вторник, 3 апреля 2012 г.

Ұлылар мен ұлылық туралы


Ұлы адамға да жағдай керек, онсыз оның орны бос қалуы мүмкін.

Ұлының өзімен кездеспесең де, сөзімен кездесуге асық, көңіл қиялындағы арманына жетесің.

Ұлы адам періштеден ары болмаса, кем емес.

Ұлы адамдардың өзі біртұтас әлем, көрген сайын көре бергің келеді.

Ұлы адамның белгісі, біз елемегенге көп мән беріп, көрмегенді көріп көрікті етуінде.

Ұлылардың есімін ғана жаратқанның есімімен қатар қою керек, бұл тарихи әділеттілік.

Ұлы дәуірдің адамдары да ұлы, мысалы: М.Әуезов, Ш. Айтмағамбетов, Қ. Сәтпаев, О. Сүлейменов, М. Мақатаев, Д. Қонаев, Ғ. Мұстафин, С. Мұқанов, т.б. Қазақ елі ұлыларға толған сайын көркейе бермек.

Ұлы адамдарда көрінбейтін қанат бар, әлемді шарлап кетеді.

Осалдық болмай, ұлылық жоқ. Кемшілік ұлы адамдарды іздеп жүреді.

Келешекті жақсартуды, жақындатуды ұлы адамдардан үйрену керек.

Қай салада болмасын, еңбек етіп, сол еңбегінің нәтижесін көріп, ал ол нәтиже халық игілігіне айналса, сол адамдарды ұлы деймін.

Ұлының бір еңбегінен мың адам ризығын тауып жүр.

Кемеңгерді уақыт күтеді, кемеңгер уақытты күтпейді.

Ұлы адамның еңбегінің соңына түс, оқы, ізден, үйрен, түсінетін сәтің келеді.

Ұлылықтың дауы көп.

Біреу тарихқа ел билеп кіреді, қайсыбірі күрестің тартыстың азабын кешіп кіреді, қайсыбірі таза еңбегімен кіреді, бұл тегі тарих заңы болуы керек, тарихты оқып, ардақтай біліңдер.

ХІХ ғасырда Тәуке жеті жарлық жазды, ХХ ғасырда Н. Назарбаев 8-жолдау жазды, ХХІ тоғыз жолдауды кім жазар екен?

Не көп саясаткер көп, олар өздерінің жақын нысанасын, оқ жетер жердегіні көздейтін адамдар. Саяси қайраткер оқ жетпесті болжап, дөп басып айтатын ке- меңгер. Елбасы Н. Назарбаев өзінің халыққа «Жолдауы-2030» арқылы нағыз саяси қайраткер дәрежесіне жетті, саяси қайраткер—халық көсемі, ұлт мақтанышы.

Саяси қайраткерлер ақын сияқты халқын сүйеді, мұң-мұқтажын жоқтайды, одан құтылудың жолын іздейді, нұсқайды, сол үшін өмірлерін талақ етеді. Қазақ халқында ондай ұлдар аз емес: Ә. Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Л. И. Мирзоян, Д. Қонаев, II. Оңдасынов, Б. Әшімов, Н. Назарбаев.

Қ. Абай—қазақ поэзиясының темірқазығы,  Ә. Мұхтар — қазақ прозасының құс жолы.

Ұлы адамдар барлық артықшылығымен және ерекше зұлымдығымен де ұлы қалпында қалады. Тарихтын таң каларлық осы құпиясын біріміз түсінеміз, біріміз түсінбейміз, келер ұрпақ бұл туралы не дер екен?

Ұлыларды тек мұхиттармен теңеу жөн, аумағы да, тереңдігі де, дауылы да, тыныштығы да бар.

Тарихта екі есік бар: біріне шын ұлылар, екіншісіне нағыз зұлымдар кіреді.

Евклид геометриясы математиканың әліппесі, оны дұрыс меңгерген шәкірттің жолы нұрлы болады.

Салыстырмалық теорияны ашқан және тұжырымдаған А. Эйнштейнді Г. Галилей, И. Ньютон, Максвел, Н. Бор сияқты ұлылармен қатар қою керек.

