вторник, 3 апреля 2012 г.

Жақсы мен жаман туралы



Жақсы-жақсы десең, жақсылыққа кезігерсің.

Сипағанның бәрі жақсы емес, сүйсінерсің, бірақ азабы болуы ықтимал.

Жақсы істерді үгіттеу керек, үгіт — жақсы үміттің хабаршысы.

Даудың ең жаманы заңды оқып білмей, көз жеткізбей буынсыз жерден біз шыққандай болу дұрыс емес. Заңды «болмайды» дегенді, «сен болдыр» деу ақылға сиымсыз. Осылай талап ететін адамдар күнделікті қызметте кездеседі.

Арамдық ойдың ордасы болмасын жігіт жолдасы.

Бақыттың етек жеңі тар, жауыздықтың етек жеңі кең.

Зұлымның кейпі көз алдымда, бірақ сипаттай алмадым.

Тас лақтырған жартасты да лақтырады.

Бұл бақи заманда зұлымдықты жоямын деме, күресе беремін де.

Ас тұзын татқан адамға жақсы сөзден басқа ештеңе айтпа.

Өсектің сегіз аяғы бар, бірі сынса, қалғаны жүреді.

Екі қу үшінші қуды жау тұтады,
Құтылудың жолын іздеп қан жұтады.

Жетімге мұжы деп сүйек лақтырғаннан асқан қорлық жоқ.

Өсекті сатып алмайды, өзі келеді.

«Қазақтар бірін-бірі көре алмайды» деген сөзді айтуды тоқтатқан
жөн. Екі қазаң бірін-бірі көре алмаса, оны жалпы қазаққа айтар етіп
тағуға болмайды. «Көреалмаушылықты» күнделікті
лексиконымыздан шығарып тастау керек.

Жаманнан ақыл сұрасаң, бар ақылыңның екіден бірінен айырласың.

Өмірде кім жақсылық жасаса, сол есіңде жүреді, сондықтан жақсылық көрсетуге асық.

Іші тарға ұлы тау да кіші, іші кеңге дөң де тау.

Өзегі талмас ер болмас, кемшіліксіз жан болмас.

Асын татқанға ағаттық жасама, арына тиіп кішірейипе, өзің жазаңды тартасың.

Адамдығы аз, көңілі көр қараңқы, тілегі лас, көкірегі тар, дүние құмар пенделерден өзіңді аулақ ұста, сонда ар ұятың таза болады.

Қол беріп амандасқанның өзінде кімнің кім екендігін толық аңғаруға болады. Жансыз, өлі кесек нәрсені былық еткізіп ұсынса, ешқандай амандық ләззатын сезбейсің, тек немқұрайлы қараған жанды нәрсені сезесің. Беретін қолыңды дұрыстап бер, әйтпесе өз бетіңмен тұра бер, не кетіп қал, сенен қолыңды әкел деп ешкім сұрамайды ғой.

Жақсы ән көңілдетеді де, ойландырады да.

Жаманда не жаман? Жоқ жаман, өлім жаман, ауыру жаман, жетім жаман,жалқау жаман.

Не жақсы? Бейбітшілік жақсы, еңбеккерлік жақсы, кішіпейілдік жақсы, қайырымдылық жақсы,  ақылдылық жақсы.   

Жақсы күйленсе - көрікті,
Жаман күйленсе - желікті.

Жаман істің куәгері болма, адал істің мұрагері бол.

Көк суға тойсаң күнде боларсың жынды үйде.

Өсек - шексіз жіп, біреудің қолын, біреудің аяғын байлайды.

Ерікті ауызға елік лағымен сиып кетеді, қақалмайды, қайта қалпына келеді.

Жаман адам дәреже сыйлайды,
Жақсы азаматтылығыңды сыйлайды.

Арамза бір жылдықты ойламайды, он жылдықты ойлайды.

Жақсы мінез - бақыт баспалдағының бірінші сатысы.

