вторник, 3 апреля 2012 г.

Алғы сөз




Құрметті оқырман! Бұл блог аса қадірлі ұстаз, білікті маман, өз елінің мақтан тұтарлық данасы, адал да өнегелі азамат, біздің сүйікті да ардақты атамыздың  - Бүйімбаев Мағжан Биғозыұлының көпжылдық еңбегіне арналған. Автордың әрбір сөзі - қалам ұшындағы оның өмірлік тәжірибесі.
Мағжан Биғозыұлы Бүйімбаев 1935 жылы 17 қыркүйекте Семей облысы, Шар ауданының Божығұр ауылында дүниеге келген. Әкесі, Бүйімбай ұлы Биғозы, Мағжан Жұмабаевпен сыйлы дос болғандықтан, тұңғыш перзентінің есімін «Мағжан» деп қояды. 1937-38 жылдардағы саяси құғын-сүргін салдарынан 1,5 жаста жетім қалған Мағжан шешесі Әліптің тәрбиесінде өсіп, 1953 жылы Шар қаласындағы №63 мектебін бітіріп шығады. Жастайынан қиын жылдардың барлық тауқыметін көрген ол ерекше зерек де байқампаз болады.
1957 жылы Семей педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік бітіріп шыққаннан кейін Шар ауданының Еспе руднигіндегі орта мектепте еңбек жолын қатардағы мұғалімдік жұмыстан бастады. Содан 1965 жылы Жаңасемей ауданының Ново-Баженовка мектебіне оқу ісінің меңгерушісі қызметіне қабылданады. 1967-68 жылдары Жаңасемей ауданы Знаменка орта мектебінің директорлығына ауысады. 1968 жылы Суық-бұлақ мектебінің директоры болады. 1976 жылы Шар қаласындағы Абай атындағы орта мектепке директор болып, шәкірттер тәрбиелеп өсірудегі ерекше еңбегі үшін «Халық ағарту ісінің үздігі» атағымен, 1980 жылы «Ерең Еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1968-1976 жылдары аралығында ауыл кеңесінің депутаты, 1982-85 жылдары аудандық маслихаттың депутаты қызметін атқарған.   1982 жылдан 1993 жылға дейін Шар аудандық халық ағарту оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін де ойдағыдай атқарды. 1993-2002 жылдары аралығында Аудандық кәсіподақтар комитетінің төрағасы тағайындалып, кәсіподақтар мәселесін мемлекеттік деңгейге көтерді.
М.Б. Бүйімбаев 2002 жылдың 4 наурыз күні дүние салды.
Аудандық ағарту ісіне көп еңбек сіңірген азаматтың аты ұмыт қалмады, 2006 жылы Мағжан Биғозыұлы жастық шағын өткізген үйі тұрған  көшеге  Мағжан Бүйімбаетың  есімі берілді.  Сол жылдан  бастап, Жарма ауданы көлемінде М. Бүйімбаев атындағы арнайы математикалық олимпиада өткізілуде. І, ІІ, ІІІ орын иегерлеріне Бүйімбаевтар жанұясы атынан құнды сыйлықтар беріледі.
Б. Мағжан Биғозыұлы математика мен физика ғылымдарының маманы мен ағарту ісінің үздігі болғанымен ғана емес, сонымен қатар елінде  жазушылық өнерімен де белгілі болған. Автордың  1997-1999 жылдары аралығында «Мәнді сөздер», «Ойлар, пікірлер.  Тәлімгерлік әңгімелер», «Дос- жолдастар туралы» атты еңбектері жарық көрген. Келесі еңбегін аяқтауға тағдыр жазбады. Басылмаған еңбектерін жинастырып, реттеп, енді міне, құрметті оқырман, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Жақын болашақта автордың тәлімгерлік әңгімелері, повесттері, эсселер мен новеллалары, баталары келтіріледі.

Автордың басқа еңбектерін  http://talimtarbie.blogspot.com/ адресі бойынша өтіп, көре аласыздар.
                 


1 комментарий:

  1. Гульмира сламатсыз ба, Мағжан Бүйімбаевтың суреттерін жібересіз бе, журналға шығаруға рұқсат бересіздер ме, мен мұ,алімдерге арналған журналдың редакторы едім.Ойлары тың тамаша.Мұны Қазақстан мұғалімдері білуі қажет ra_mai_ra@bk.ru менің почтам

    ОтветитьУдалить