Ұлы дана, әлемде теңдесі жоқ композитор В. А. Моцарт мың ғасыр өтсе де ұрпақтар ұшін отыз алты жасында қалып жасара береді, себебі оның жазған музыкасының өзі адамның жаны ма деймін?

Әбділдә Тәжібаев атамыздың өлең мен поэмаларын сүйсініп оқитын едім, бір аңғарғаным өлеңнің жыршылдығы, тілге жеңілдігі, шыншылдығы, сенімділігі, нәзік жіптей лирикалығы ұнайтын. Әбділдә қазақ поэзиясының таңдаулы аталарының бірі болған, өлең дүлділі, әлем «құлагері».

Макс Планк өзі ашқан «квантпен» ХХІ ғасырдың энергетикалық қорын жасады. Планк—  пайғамбар ғалым.

А. Т. Столетов ашқан «фотоэффекті» кванттық теорияны дамытып қана қойған жоқ, ол салыстырмалық теорияны да тұжырымдауда, А. Эйнштейнге көп көмектесті ме деп те ойлаймын.

Біз дананың да данасы бар дейміз, ал ақымақ өзгеріссіз қалатын табиғи тұрақтылық сияқты.

Ақын саф алтын іздеген кеңші сияқты, өмірбақи ізденумен жүреді. Сөздің саф алтынын іздейтін жандар.

Ұшқанның бәрі сұңқар емес.

ІІоэзия өмірдің мәні мен сырын, адам мен қоғамның, оның атрибуты табиғатты біртұтас екендігін көрсете алмаса, ол қас сұлудың дене пішініне таңданғандай ғана сезім тудырады, бір сәт жанады да сенеді.

Қ. Абайды әлемге үш адам әйгілі етті: өзін-өзі, Ә. Мұхтар және Н. Назарбаев.

А. М. Коллонтай орыс әйелдерінің ішіндегі ен ақылды дипломаты болды. Ол бір кезде өзін елдеп қуған Швеция королін аяғына бас иуге, қолын сүюге мәжбүр еттірді, ғаламат әйел!

«Абай» романын жұма сайын оқу керек, сонда философиялық ойлауың да, ұшқыр қиялың да, нәзік махаббатың да жаңа өріске кіреді, шексіз сарыарқаны аралап жүргендей сезім билейді. Романның бір қасиеті - өзіңді тани түсуіңде. «Абайды» оқымай, қазақ бола алмайсың.

Дананың сөзі елеуіштен өткізген ұн сияқты, әрі таза, әрі салмақты, әрі нәрлі, әрі азық өзегіңді талдырмайды.        

Ұлыларды кемітетін сөз сөздіктерде жоқ болсын.

Негізі текті тектілігін жасырмайды.

Даналық ұлтты, тілді таңдамайды, тасты жарып өтетін найзағай сияқты.

Зердесі төмендер өз есімінен басқаны білмейді, зердесі жоғарғылар аспандағы мыңдаған жұлдыздардың атын біледі.

Ұлылардың ойын, ісін, сөзін ұқсан, өзіңе екінші өмір жасайсың, көрер көкжиегің кеңейіп, арманыңа барар жол көрініп, сенімің артады. Ұлылардан үйренуге талпына беріңдер.

Ұлыны — ұлы, заңғарды — заңғар, дананы - дана, жақсыны — жақсы, жаманды — жаман демесең ішіне у толады.    

Ұлылықтың басы — ұшқын, соңы — от.

 Жұлдыз сөнсе сөнер, халық даналығы сөнбейді.

 Ит қартайса, даусы өзгереді.

ІШын дана өткенді де, бүгінгіні де, ертеңгіні де ойға түйінді, тілге орамды, көңілге сенімді ете суреттейді.

 Ж. Жабаев ауыз әдебиетінің шын алыбы, айтыстың періштесі, сиынып жүріңдер.

 С. Сәкен поэзиясы да, прозасы да, топ жарған тұлпар, ғасырдан-ғасырға шабады.

Ж. Ілияс тілінен бал тамған, сөзінен күн жылуы сәулеленген ақын, оқыңдар, қызығыңдар.

А. Жұбанов қазақ қөркем өнері мен музыкасының өз заманындағы құдайы болды.

Сапарғали Бегалин атамыз дүние жүзі балалар әдебиеті аталарының қатарындағы бірден-бір қазақ ақыны.      