Көп сұрасаң ұяларсың,
Аз сұрасаң қуанарсың.

Арақты ішкенің - арыңнаң кеткенің.

Арақ адамды айырылмас дос қылмайды, қайырылмас қас қылады.

Маскүнемдік барлық кесел мен қырсықтың, берекесіздік пен анайылықтың ордасы.

Құныға ішсең арақты, қаларсың жұртқа ұятты.

Жақсыны көріп қуандым,
Жаманды көріп ұялдым,
Ортаны көріп жұбандым.

Құныққан адам дүниенің құлы, ол жанын қалтасының түбіне салып жүріп өмір кешеді.

Жамансыз жақсы бола ма, шындыққа надан нана ма?

Жақсыны көрсем қуандым, жаманды көрсем мұңайдым, ортаны көрсем селсоқ қалдым.

Ақымаққа аяулы бол,
Ақылдыға баянды бол.

Маскүнем арақты сортқа бөлмес болар.

Нәпсіге берілсең, ар-ұятын шаң астында қалады.

Ішкі пиғылы жақсы адамның сырты да нұрлы,  ал сырты нұрлының ішінде қабаған ит жатуы мүмкін.

Жамандық жар астында, мылтығы оқтаулы.

Көп қулыққа берілген, сұмдыққа кез болады.

Жақсылықты да, жамандықты да тек адамнан үйренесің, оған әлемдегі
бар құдайлардың ешқандай қатысы жоқ-ақ!

Бір көргенге бәрі жақсы, үш көргенде басқа ой келе бастайды.

Жақсыға алыс та жүрсе жете алмайсың, жаманды жаныннан итеріп кетіре алмайсың.

Жақсының жанында жаман тұрмайды, уақыт өткен сайын жаман бәрібір өз орнына барады. Сондықтан да «жақсыға жақсы», ал «бұзыққа бұзық», «ұрыға ұры», «өтірікшіге өтірікші» әуес келеді. Сеңбесең бақылап, бағдарлап көр.

Жақсылықты көрген, көре бергісі келеді.

Оңбас жігіттің белгісі: «алтыннан аттап өтіп, жұмыртқа ұрлаған» дейді біздің қазақ, жақсы айтылған сөз.

Қыдырмашы әйел күйеусіз қалмайды.

Қуыс кеуде құлпырмаларға жолай көрмеңдер, олар адамдарды аздыртады.

Не жаман жоқ жаман. «Сұрай, сұрай, сұлу сұлулығынан айырылыпты» дейтін қайран анам. Міне жоқшылықты, кедейлікті ешбір жаны бар пенденің  басына бермесін. Жоқшылық, аштық адамды ұятсыз етеді, ол үшін оны ұрсып, сөз айту қажет емес. Тағдыр адамды не етпейді.Тағдырдан күшті жоқ.

Өзіңде жоқ болса, көңілің солады, көкірек тарылады, ой үстіне ой басады.

Жақсы адам ойда жүреді, жаман айтқан сөзге ереді.

Ісі ақ көпке қарсы тұрады. Ісі қараға азы не, көбі не?

Он жақсы ұсынысты бір жаман пікір құртады.

Жақсының жақсы екендігі жыл өткен сайын айқындала береді.

Кейбір қулар өзін «сезімпаз» санайды да, сені «сенімпаз ашық ауыз» санайды, бірақ «ашық ауыздың»  басында бірдемесі барын білмейді.

Арсызға ерік берсеңдер, көктегі жұлдызды әперер.

Ыза мен кек ақылға серік емес,  дөрекілікке итермелейді, мұндай күйден аулақ жүрген жақсы.

Әр кезде үндемеу жақсылық емес. Жағдайға байланысты үндемеуді тоқтатып, дауыстау да керек, әйтпесе тірідей жоғалып кетесің.

Кексе адамды сыйламағанның кеудесі тесік.

