вторник, 3 апреля 2012 г.

Нарықтық экономикада туған ойлар



Жастай тапқаныңды екі еселеуге талпын, сонда басқаға артығын бере аласың.

Ақша табуға ес кірген баладан еңкейген шалға дейін талпыну керек, себебі ақша тірліктің өзінен алыс та емес, жақын да емес, дәл өзі.

Жарық дүниеге келген соң барлық түсті пайдалана білуге үйрен, ақ жарық тіршілік.

Пайда түспесе саудагер диуана болып кетуге дайын.

Темірді кемірген, алтынды жұта салады, бақылау қой.

 Қажеттілік шыр етіп түскеннен басталады да,өле өлгенше өсе береді, оның төбесіне ешкім де шыққан жоқ.

Шотты әркім қағады, бірақ саудагер бола алмайды.

Ақшалы батылдана, ақшасыз тартына сөйлейді, ақша тілсізге тіл шығарады. Кім ақшалы болса, сол ақылды да болды, кресің де кнесің.

Сұрап келген, сеніп келген.

Сұрағанынды бермеген, өзі сұрап көрмеген.

Сұрап келдім дегенше, жылап келдім десеңші.

Барды базарла, жоқты базардан ізде.

Бартер келді барынды ал, ертеңге не қалдыны да ойла.

Бартер екі есеге берсе, төрт есе қайтарады.

Бартерге кеткенің, әкелем деп кеткенің.

Алыпсатарлар халықты ғана емес, мемлекетті де күйзелтеді, сондықтан шектеу қойып отыру керек.

Ұсақ сауда өнім бермейді, өндіріс өспейді, ендеше сағым қуа беруге болады.

Өсіп өну үшін шеге мен ине болса да өндіру керек, сонда жағдай жақсара түседі.

Нарыққа берілген адам, құдықтың түбіндегітиынды көреді.

Нарықтық экономика мысық пен ит сияқты, сылап сипауды ұнатады және аузын аша береді.

Бартер, бартер, ақыры ары тұр дейтін сәт алыс емес.

Нарық қылдай жіңішке жіп, аяусыз тарта беруге болмайды, егер тартатын болсаң, жібіңді таңдап ал.

Күн көрудің мың жолы бар: бірі жеңіл, бірі қиын, бірақ ойланып толғаныпжол табу өз үлесіңе тиген, жеткіншек.

Құрыққа сырық жалғап дегендей, күн көріп жүрген адамдаркбейіп келеді,
бұл нарықтық экономиканың қысым қыспағы,құтылудың жолын ізде.

Сүйрегенің шана болса, көрген күнің мүшкіл екен.

Жалаң ақымен күн көру қиын, оған қосымша тапқрлық, іскерлік, төзімділік, қажарлылық керек.

Бастық айтады деп иек сүей беруге болмайды, нарықта өз ойың мен өз жүрегіңе ерік беру керек, себебі нарықтың тар жолы мен тайғақ кешуі көп,
одан өту міндет сияқты.

Социализм кезінде саудагерді қасқыр қуған қояндай қудаладық, қазір қоян қасқырды қуалайтын болды, дүние кезек деген осы.

Бағзы дәуірді көксегенді келешек ұнатпайды, себебі келешек ғылым мен техниканы, іскерлік пен тапқырлықты, жаңашылдарды қабылдайды.

Қазіргі нарықтық жағдайда: қолыма жұмысты да, жаныма тынысты да өзім табамын деп талаптан, бұл қазіргі өмір заңы.

 Нарықтың күні тиынмен атып, теңгемен батады.

 Нарық тұлпар сияқты тізгінін тежемеу керек.

 Еркіндіксіз нарықтық экономика тұсаулы ат сияқты, тебіліп шаба алмайды.

Нарықтық экономикада кұштарлық жеткіліксіз, сенім мен іскерлік қажет.

Нарықтын жолын білген көлге кездеседі, жолын білмеген — шөлге кездеседі.

Еңбек етіп, өнім өндіретін, оны саудаға салатын адамдарға салықты мүмкіндігінше аз салу керек, сонда кәсіпкердің өнімі арта түседі, үкіметтен ақша сұрамайды, өз жұмысшыларының еңбек ақысын өзі төлейді.

Салық азаймаса, нарықтық экономика еңбектеп, төрт аяқтап қалады.

Өз өніміңді өзің өндіріп қана нарықка кіре аласың, әйтпесе оның есігі тез жабылады.

Нарықтық экономикаға байланысты облыстық газеттер туралы айтарым: әрбір облыста қазақ және орыс тілдерінде жеке-жеке газеттер шығып жүр, мұны өзгерту керек, екі газетті біріктіріп, бір газет етіп шығару керек. Мысалы, республикалық газет «Әділет— Голос» атты кәсіподақ газеті үлгі бола алады. Екі тілде бір газет, орыс та, қазақ та, басқа ұлттарда оқиды, әрі тиімді, әрі жазылу саны артады. Мұны әр облысқа міндетті ету қажет. Республикалык газетті де солай ұйымдастырған дұрыс.          .