Ғабит Мүсірепов атамыз қазақ саанасына сүйіспеншілік пен махаббатты әкелген қаламгер. Ғабиттың әр сөзі қанатты, ойланып-толғанып оқысаң, өзіңді аспанға көтеріп әкетеді.

Әр дәуірдің өз көсемі, шешені, батыры болады, оларды сынап сөз айту жөн емес. Пір ете сиынып, мақтан ете жырлау керек.

Өмірден үйренем десең, әуелі Ғабиден Мұстафин атаңның еңбегін оқыңдар, берері мол, телегей-теңіз пікірі бар дана. Содан соң өмірден үйренуді баста.

Сағынғали Сеитов Отан сүйгіштік поэзияның нағыз зергері.

Әр дәуірдің, әр заманның сәті түсер сағаттары бар, Елбасы Н. Назарбаев соны түсініп, келешекті межеледі, халқын тарықтырмас жол нұсқады, бүл көсемдік болжау екені анық.

Сүлеймендей дана бол,
Панасызға пана бол.                                  

 Әр ғасырдың адамын, сол ғасырдың үнімен сылаңдар, бірақ ғасыр жетпейтін даналар барын ұмытпаңдар.                                     

«Қазақстан-2030» Елбасының үні, жүрек жарды сөзі, іске кірісіңдер, азаматтар деп түрғандай. Қадамың, қарышың сәтті болсын!

Ғасыр тоғысында қоғам қайраткерлері айқындалала түседі, шың төбесіне шығады, шығып та келе жатыр. «Қазақстан-2030» Жолдауымен Н. Назарбаев шың басына шығып отыруға жақын қалды десем, қателеспес едім.

Ұлылығыңды өзің әйгілемесең, халық жұмған аузын ашпайды.

ХХ- шы ғасырдың зиялыларын ХХІ- ші ғасырға да апарамыз, онсыз жаңа ғасыр тым қараңқы, тым суық болуы ғажап емес.

А. Эйнштейнді оқыған сайын оқимын, неткен ғаламат ғалым. Ол өмірінде: «Мен мұнда өз ісімді бітірдім»,— депті, осыған қарағанда ғалымдардың періштесі ме деймін?

Ұлы адамдар жүрегі сәби жүрегіндей таза.

Зейнолла Қабдолов ағамыз Ә. Мұхтардай ақ иықты алып талант иесі, бүкіл қазақ елінің пір тұтатын азаматы, жазушысы, сыншысы, әрі ғұлама ғалымы.

Қорқыт бабамыздың қобызы аққу болып сұңқылдап, ғарышты кезіп өмірдің шексіз екендігін паш етуде.

 Дәулеткерейдің күйлері — философияның дауылпазы, өзі қандай ақсүйек болса, күйлері де сондай ақсүйек, асқақ, асау, тұсау салдырмайды.

Сұлтанбек Қожанов — қоғам қайраткері, турашыл, ер, сөзге шешен, ойға ұшқыр, ел ардагері, жастар бұл ағамызды әлі жетік білмей жатыр. Сұлтанбектің батылдығын дәлелдейтін тарихи оның бір сөзі бар: «1937 жыл — қырғын жылы, Мәскеуде өт- кен бір үлкен жиналыста И. Сталин Сұлтанбекке:
Қалай, Шыңғысхан, Өзбекстанға билігіңді жүргізіп жатырсың ба?— депті. Сол сәтте, саспай, абыржымай, тоқтамай Сұлтанбек:
Жолдас Сталин, қазірше Шыңғысхан сіз болып тұрсыз ғой,— депті. «Көсем» бар сырын ішінде сақтап, сөз айтпай, сырт бұрылып жүре беріпті». Міне, ұлы жүректі, шыншыл, батыл ағамыз, аяулы өмірін өлімге қиып, турасын айтқан. Бұған әр қазақ жастары мақтана да, шаттана да алады. Сұлтанбек ағаларыңнан үлгі өнеге алып ер жетіңдер. (Келтірілген факті «Нәубет» атты кітаптан алынды).

Біз ұлылардан адамгершілік пен әділеттілікті, рухани сарқылмас күшін де аламыз, ойланып-толғанып, қуана еске аламыз.