Жігіт үш қорлықтан қашық жүруі керек: жалқаулықтан, уайымшылдықтан және өзімшілдіктен.

Арсыздың психологиясы: арын сатып атақ алу; еңбектенбей дәулет құру; соңына түсіп алға шығу; жала жауып жанды құрту; досты досқа қас ету;тіршілігіне мәз
болады, елден асқан паң болады; өз қамын жатса да, тұрса да ойлай беру; алсам алсам деп дем алып, миғражға кеткенін  білмей қалады; мұндай жандарға жолай көрмеңдер, жараңдар!

«Біреуге көр қазып», күрек ұстап жүргендер болады, дәміңді татып, қашан өлетініңді сұрайды.

Ар ұяттан жан мың есе артық, ол дүниеден жан артық емес пе? «Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді» дегн сөз өте дұрыс айтылған.

Жауыздың қылығын көрмей оны жек көру жоқ.

Әлімжетілікке жол бермеу әр тәрбиешінің, ата ананың үні мен әуені болсын, сонда сойыл көтерушілер азаяды.

Жақсылық періште, жамандық шайтан. Екеуі де өздеріне өздері сенімді. Күресіп жеңе алмай ит жығыспен келеді. Жаратқан бақылауда да, әділетті куәгер болып келе жатыр...

Жағымпаздықты тудырушы өзіне қызметші іздегендер.

Нені үйренсен, содан опық көресің.

Пышақ ұстаған, қылыш та ұстайды.

Арақ шөлмектің ішінде ғана тыныш, одан шықса, диюға айналады. Шайтанды, диюды бұрын жаратқан жіберуші еді, енді өзіміз қолымыздан жасап алатын болдық.

Үйіңде құл болсаң, түзде пұл боласың.

Жақсы атаулының барлығы құмарлықтан туады.

Жасықтың асылы болма, тегіңе тиеді, асылдың жасығы бол, тегіңді мақтайды.
өзіңді өзің көрсету арқылы атақ аласың, отыра берсең атақ жоқ. Атақтың олы арсыздық, байлықтың жолы барымта.

Біреуді жамандағанда өз жаманшылығын біле тұра ұмытып, жұрт алдында шыншыл ақ жүрек болып көрінетін пенделердің талайын көрдім. Олар ешбір шімірікпей ақ адамды жеткізетін жеріне дейін апарады. Мұндай адамдарға жолауға болмайды.

Жаманнан жақсы туса бақ асқаны, жақсыдан жаман туса бақ қашқаны. Бақтың кеуі мен кетуі білген адамға түсінікті, сезбес елеп ескермейді.

Зорлықшыл зорлықшылға кездесем деп ойламайды.

Жақсылық та, жамандық та бірдей деңгейде, бірі жоғары, бірі төмен емес, себебі екеуі де бір бастағы «сұр сұйықтықтан» өсіп жетіледі. Сондықтан жамандыққа әрекетті іс істеп тоқтату керек, бұл ақылдының ғана қолынан келеді. әрдайым ақылдыға кезік дейтініміз де осыдан.

Еркектің жаманы өсек айтар.

Арбаның доңғалағы сынса, шана болады,
Жақсының бағы тайса, қара болады.

Жақсылық барлық адамның бойында бар қасиет, сондықтан барлық ынта жігеріңмен соған берілуің керек.

Жаман ой бойыңа ұяласа, сайтан кірді дей бер.

Жақсы сөз айтып үлгер, жаман сөз өзі келеді.

Жаман бала күнде үрей келтіреді.

Адамға жақсылық қөрсеткен адамның бірі қолында бал болады.

Хош көрмеген кісіңмен жолға шықпа.

Жақсы іс жақсылыққа,
Жаман іс — бүлікке.

Жақсы менен жамансыз, бағдардан айырылып қаласың.

Бақ қонса жаманың жақсы, бақ кетсе жақсың бақсы болады.