«Тіліміз өліп барады» деген айғайлап жиі айтылып жүр. Тілді өлтіруге ғасырлар керек, бірақ құр айғайлап отырмай, тіл өлмес үшін үкімет орынынан бастап төменгі ұйымдарға дейін қазақ тілінде сөйлеу керек, тіл сөйлеуін тоқтатса, біз қазақ өзіміз кінәліміз. Қазақ тілінде сөйле, іс-қағазды ұлттық тілде  жүргіз. Жергілікті жерде бүған әлі немқұрайлы қарайтын қазақтар бар, оларды иландырып, үгіт-насихат жургізу керек. Өз тілің үшін өзің күресуің керек. Басқа ұлттарға оның қажеті жоқ!

Жергілікті әкімді ашық сайлау арқылы тағайдау керек, нағыз халықтың ортасынан шыққан адамды, әділ азаматты сайлау керек. Байдан әкім сайлау қауыпты, оның психологиясы тек алуға, жеуге бейімделген. Қазір әкімді Елбасы жарлығымен тағайындап жүр, бұл координаты өзгермеген өзіміздің «большевизмнің» сара жолы десек кателік емес.

Ауыл, аудан, облыс басшылары Елбасының нұсқауларын бұрмаламай, дәл орындау кажет, тәртіп те, сенім де бір жүйеге келеді.

«Жаман-жаман» деп деректер келтіре бермей, сол «жаманнан» құтылудың әдісін де айтқан дұрыс, сонда кемшіліктің жойылуы жеделдетеді.

Нарықтық экономика аяғын тәй-тәй басқан сәби сияқты, бір жығылып, бір тұрады, сондықтан «сәбиді» екі қолынан ұстап, демеу керек, сонда ол тік басып, нық жүріп кетеді.

Сәбиге қандай қамқорлық, сүйіспеншілік қажет болса нарықтық экономикаға да сондай мүмкіндіктер жасау керек.

Нарықта әртүрлі кезең бар: сәбилік, балалық, жастық, жігіттік, біз әлі сабилік кезеңде жүрміз, көзде көз керек.

Жақсы, дұрыс, жаңа азамат боламын деген тал- пыныс мидың бір бөлігінде жүрсін, әр ісіңді, әрекетіңді соған багыттап жүр.

Қанатты талантың болса, ұшатын кеңістік жетерлік, тек әр істе жететін межеңді болжай біл.

Математикада белгісіздің өзін белгілі деп барып ой тұжырымдаймыз, содан соң белгісізді табудың жолын, әдісін іздестіреміз, нарықтық экономика да дәл осыған ұқсай ма деймін. Белгісіз арқылы белгісізді табу — нарықтық экономиканың заңы, оны бәрі түсіне бермейді.

Белгісізді бір бүтін десек, сол белгісізіміз бүтіннің бір бөлігі. Нарықтық экономика бөлімдері әр түрлі бөлшектерді ортақ бөлімге келтіру тәрізді, амал әрекеттер керек.

Нарықтық экономикада қорытынды айтуға асықпа. Мінезі кәрі қыздың мінезіндей.

Тобықтай өмірді тоқсанға бөлмеген дұрыс, бүтінге жетер не бар?

Реформа талабы: білімге талпынып қана қоймай, меңгеру де керек, әйтпесе шөккен түйедей боласың.

Өмір шектеулі, бірақ ұзарту жолы бар, әлі оған біздің мүмкіншілігіміз жеткіліксіз.
Бәрін біліп, бәрін көріп қою жеткіліксіз, білгенді де, көргенді де басқаша өзгертуге болады, сонда ешкім білмейтін құпияға тап боласың, біз сол кезеңде тұрмыз.

Аз ғана істен басталған іс, алып құрылысқа айналатынын естен шығарма.

Ақыл мен қайрат-қажыр біріккенде істен нәтиже шығып, дұрыс жолға түсесің.

Нарыққа үйреніп дағдылану үшін біреуден үйренесің, одан соң өзіңді-өзің үйретесің, сүйтіп басқаға қол үшыңды беретін жағдайға келесің.

Әр дәуірдің өмір сүру әдісі мен тәсілі әр түрлі, тез үйренуге икемдел.

Рухани тазару үшін оқу жеткіліксіз, өзіңнің жан-дүниең соған ұмтылуы керек, өзіңді-өзің тазала.

Білгенімізді білікті ету үлкен жеңіс.

Ойға алған істер орындала бермейді, бірақ өмір тәжірибесінде қайта айналып ойыңа келе береді. Ой — қонақ!