И. Ньютонның физикасы мен математикасы романтикаға шомылып тұр.

Уақыттан озған адам тарихта біреу-ақ: ол — А. Эйнштейн.

Ғылымға жаңалық әкелгің келсе А. Эйнштейнді үңіле оқы, оның еңбегінде бітпейтін романтика бар, түсіне біліңдер.

Н. Коперник, К. Птолемейді көтеріп Күнге отырғызып, осында демалып тоқтай тұр деді де, өзі Жерге отырып қозғалып кетті. Бұл керемет дананың ғана ойына келетін іс.

Ұлылықтың тауқыметі тау көтергенмен бірдей.

Ұлылар генетикалық ерекшеліктің туындысы, сенсен де, сенбесең де оған бас иесің.

Жаңалық ой парасатының жемісі. Оны А. Эйнштейннен үйреніңдер, оның ашқан жаңалығының үшінші постулаты бар, ол әлі тұжырымдалған жок, сенің үлесіңе қалды, келер ұрпақ.

«Оқы, оқы және оқы» деп В. Леннн айтқан белгілі, бұл сөз бізді әр кез қанаттандырып, үмітіміздің отын тұтатып келді. В. Ленин — ұлы ғалым, оған дау жоқ, көсемдігі өз алдына бір тау, бірақ патшаны және оның отбасын атқызуы ешқандай да даналықпен сиыспайтын ұғым. Неге оларды өздерінің сұрауы бойынша басқа елдерге жер аудармасқа? Неге атқызды, жас сәбилердің жазығы не еді? Сүттен ақ, аспаннан ашық сәбилер еді ғой? Менше осы ұлылық пен зұлымдық өмірбақи дос па деймін? Тым ұлы деп бас имеңдер, ұлы басыңды шаптырады, қаныңды төктіреді, тарих сабағы осыны кер- сетеді. Ұлылық бар жерде, зұлымдық та бар.

Ұлыларды «ұлы» деп пір тұтатын қарапайым халық, ол болмаса, ұлылар «өлі арыстан» сияқты болар еді. Ұлылықты қарапайым халық жасайды.

Шыңғыстаудың Жамбылы болған Шәкір Әбенұлы атамыз ғасыр жасады деп толық айта аламын. әрі суырып салма ақын, әрі сазгер, жыр абызы еді, ұрпақтар есімін мақтана айтатын болады. Шығыстау елі ұлылар елі.

Шыңғысханның қазақ елін жаулап алуы жетісегіз  ғасыр көшпенділер күйіне түсіріп, білімнің, ғылымның, мәдениеттің өркендеуіне жол бермеді. Шыңғысханнан қазақ еш жақсылық көрген жоқ. Қара күш үстемдік етіп, тағылықты дамытты, сүйтіп қазақ басқа елдерге қарағанда артта қалып қойды. Ол өз халқы моңғолдарды да мешеулікте ұстады. Қазақтар күш көрсетіп, бірін бірі жаулап, малын айдай тағылықтың жолына түсіп өмір сүрді. Тек орысқа қосылған соң ғана қазақ өмірі өзгере бастады. Осыдан келіп мен қазақтың қанында моңғолдың да қаны бар деп толық айта аламын. Бір атамыз ғұн болса, бір атамыз Шыңғысхан тұқымынан десек, өтірік емес, тарихтың өзі маған осылай дейді. Бірақ қазақтың бір тарихи ерекшелігі  керемет жомарт, бай тілін сақтап қалған ғажап халықпыз дер едім.

Өнер алды ұшқыр ой мен шын сүйюшілік, осыдан етікші де, ұшқыш та, әнші де, темірші де, малшы да, ұстаз да, дәрігер де, шахтер де өрбіп өседі. Өскен елде өнер иесіне ескерткіш қою керек. Ол аброй да, әділеттік те ме деймін.

Кенжебаев Қибаш ағамыз мен білетін ақсақалдардың ішіндегі ең зиялысы, асқан шежіреші еді. А.С.Пушкиннің «любви все возрасты покорны» деген сөзін қазақ халқының ежелден келе жатқан мақалымен айтып еді, сонда алғаш рет естіп, таң қалдым: «Ақыл басқа, махаббат жасқа қарамайды». Қандай анық, түсінікті, көрікті, қысқа айтылған. Қазақ халқының осындай әрі қысқа, әрі нұсқа  даналық сөздері көп ақ!