Жақсы мен жаман егіз.

Кемшілік өзімде, көріп білсем де көкірегімнен кетпейді.

Кемшіліктің сыр-сипатын өз басымнан білемін, басқаға сын айтып
қажеті жоқ.

Кемшілік-кемшілік деп жүре берме, оны жоюдың жолы мен әдісін
тап.

Жақсыны жақсы демеген, жақсылар тегін білмеген.

Жақсының жанында жүрген жаман да жақсы болып кетеді, жақсыға неғұрлым үйір бола бер!

Жақсының жақсылығын, табысы мен еңбегін айтуға асығу керек, елі біліп еліктесін, мақтан етсін , жасы үлгі тұтсын.

Жаман жақсының көлеңкесі жарық болса көресің, жарық жоғалса таба алмайсың.

Жаманшылықты жақсылық қана жоя алады, басқа жолы азап, әуре болма.

Ізгілік іс ғасыр өсіп, ғасыр жасайды.

Бір дастарханда отырып, теріс пікірде болу, жақсылыққа әкелмейді.

Ұждансыздық тағылық.

Жақсылықсыз адам дүниеге келуі мүмкін емес.

Арлыны арсыз жеңеді, өмір өзі солай бейімделген, таңдаңасың да қоясың.

Көп жақсының ішінде бір жаман көрінбес.

Жол жоғалмайды, арамза оңалмайды.

Мың азғын бір жақсыны көреді, мың жақсы бір азғынды көрмейді.

Өзің жақсылыққа бейімделмесең, өзгеге жақсылық көрсете алмайсың.

Жаны ашымастын қолына таяқ ұстата көрме, басыңнан сау жер қалмайды.

Өсек айтылған жерде тұрмайды, шындық ұрса, кетпейді.

Дүниедегі ең жаман іс өзің жақсылық жасаған адамың туған балаңды жұмыстан қууы екен. Ол өз қамын жоғары көтеріп,  дәрежесін сақтап қалудан туған надандық дер едім. Бірақ ондай рекеттердің түбі жақсылық болмайды, өз ар ұяты өзіне кесел болып жабысады, тәжірибеде сол болып та жүр. Ұрпаққа айтарым, атақ үшін арсыз болма, алдамшы болма, сонда сеннен бақытты, сеннен ардақты адам болмайды.

Күн мен түн, ақ пен қара, өлім мен өмір, бақыт пен қырсық, дос пен қас егіз туғандар, бірінсіз бірінсіз күні жоқ.

Оң қолы созылса, сол қолы алып жататындардың бары өкінішті-ақ. Осыны тоқтататын күн туған сияқты еді ғой!

Жақсыда мін жоқ, мен деген сезім бар.

Біреулер төрде отырып, ел құтын кетіреді, біреулер көрде жатып ел жұтын кетіреді.

Төрелік бар жерде құлдық бар, құлдық бар жерде төрелік бар, бірінің-бірінсіз күні қараңғы ма деймін?

Ңу адамға сенбе, жұбатып қана жібереді.

Асылды асыл кеседі, жаманды жақсы деседі.

Жақсы ит те иесін қабады, себебі ит иттігін істемей қоймайды, оны өмір тәжірибесі көрсетіп келеді.

Нәпсі — тесік қап, сондықтан оны жамау керек.

Өзің жақсы болсаң, тәңірің де жақсы, ешкімге өкпе айта алмайсың.

Өлген адамды сынап, сөз сөйлеу нақ арсыздың белгісі.

Адам дүниеге ештеме қалап келмейді. Жақсы мен жаманды өскен соң өзің қалап
аласың.

Адал айтады, қалады,
Арам айтады, жанады.

Мадақтауға келген арық атқа жал бітіреді, жамандауға келген көтерем етеді.

Жаманды сынасаң жүн болады, жақсыны сынасаң миы толады.

Комментариев нет:

Отправить комментарий