Нақтылы жылы ойымда жоқ, бірақ Л. Брежнев Қазақстанға келгенде қой басын 50 миллионға жеткіземіз деп ауыз толтырып айтқанымыз бар, соған қарағанда ол кезде бізде 40 миллионнан астам қой болды деуге болады, ал қора мүйізді малдар 12—15 миллион шамасында шығар деймін. Алысқа бармай-ақ, бұрынғы Шар ауданының әр совхозында 20—25 мыңнан қой басы болғаны анық, осы санның 1993-1995 жылдар арасында әр совхозда 300 — 500 бас қана қой қалған. Бұл көрер көз бен естір құлақтан ұят-ақ. Бұл жергілікті әкімдердің әдейі істегені еді, себебі кеңестік шаруашылық жүйесін кұрту, «совхоз» деген көзін тұрмыстан кетіру саясаты еді. Қортындысында совхоз тарап, мал басының, техниканың қайда кеткені белгісіз болып шыға келді. Артынан көп кешікпей әкімдер қалталарын толтырып. із-түзін көрсетпей зытып кете барды, ал зардабын ауыл адамдары әлі күнге дейін шегіп жүр. Бұл үкіметтің ең үлкен қатесі еді. Келешек бұған тиісті бағасын беретін шығар. Меніңше, мал-мүлікті сақтап капиталистік кооператив құру керек еді, сол совхоз ұжымын сақтап қалу керек еді. Барлық мал-мүлік сендердің жеке меншіктерің, өсіріңдер, өндіріңдер, еңбек ақыларын өз өнімдерінен, үкімет еңбек ақы бермейді деп анық айтып, бағыт беріп, қарызға ақша беріп, адамдарды жаңа жеке меншік психологиясына бейімдеп, үйрету керек еді. Дәл осы кезеңде ауыл-шаруашылық министрі, агропром көздерін жұмып, ұйқыда жатты, «не болсаң, сол болдың» әрекетін жасады. Қорыта айтқанда, ауыл малдан тап-таза, елді-мекенді тастап көшіп жатқан халық жылап қалып жатыр!

Мен үшін: өткен қайтып келмейді, бүгінгіден артық жоқ, ал келешек мені көрмейді, сондықтан бүгінгі өмірді жақсартуға әр адам ат салысуға міндетті. Нарықтық экономика өміріміз жақсарғанда бәсекеге түсе алады, кедейліктен нарық көтерем болып қалады.

Заманымыздың жастары әңгіме, ақылды тыңдамайды деген өтірік ұғым. Егер жастарға әңгімені түсінікті, көрнекі, анық етіп айтсаң, әңгімені де, ақылды да, кеңесті де тыңдайды. Әңгіме өмірмен, арман-тілегіне сай жүргізілуі керек, жалаң сөзге қазір ешкім де құлақ салмайды. Түрткі салар, жол көрсетер сөз керек.

Әр отбасы нарыққа сай тіршілік жасау үшін немен шұгылданатын ойлануы керек. Мысалы, отбасының әр мүшесінің не істейтіндігін анықта. Еңбегіңнің өнімділігін арттыр. Ақшаны үнемдеп ұстауды үйрен. Мақсатыңа жететін сеніміңді арттыр.

Кейінгі кездерде ауылдан көшіп кету етек алып тұрады. Бұл дұрыс емес. Ауылда мал өсіріп, егін салу керек. Қазақтар малды байлықтың басы дейді, сондықтан ауылдан кетуді тоқтату керек. Егер ауылда бес миллиондай халық тұрса, әр отбасы 40 қойдан ұстағанның өзінде бізде 50000000 қой басы болар еді, сондықтан ауыл тұрғындарын тұрақтандыруды қолға жедел түрде алуымыз керек.

Нарықта маманмын деп отырма, мал табудың жолын ізде, жаңа мамандық алуға талпын, жасыма, жас төкпе, үмітті күніңді жақындат.

Мемлекет салықтарды жасамайды, салықтар мемлекетті жасайды.

Бірімізді-біріміз үйрете жүріп нарықтық экономикаға үйренеміз, әлі басқа елді үйретуге де баратын күнің алыс емес.

Нарықтық жағдайға көп күдіктене берме, белді буып, буыңды бекітіп, қолды сыбанып кіріс, қорқақ нарықты меңгере алмайды.

Бүгінгі өнімділікті екі еселесең, ертеңгі күні төрт еселенеді, сүйтіп нарықтық жүйені дамытасың.

Қарыз алғанға қуан, о да пайда табудың бір жолы.

Пайданың «көзі» иненің жасуындай, кім-көрінгенге көріне бермейді.

Нарықта бірде ұтасың, бірде ұтыласың, сөйтіп, нәтижесінде, арифметикалық ортасын аласың.

Комментариев нет:

Отправить комментарий