Ұлыларды пендешілікпен қанша сынап кемітсек те ұлы қалпында қалады, ұлылық дәрежесі төмендеп көрген емес, тарих бізге солай деп жырлап келеді. Ұлыны тарихтан шығаратын тарихта күш жоқ!

Жастарға айтарым, ұлы Абайдан ұлы Шәкәрім бөліп оқуға болмайды, екеуі тұтасқан бірақ әлем, бірі ұстаз, бірі шәкірт дегенің болмаса. Бұл екеуі Жердің екі полюсі сияқты бөлінбейтін, жойылмайтын, әдебиетіміздің полюсі болып мәңгілік  өзгеріссіз қалады. Осы екі өріспен біте қайнасып өскен жастар өмірден махұрым қалуы мүмкін емес, Жердің магнит өрісі қандай мәңгілік болса, бұл екі дана да сондай мәңгілік, әрқашан бізбен бірге.

В.И.Ленинді сыйлайтыным, оның: «Все лучшее детям» деген сөзі үшін. осы сөзді оқып, бағалап, үлкен жүректі, данагердің балаға деген ыстық сезімін сезінемін. Мүмкін бұл сөзді өкініп барып айтты ма деген ой да туады. Даналар қателеседі, бірақ тез түсініп, түзейді. Сондықтан,В.И. Ленин  ұлыбір тұтас әлем сияқты, ғажап дана жан. В.И.Лениннен үйренген адам ұлы саясаткер болуы анық, оның еңбегін оқыған жөн.

Ұлылық сәби кезден басталады деп  ен балаларға жиі айтатын едім, сол ойым рас па деймін? Менің психологиямда өзіме өзім сенбеу деген ұғым нығым ұялаған, онымен өлгенімше өмір сүремін бе деймін. Жасымда ұялшақ, жасқаншақ болып өстім, ол жетімдігімнің айғағы еді, басымнан сипаған бұл өмірде екі ақ адам болды: анашым және  әкемнің ағасы Жүзбай атам еді.Бала кезімде басқа ешбір адам басымнан сипап еркеетіп көрген емес. Менің өзімнің асыраған, отыз жылдай өмір сүрген  неміс иті «Ресси»  болған, сол «басымнан сипашы» деп тұратын, сипасам, риза болып, көзі жайнап, қуаныш сезіміне бөленетін. Міне, ит екеш ит те «басымнан сипа» деп тұр. Ендеше баланы сипап, сылап, сыйлап айту керек, тілегін орындау керек, баланы сыйлау  арқылы ғана тәрбиелей аласың.Тарихи мысалдар келтірейін. Үш жасында данагер музыкант болған В.А.Моцарт, Сергей Прокофьев те үш жасынан музыка әліппесін біліп, рояльда ойнаған, Чайковский, Хачатурян он сегіз жасында атақты композиторлар болған. Шостакович болса, тоғыз жасынан композиторлықпен айналысқан. Міне, ұлылар ұлылыққа ерте бой ұрады. Сондықтан әр жас  шәкірттен ұлылыұты күтіп, үміттеніп оқыт, тәрбиеле!

«Абай дария, мен одан шөмішпен қалқып алдым», депті М.Әуезов. қандай даналық, терең мазмұнды сөз! Абай атамыздың кемеңгерлігін әлемге паш еткен ұлы заңғар ағамыз М. Әуезовтің осы сөзі үнемі Абайды не Мұхтарды оқыған кезімде есіме түседі.Дұғалы сөз!

Қалибек, Серке, Елубай аталарымыз қазақ театрының үш сөнбес жұлдызы, ғаламат дарынды табиғи артисттер! Ұрпақтар мақтан ете алатын ұлы адамдар, дарын иелері!

Ұлылық пен зұлымдық қатар өмір сүрмесе, тарих жасамайды. Ұлылар бар жерде зұлымдар да бар, ол Жердің екі полюсі сияқты, бірімен бірі тіл табыспайды.

Ұлылық пен зұлымдықты тоқтататын күш жоқ. Жаратқан көрсе де, көрмеген болады, себебі ол оларды жоймайды, жойса, бүкіл адамзат ғайып болады.

ХХ ғасырдың соңында ХХІ ғасырдың басында ақылы мен ісі сай, ойшыл, зиялы, зерделі, сезімтал ел басшысы Н.Назарбаев  халықаралық сахнаға шықты. Бұл батыл  жаңа қоғамның қайраткері  екендігінде дау жоқ, оның өмірінің  өзі көрсеткендей батыр адам, шыдамды адам, нағыз халық ұлы дер едім.  Н.Назарбаевтан келер ұрпақ үлгі, өнеге, тәлім тәрбие алып өсіңдер!

Жамақаев Бекен Жұмабекұлын студент кезімнен білемін. Оны талай көріп, амандасып жүретін едік. Оның «Махаббат вальсын» өте сүйіп тыңдап, тіпті өзім да орындап жүретінмін. Бекеннің сол кезде «Махаббат вальсі» бүкіл Семей өңірін нұрға бөлеп, тербелтетін ән еді. Бәріміз жақсы көрдік. Бекен ұлы композитор, табиғи дарын, біздің мақтанышымыз.

Социализмнен капитализмге өтудің өзі диалектика заңымен үйлеспейтін ұғым, шанала атты қинап, қара жермен тартқандай уақиға еді. Халық көп қиыншылық көрді, психологиясы өзгерді, адамгершілігі азайды, алу, жеу, өлтіру, ұрда соқ етек алды. Міне, үкімет басына ешқашан да өзімшіл ақмақтарды әкелуге болмайды. 

Ұлы орыс халқының жазушысы М.И. Салтыковтың «Түзулік пен Шошқа» деген әңгімесінен түйін: «Түзулік , сен күн бар дейсің, рас па, мен көрмеген күнді сен қайдан көрдің?», деп сұрапты Шошқа, сонда Түзулік: «Шошқа, сені Құдай жаратқанда, жоғары қаратпай жаратқан, сен күнді осы себептен көрмейсің», депті. Бұл мысалдан оқырманға айтарым, Күн көретін адаммен сырлас, сыйлас, достас. Күн көрмейтіндер сені тіпті де көрмейтінін ұмытпа, одан аулақ жүргенің жөн.

Орыс ғалымы Григорий Николаевич Потанин бұдан жүз елу жыл бұрын былай деген екен: «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көшбасын алып жүре алмайды. Олай болса, көп ұлттан құралған Россияны бір орыс билейді дегннің мағынасы жоқ. Россия өзге тілі, тұрмысы, қаны бар басқа жұртқа автономия беруі керек». Қандай көрегендікпен болжай білген дана адам. Өз автономиясы үшін күресіп жатқандар әлемде аз емес, соның бірі Шешенстан десек, артық болмас.

Шыңғыс Айтматов ағамыз ұлы жазушы классик екендігі белгілі. Ол ағамыз қырғыз бен қазақтарға ортақ аға, туыс екендігі де бізге мәлім. Біз өз ұлымыздай ардақтап, Шыңғысты мақтап етеміз. Шыңғыс қазақтың Мұхтары дер едім. Шыңғысты Лениндік сыйлыққа алғаш ұсынғанда екі елдің ортақ ағасы болған Мұхтар Әуезов қырғыздың көрнекті жазушысы Түгелбай Сыдықбековқа: «Қырғыздың тай торысын бәйгеге қосып тұрмыз, екі ел болып бірге көтермелейік», депті.  Бұл Мұхтар ағамыздың қырғыз халқын оның ардагер ұлы ыңғысты құрмет тұтқаны, бауырмалдылығы, кішіпейілділігі, қуанышқа қуанғандығы еді.

А.П. Чехов айтады екен: «Ішімде сыртқа шыққысы кеп тұрған бүтін бейнелер армиясы  бар», деп. Кемеңгерді әдеби бейнелер көтеріп жүрсе керек, ол отырса да, тұрса да, ұйықтаса да көркем әдебиет геройлары оны жетелеп, мазасын алатын болуы керек тегі. А. Чехов нағыз әдебиеттің бақсысы қонған дарын иесі.

Мұхтар Әуезов ұлымыздан соң «Абайтанудың» бүгі мен шігін, тәйкес мен алшысын білетін бірақ адам бар, ол қажымас ғалым зерттеуші, жазушы ағамыз Қайым Мұхамедханұлы. Абайды толық түсінуіміз үшін әуелі Абайды, содан соң Мұхтарды, соңында Қайымды оқып барып, «абайтану» жолымызды ашамыз.

Бауыржан Момышұлы ХХ ғасырдың ортасындағы жарық болып жанған ұлттық жұлдызымыз, ар қжданымыз, батыр батыл, ер қолбасшымыз, жазушы данагеріміз.
Ұлттың ұйтқысы, қазақтың күші, мақтанышы!

Бейімбет Майлиннің тамаша прозасынан балдың таңдайдан кетпес дәмі ағып тұр.
Балға шомылған тілмен жазылған проза.

Ғабит Мүсірепов сөзден асыл тастар, жанды мүсін жасаған, ашық анық ұлттық бояу тудырған шебер.

Әбдіжәміл Нүрпейісов ағамызды мен өзім ұлы Мұхтар Әуезов ағамызбен қатар, тетелес қояр едім. Әбдіжәміл ағайымның ұлылығына шек қоя алмаймын. Ол жаңа ұғымды жаңа түсінікте жаза білді.

Тайыр Жароков поэзиясын сүйіп оқыдым. Ол қазақ поэзиясына тоғызыншы толқынды әкелген, «бесжылдықтың балғасын» поэзияға соққан кереметтің өзі болды.

Әбу Сәрсенбаев ағамыз поэзияға социалистік үн, социалистік жаңалық, екпінді ырғақ әкелген жаңа заман талабына сай жазған ақын.

Қасым Аманжоловтың өлеңдері мені терең ойға шомылдыратын, философиялық көзқарасымды қалыптастыратын еді. Қасым ағамыздың өлеңі бір қайнап шығып жатқан, бастаудың мол суындай, сусыныңды қандырып, аныңа шипа болатын поэзия. Нағыз қазақ халқының  төл поэзиясы, керемет өткір, жеңіл тартымды еді.

Хамит Ерғалиев ағамыздың өлеңі, өмір психологиясы, адам психологиясы туралы толғаныс тудыратын поэзия. Ән мен лирикаға әр жолы тұнып тұрған, мені айтшы дейтін, кең дала сияқты өрісі мол поэзия.

Шын талант, ұлы дана міндетті түрде қалада труы керек қажеттілік емес. Бұл туралы Ахтанов ағамыз тамаша айтқан: «Парижге бармай, Петербургке бармай, Қарауыл мен Жидебайдың арасында жүріп ақ қырғын әлемнің тамыр солқылын танып басып, тауып отырған Абай бар». бұған қарағанда, дана ауылда да болатынын естен шығаруға болмайды, ұлылардың бәрі ауылдан шыққанын тарих беттері көрсетіп отыр. Сондықтан, ауыл мектебіне қамқорлық пен көмек үздіксіз керек. Ұлылар туралы француз мақалы ма әлде француз данышпанының сөзі ме? Есімде жоқ, бірақ «ұлылар ауылда туып, қалада өледі» дегені есімде қалыпты. Расында, барлық ұлылар, Шыңғысханнан бастап И. Сталинге дейін, ауылда туған.  
Мұхтар Әуезовты  білмеген адам ұйқыда жүрген адам. Мұхтардың еңбектеріне қайта қайта оралуға болады. Мұхтарды нәсіліне, дәрежесіне, жынысына, ұлтына, дініне қарамай бүкіл адамзат тануы керек.

Ұлы Мұхтар Әуезов Алматы туралы былай депті деседі: «Су жерген жер береке, ел жүрген жер мереке». Алматы туралы дөп басып айтылған сөз екендігі анық.

Мен ешбір қиналмай ақ мақтана аламын: Әлихан, Ахмет, Мұхтар қазақ халқының ұлы ұстаздары ғана емес, кемеңгер жол сілтер көсемдері де. Бұны келесі ұрпақ жадысына мықтап сақтаған дұрыс.

Жақсы жазу үшін не істеу керек?, деп сұрапты Леонид Андреев Лев Толстойдан. Жазбауға мүмкіндігің болса, жазба!, деп дауап беріпті кемеңгер жазушы. Қашан жаз дейсіз сонда?, деп таңданады Л. Андреев. Қашан жазбауға мүмкіндігің болмаса, сол уақытта жаз, депті Л. Толстой.

Көне дүние ойшылы,Рим ақыны Квинт Гораций Флакктың жас қаламгерге былай депті: «Жаңа жаза бастаған қаламгерлерге берер ақылым: асықпау, жазып сақтап қою, біраз уақыт өткен соң оған қайта оралу, жөндеу, қайта жазу, тағы жөндеу, оқырман жұртқа әбден қапым жоқ дегенде ғана ұсыну.», депті. өте әдістемелік шеберлікпен, таза жүрекпен айтылған қандай дана ақыл. Мұны жазам деушілер бұлжытпай орындауы керек. Бұл борыш, бұл парыз, бұл нағыз адам болудың дұрыс жолына түсу.

Әлихан Бөкейханов көсеміміз айтқан деседі халық: «Адамзатты аздыратын екі нәрсе: көңіл жүдеп, дүние құмарлыққа бет бұрсаң, адамды аздыратын алтын, бұл бірінші. Екіншісі жүрегің жарқын, қаның тасып, көзің ойнап, көңілің толып шалқып жүрген кезде адамды аздыратын әйел заты.» қандай бүкпесіз, дәл басып, дәл тауып айтылған даналық сөз.

Ұлтымыздың мақтанышы, ұлы біздің көсеміміз Әлихан ағамыз айтыпты дейді халық: «Дүниеде адам баласы айналып өтпес екі ақ көпір бар: бірі өлім, бірі махаббат». Бұл сөздің растығын есі кіріп өскен жас пен таяқ ұстаған кәріге  дейін мойындап растайды. Келесі ұрпақ оның растығына күмән келтірмейтініне кәміл сенемін.

Мұқағали Мақатаевтан неше түрлі бақыт бар деп сұрағанда, ол : «Сен үшін неше бақыт барың өзің айтарсың, мен үшін үш түрлі бақыт бар: біріншісі халқым, екіншісі  тілім, үшіншісі Отаным.»

      Бауыржан Момышұлынан: «Адам қайдан тараған?», деп сұрапты бір қалжыңбас әскері. «Мен Ч.Дарвиннің маймылдан жаралғанын білемін,  ал өзім «Көк Бөріден» жаралғам!», депті.

Жазушы Тахауи Ахтановтан сұрапты: «Жазушылық неден басталады?», деп. «Ол алғашқы таңырқаудан басталады. Жазушылық жақсылықты, сұлулықты көруден басталады», депті. Көңіл күйді өте дәл тауып айтқан сөз.

Ұлылар бірінің істегенін бірі істей алмайды. әр ұлының өз ерекшелігі бар, оны басқа қайталай алмайды.

Әлихан Бөкейханов айтыпты деп анашым айтатын: «Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге желмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты», депті. Мұны маған айтатыны, құлағыма сіңе берсін, ерте ширап адам болсын дегені екен, қайран дана анашым, сөзіңді кеш түсіндім.

   Василий Шукшин айтқан екен: «Бүкіл өмірімді үш раундты шайқас деп қараймын: жастық, ересектік, қарттық. Осының екі раундында жеңу керек. Ал мен біреуінен ұтылдым». Менің қосарым, екеуінен ұтылдым. Бір ақ жеңісім бар  қарттық.

Жастар біліп, ардақтап жүрсін деп, келесі деректі келтірейін: қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың туған қарындасы, Шахзада Қаратаева отыз сегізінші жылы «Горячев тізіміне» ілініп, Халық жауы, Әбілқайыр ханның ұрпағы деп бірінші атылған қазақ әйелі екен. Мұны әр қазақ біліп, аруағына бағыштап жүрген дұрыс. Қазақтың оқыған, жаңашыл әйелі еді. Бұл апайымыз қазақ тарихынан елеулі орын алуы керек.

Шын дарынды шешен бүкіл бұқара халықты өзіне иландырып алуымен анықталады,- деп айтыпты Төле би.

Комментариев нет:

Отправить комментарий