампаз, жайдары халықпыз. Ашулансақ — аяздаймыз, көңілденсек — самалдаймыз.

Алты ай қыс еліміз үшін — құт, басқа ел үшін — жұт.

Біздің елдің тауы да, қыраты да, жазығы да, ойы да қазба байлықтарына толып тұр, алудың жолын тап та, еліңнің игілігіне айналдыр.

Судың тазалығы күн сәулесінің тазалығындай болсын.

Әлем қандай шексіз болса, адамдар ашатын жаңалық та сондай шексіз, әр адам өз жаңалығын аша білуге үйренсін.

Адамдардың жерде туып-өсуінен асқан бақыт жоқ. Жер-ананы жасарта беріңдер.

Табиғат пен өз табиғатың үйлесімді, өлшемдес болғанда ғана табиғаттан үйренуге болады.

Табиғат құбылысы мен заңдылығынан адам өмірін бөліп қарауға болмайды, бұлар тұтас бірақ әлем.

Жер бетіндегі барлық тіршілік атаулыны тудырушы тартылыс күші, ол жойылса бәріміз де жойыламыз.

Табиғат жаратылысында жұптан тұрады, жеке дара тақ құбылыс жоқ: күн—түн, өмір—өлім, Адам — Хайуа ана, электр өрісі — магнит өрісі, ыстық — суық т. т. с. с.

Біздің тұла бойымыз толған энергия. соны пайдаланудың жолын табу ғылымның үлесіне тиген. Оның сырын ашып, сипатын тауып қолданатын сәт алыс емес. Адам алып күштің де, жойқын энергияның да қайнар көзі және қоры.

Теңізді жүйелі меңгеріңдер, онда байлықтың таусылмас ордасы бар.

Табиғат үнемі адамды үйретуде, бірақ оны біреулер сезінеді, қайсыбірі сезінбейді, сүйтіп, әртүрлі өмір азабын шегеді.

Табиғатта адамзаттан күшті жоқ, себебі ол «бүкіл әлемдік тартылыс күшін» де жеңіп, ғарышты шарлап кетті. Басқа галактикаға баратын да осы адамзат ұрпағы.

Нан мен ауа, су мен от  бірге туысқан, бірінің бірінсіз күні жоқ.

Қазір табиғат та бұзыла бастаған: қантарда жаңбыр жауып, ақпанда қар ериди.
Құбылмалы табиғат, «бұл полигонның нәтижесі» деп үлкендер сөз етіп отыратын.
Рас өтірігін ғылымпаздар дәлелдеп айта жатар. Бірақ осы табиғи құбылыс шаруашылыққа кері әсерін тигізіп ақ жатыр.

Сарқырама тұщы су таудан құлап далаға барады, дана далада туып, қалаға барады.

Қазақтың сар даласы «қазақ,қазақ» деп ән салып тұрғандай ма? Маған солай естіледі.Қазақ сары даласынсыз қазақ бола алмайды. Сары дала, қара бала деп қазақ өсіп өніп келеді. Сары даламыз ұлы данамыз.

Сары даланың малы да, наны да, кені де, махаббаты да. Қасіреті де бар, сондықтан еңбек етудің жолы мен әдісін біл.

Жер жүзін әртүрлі бунақдене қаптаса, адамға, жан жануар дүниесіне үлкен кесел келгені деп түсіну керек. Біз оны болдырмас үшін табиғатты мөп мөлдір таза ұстауымыз керек. Сондықтан қазірден бастап іс әрекетке жаппай бір кісідей кірісуіміз қажет.

Жеріміз көделі, жусанды, ащылы тұщылы, қияқты, шилі, қарағанды тобылғылы келеді. Бұлар малға құт пен сүт береді.

Шіркін, кең даланың шабындығын шабу, жинау, егінің орау романтикаға тұнып тұрған еңбек еді ғой, тек ән салып, бірігіп бір кісідей жұмыс істесе.

Тірі ағзаның әрбір нүктесінде сыртқы қауіпті күштерден қорғану өрісі болады. Біз оны сезбейміз, бірақ ол өз функциясын бізден тәуелсіз болып іске асыра береді.
Мұны ағзаның өзін өзі қорғау заңы дер едім.

Газеттердің бетінде екі мыңыншы жылдың бесінші мамырында барлық біз білетін Ғаламшарлар бір түзудің бойына келеді деп жазды. Бұл құбылыс әр жиырма жылда бір қайталанып отырады, ендеше екі мың жиырмасыншы жылы тағы болады. Ғаламшарлардың осы ғажап заңдылығы, керемет көрінісі, сап түзеп әскерше тұруы біз үшін ұлы уақиға, керемет құбылыс.

Дала тауға жетем дейді, тау көкке  жетем дейді, ақырында біріне бірі қарап өмір кешеді, озған да, қалған да ешкім жоқ, тек үміт қана бәрінен жоғары қалықтап кешіп барады, әлі ешкім білмейді. әйтеуір, орындалмас үмітке ынтық болып келеміз, келеміз!

Біз кеңістіктің өмірбақилық тұтқындарымыз, ол бізді сфера сияқты қоршап алған, одан бөлініп кете алмай жүрдік, бірақ ХХ ғасыр ортасынан ауа біз біртіндеп бұл тұтқыннан шығып, құлашымызды ғарышқа сермедік. әлі басқа да ғаламшарларға барып сайрандау алыс емес! Адам жүрген жерде жоқты бар етеді.

ХХІ ғасыр жұлдызаралық және ғарышаралық өмір сүрудің жолын көрсететін ғасыр болмақ. Оған сеніп, ғылыммен терең шұғылдану керек, әлі талай ғаламат, ғажап құпиялар ашылмай жатыр, жас жеткіншек ол сенің үлесің! өз үлестеріңді өздерің тауып алуға талпыныңдар!

Оң бактерия тіршілік, теріс бактерия өлім. Терістен онның бірі ғана артық.

Өз табиғатыңда болмағанды табиғат тарту етпейді.

Бүкіл тірі, өлі табиғат симметриядан түрады.

Ғалам мәңгілік тұңғиық, біз ол тұңғиықта бойлап та, ойлап та жүрміз.

Жерге ғасыр өткен сайын үлкен кометалар жақындау да, бұл күн галактикасында тартылыс күшінің не көбеюі, не азаюы ма деп білемін, ойланып көріңдер?!

2 комментария: