вторник, 3 апреля 2012 г.

Ата-ана, бала, отбасы және туыстық туралы


Сенің кім екеніңді дөп басып көрсететін әділет таразысы анаңның жүрегінде.

Ананы сыйламаған, ел қамын ойламаған.

Анасын ұқпаған балада сезім молшылығы бар деуге аузым бармайды.

Ана - барлық көркемділіктің үлгісі.

Ата - арым, ана - дәрім.

Анада үш бақыт бар: ожданы, бөбегі, ізгі еңбегі.

Анасыз үй  - көңілсіз күй.

Анасы бардың панасы бар,
Анасы жоқтың көз жасы бар.

Балаңа көңілің толмаса, кемшілікті өз басыңнан іздей бер.

Ана ақылы ант, сөзі бал.

Ана ақылшы, ата үкімшіл.

Әке ақылы - бұлақ,                                                                                                                      Ана ақылы - шырақ,                                                                                                                                                                                Аға ақылы - көмек,                                                                                                                         Іні ақылы - демеу,                                                                                                                      Бала ақылы - ұшқын,                                                                                                                                         
Өз ақылың - басыңда,
Іздегіш болсаң, қасында.

Әкенің «батырым», шешенің «құлыным» деген сөзін естіген балада жақсы сезім туып дамиды.

Қонағы жоқ үйді, көңілсіздік көлеңкесі ұялайды.

Екі есігі бар әке баладан безеді.

Отбасынан басталған әділеттілік, отау құрғанда да қалады.

Балалықтағы іздену, есейгенде нақтылы іске әкеледі.

Бірінші көрнектілік - отбасы, ошақ қасы.

Сезімтал болғың келсе, балалық дәуіріңе қайта орал.

Өз ошағында болмаған бақыт көршінің ошағынан келмейді, сондықтан қажымай талмай еңбектеніп, бақытты іздеу керек. Өзің іздеп таппасаң, ол
қаша береді.

«Үйге балаларым келсе, барлық дүнием түгел», - деуші еді марқұм анам, қазір өз басыма келіп отыр.

Әке суреті де тәрбиелейді , суретке де дұрыс түсе біліңдер.

Жұбайың жанында болса, жұлдызым төбемде дей бер.

Басқаның жұмағының қайда екенің білмеймін, өз жұмағым үйімде.

Екеуге тентек болсаң да, басқаға тентек болма.

Үйленуге барсаң, үйретуге барма.

Туыс та сыйлыстыққа мұқтаж.

Бірақ жанды алдамау керек, ол - бала.

Поэзияның пірін сәбиі бар анадан сұра, қайда екенін айтады.

Бала: атаға, анаға, әкеге, шешеге, ағағға, тіпті қала берді үйге келген
қонаққа да қарап өседі.

Сәбидің Алласы - анасы.

Ата салты дегеніміз - халықтың салты, адалдық пен ақтықтың салты.

Болар бала босағадан.

«Келешек көзі – балада» деп өсіріп келеміз.

Анаға бала бота болып қала береді, ана жүрегі деген осы, баласын сәби ете
береді.

Есейген бала еңбекшіл, есірік бала көшешіл.

Ерке бала есік таңдамайды.

Біреуге тас лақтырма, өз әкеннің басына түсуі мүмкін.     

 Біз өз отбасымызға өзіміз қонақ екенімізді ұмытуға әсте болмайды.

 Махаббаттың ұлылығы сонда: уақытпен бірге жасарып жасай да,
 жырлана да береді.

 Жақсы есім — қанатты ат сияқты баланың қиялын дамытады.

 Текті тектігін сақтайды, асыл асыл калпында сынады, жасып сынған  
 асыл жоқ.

 Балалы үйдің есігіне құлып керегі жоқ.

 Әкеден бала артып тумайды, тұрған ортасы арттырады.

 Жаман қатын қабаған иттей, жаман ер мияулаған мысықтай, екеуіне де кезіге көрме!

 Жаман қатын туысын балағаттар.

 Сыйлайтын басты талғап ал, байлығын емес, арын ал.

 Балалы үйде ат басындай алтын бар,
 Баласыз үйде татқа іліккен бақыр бар.

 Алған жарыңды жамандама, өз бағың мен сорыңды таңдап алдың.

 Өз отбасыңда жоқ қажеттілікті басқа отбасынан сұра, онда болмаса, үшіншісінен табасың.

Адам кейбір құпияны кейде өзі үшін, кейде отбасы үшін, кейде досы үшін, кейде туысы үшін айтпай кетеді, ал алаяқ зұлымдар айтады да адамдардың бақытына кесел келтіреді, тіпті махаббат сезімінде жояды, сондықтан менің айтарым «құпия құпия қалпында» кете берсін.

Ақымақ балаң болса, өз ұлылығыңнан қайғы шегесің.

Әйелің ұрысты ізденіп тұрғанда құтылудың бірақ жолы бар: аузыңды ашып «А» деме.

 Бәз-бәз ата-ананың тілін алған баланың отау үйінің ірге тасы қаланып жатыр.

 Ата-анасын налытқан, кім екендігін танытқан.

 Әкең айтып отырушы еді дейтін марқұм анашым: «Әкесі бай болмаған бай болса, қонбаған сай қалмайды, әкесі би болмаған, би болса айтылмаған дау қалмайды,деп, осы шындық па деймін.

 Әкең болса ауылда, дастарқаның жаныңда.

 Ұрпағы қалған адамды өлді деуге болмайды, жасын жасап жатыр
деу керек.

 Жақсы әйелдің мінезі кәсеге құйған шайдай, әуелі ыстықтау, аздан соң қоңыр салқын болады.

 Бала әкеден қала да, жете де, арта да туады, тең болып тууы мүмкін емес, ол табиғат заңына қарама-қайшы.

 Әке баласының өзінен арта туатынына үміттенеді,
 Шеше өзінен арта туды деп есептейді.

 Отбасын құрып, отау көтеру өзара түсінушіліктің үлгісі.

 Мосқал әйел нақұрыс болса, жақсылық әкелмейді. Үйіңе қырсық кірді дей бер.

 Егер әйелің ақылды болса, ол жаныңдағы да, жадыңдағы да періштең.

 «Бір, үш, екі» деп өмір сүретін қулар бар-ақ.

 Бақылауда еріне әйелі сай келеді, ғажап үйлесім!
                                                  
 Пай-пай, долы қатын дамбалы суланбай басылмас.

 Басынан сипап өсірген күшігің, бір күні саусағыңды қанатар.

 Шофер әйелімен ұрысса, түсе қалып машинасының дөңгелегін
тепкілейді.

 Өгей ана өгейлігін істемесе, өті ашиды.

Ана болып қалыптасу үшін кем дегенде үш бала табу керек, одан
аз болса анасымақ қана боласың.

 Әке даңқын асырғың келсе, әкеден асып кетуге асық.

 Әкенің де, шешенің де баласына берері көп-ақ, бірақ бала нені аларын
 әлі ойланған да жоқ.

 Үйге кім кірмейді? Бірақ бәрі бірдей адам бола бермейді.

 Қырсықты бала әкенің тілін бес айтқанда алады.

 Жақсы әйел — жан құты.

 Асты еркек табады, берекесін әйел келтіреді.

 Кісі үйінің кәсесі сылдырлауық келеді.

 «Көкектің» баласы көбеймесе деймін! Көбейсе өмір азады.

 Жаңа түскен келін бір жыл сында жүреді, өзі бала тапқан соң,
сын жүргізе бастайды.

 Үйленген еркектің бес жұмысы артады, әйелінің  мың жұмысы
артады, бірақ оны бөлісіп жатқан ерлі- зайыпты жоқ.

 Әйел күндіз — күн, түнде — шырақ, онсыз отбасы жүзге бөлінеді.

 Баласы жігіт болса да, әке-шешеннің жүрегінің құты жоқ.

 «Кім боламын» деп ерте ойланған бала, өзінің кім екендігін ерте анықтайды.

Әйелсіз үйде әйнек жоқ.

Ата жолын бала қайталап қана қоймасын, жаңа дәстүрмен байытсын, жаңа соқпақ тапсын.

Келін түскен үйдің өрісі кеңиді, әр үй келін түсіре берсін.

Еркек жеміс ағаш өсіреді, әйел ағаштың жемісін жинайды.

Тұздан ащы — жаман сөз,
Балдан тәтті — немере.

Өзгемен кездессең де, мекер әйелге жолама, жолықсаң мың теңге
беріп құтылуга асық.

 Үйге түскен келіннің негізгі қасиеті мәрт болсын деймін, онда ол еріне де, қонаққа да, туысқа да  жайлы болады.

 Немере не сұраса, соны бер, өз балалық шағың есіңе түседі.

 Жаңа түскен келін көлпек қардай, жанұяда аяғын нығыздап баса алмай именеді.

 Ұрысқақ ұлға, керіскек әйел кез болады.

 Ақылды қызды алыстан іздеме, ауылыңда жүр.

 Әкелі бала алаңсыз, тірегі барын біледі.

 Келбетті келін — ата-анадан.

 Өзіңе-өзің сенбесең, жар таппайсың.

 Үйі бардың күйі бар, Үйі жоқтың мұңы бар.

 Қатын желіксе, үй-жай қалар бетіне.

 Баланың — ардақтысы да, аяулысы да — анасы.

 Әкесіне көрсеткен жақсылықты, баласына да көрсет, себебі оның
 баласы сенің балаңа да өз істегеніңді істейді, сүйтіп өмір
 байланысы дәстүрге айналады.

 Сұрқия әйел күйеуін көрсе «басым» дер.

 Үйде немере жүгірсе, тай шапқандай, жиен жүгірсе ат шапқандай,
бұл неге?

 Анашым марқұм бала кезімізде айтып отырушы еді: алатын қызың ибадатты, ақылды болсын, деп. Онысы біздің
құлақтарымызға сіңе берсін дегені екен.

Әкесі айтпағанды, баласы айтады, оған таңданып қажеті жоқ, өзгерген өмір заңы.

Туыстың ерекшелігі: ашық күнде де, айсыз түнде де қол ұшын береді, сондықтан да туыспен тату-тәтті өмір сүруге асық, туыс — ауа да, от та, дауыл да, бірақ қауіпсіз.

Отбасы ар-намыс, қуаныш пен бақыт, тілек пен үміт ұясы. Ұяны құс та таза ұстайды.

Әйел үйдің ірге тасы.

Үйде әйел жоқ болса, отбасының берекесі кете бастайды, береке
әйелмен келеді.

Бір жігіт айтыпты: Ата-анам ізетім, бала-шағам сенімім,
отбасым құрметім, мен құдыретім,деп.

Анаға, анаға және анаға табын, одан асқан асыл да, ақыл да,
періште де жоқ.

Әкеден сұрап аласың, шешеден сұраусыз аласың, бұл баланың шешеге жақындығы ма деймін?

Отбасында қымғуыт болмау үшін, ерлі-зайыптының бірі асыңқы болса, екіншісі басыңқы болсын.

Әр еркектің өз «Тажмахалы» бар, әр әйелдің өз «ғумаюны» бар.

Өз әке шешеңді пір тұтпасаң, басқаның пірін сыйлай алмайсың.

Әкесіз ұлдың жарты өміріне дейін бірдеңесі жетпей жүреді, ал анасыз ұлдың өмірбақи бірдемесі жетпей кетеді, сондықтан әкесіз болсаң да, анаңның болғанына өзіңді бақытты сана

Бірінші баласынан: «Кімнің қателігінен сабақ аласың, балам?», деп сұрапты атасы. «Өзімнің», деп жауап беріпті ол. Сонда сол сұрағын атасы екінші баласына қойғанда, ол: «Басқа ақылды адамдардың қатесінен сабақ алар едім, ата!», деп жауап берді. Сонда атасы: «Онда сенің келешегің бар екен, әр кез жолын болсын, балам!», деп, батасын беріпті.

Балалы анада кемшілік жоқ.

Әке-шешенің отбасындағы тәрбиеден тәуелсіз еліміздің тарихи басталатынын еш уақытта ұмытуға болмайды.Сондықтан, мектеп ұстаздары нақтылы отбасының тірбиесімен бірлесіп, үйлесімді жетілдіріп, әр отбасының ерекшелігін ескеріп жүйелі, шын сыныптан тыс тәрбие жұмысын жүргізуді мықтап қолға алып, бақылау мен байланысты іскерлікпен жетілдіру керек.  Жаңа дәуір жаңа әдіс-тәсілді, жаңа қарым-қатынасты қажет етіп, күтіп тұр. Мектеп пен тобасы нақтылы іскерлік байланысты қажет ететін дәуірде екеңінді ұмытпаңдар.

Менің өмірімнің 75%- ті аяулы анамның тәрбиесінде болды десем, қателеспес едім. Қалған 25%- тін достан, жлдастардан, еңбек ұжымдарынан, қоғамдық ұйымдардан алдым. Ана тәрбиесінде көп болғандықтан, адамдардың ақ жібін алып пайда еткен емеспін. Адалдық жолды мәңгілік етуді анамыз айтып отыратын, ол менің ойымның бір түпкірінде мәңгілік сақталған еді. Ана сөзінен асыл, ардақты сөзді маған ешкім айтып көрген жоқ.

Ерлі-зайыпты болған соң, бала өсіріп тәрбиелеуге міндетті және борышты екеніңді естен шығарма.

Текті бала ана жүрегінің лүпілін «а» дегенінен сезініп, анашым деп жағдайын сұрап, оның қасірет қайғысына ортатасып, қолынан келген бар көмегін көрсетеді. Бұл адал туған ғана баланың істейтін ісі. Баланың адалдығы әке шешенің кетпес дәулеті мен бақыты. Балалардың өркендеп өсуі әке шеше үшін үлкен бақыт, барлық ата аналардың тілейтін тілегі осындай!

Отбасының бақыты әйел, қадірі еркек.

Ерін сыйлаған әйел қартайса да, еліктің лағындай жан жүрегі нәзік сезімге толы нұрлана береді. Мұндай отбасында жүрегі адамгершілікке толы сәбилер тәрбиеленіп өседі.

Әке шешенің ең үлкен бақыты: баласының жақсы азамат болып өсуі, одан басқа олар құдайдан ештеңе тілеейді, сондықтан әке шешенің осы бақытын баянды ету сол баланың өзіне байланысты, осыны ерте сезініп, өзіңде бар барлық қасиетіңді пайдаланып оқып, ізденіп, еңбектеніп, өзіңді қалыптастыр. Жалғыз әке шешенің тілегі мен олардың көксегенің көрсете алмассың.

Болар бала бесікте жатып, жоспар құрады.

Бесік жырын естіген, бес арыстың баласы.

Бесік жырын естіген, жердің үнің естіген.

Жұбайы ақылды еркек шын бақыт құшағындағы жан.

Әйеліңнің тілі ащы болса, жауды алыстан іздеп керек емес.

Нағыз әйелде ақылдылық пен биязылық, еркелік пен сыйлаушылық, еңбекшілдік пен бауырмашылық бөлінбейтін бірлікте болатын тұтас әлем сияқты.

Сәбиді тәрбиелеуді әке шеше өздерінен бастасын,  сонда ондай сәби адамдық жолдан адаспайды.

Әке шешенің тұрмыс салты, өмір көрінісі сәби үшін бағыт бағдар көрсететін компас.

Әке шеше елім деп еңіресе, балаларын тәрбиелеуге жете көңіл бөлсін.

Балалармен сөйлеспей өткенді де, бүгінгіні де бағалай алмайсың. Балалар осы екі шақты байланыстырып келер шақты бейнелейді.

Ел аузынан естігенім. Немере туралы. «Сүюге келгенде тең балам, сүйеуге келгенде кем балам» немесе екінші варианты «Сұранып келгенде өз балам, сұранып барғанда кем балам».

Балаңның кім екендігін біліп танымай өзіңді өзің танып түсіне алмайсың.

Бала нені біледі дейді көптеген есейген азаматтар? Бұл түбірімен қате. Бала жүрегі мөлдіреген таза ғана емес, құпиялы ғажап ойға, арманға, қуанышқа, аңсауға толы.

Баланың сезгенін кейбір кәрілер білмей де қалады. Бала жаны күрделі жаратылыс.

Сайың малға толсын, отбасың жанға толсын.

Адам болар ұлдың белгісі: өзін өзі көрсетеді, өзін өзі көтереді, өзін өзі демейді.

Жұмыстан келгенде қатыныңның қабағынан қар жауып, аузы бітеліп, демі білінбесе, үйіңе қырсық есіктен де, терезеден де кірді дей бер. Аш бол, тоқ бол, үйдегі әйел ерін дұрыс қарсы алуы үйге кірген ырыс, босағадағы жарық, дастархандағы толы нан дер едім.

Қырсық әйел тырысқақ, кеудесін жаман ой кеулеп, не айтарын білмей, момын күйеуін аңдуда болады. Ердің бірінші бақыты расында жайлы, жарқын жары дер едім.

Үстемдік бар жерде еркіндік пен даму жоқ. Тіпті отбасында да осы құбылыс болады.

Ақылды әйел үш бала тапқан соң мінезін көрсетеді.

Үйлене сала, әйелімді білдім деме, тоқсан тоғыз білмегенің бар.

Балалар, таланттарын ұйқыда жатыр, оята біліңдер!

Туыстан туыс ісін, әрекетін, ойын, арманын жасырмайды, бұл туыстықтың негізгі заңы, оны әр туыс орындауға міндетті, борышты.

Әйеліңмен қанша тұрсаң, сонша оның мінезінің өзің білмейтін сырларын білесің. Сондықтан да әйелдер өмірбақи оқылатын беті шексіз кітап сияқты. әйелдер оқуға тұратын әлем кітабы.

Үйіңдегі әйеліңнің  тымырсығы үйге кірген қырсықпен бірдей. Әйел әр кез жайдары болуы керек.

Бір бұзық баланы көріп, Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі ата анасынан, екіншісі ұстазынан, үшіншісі құрбысынан.»

Әкені әке, шешені шеше деп сыйламаған, қазақ бола алмайды.

Ағайынсыз мал жоқ, мал жоқ жерде ел жоқ.

өмірдің қызығы да баладан, бұзығы да баладан, сондықтан бала тәрбиесінде демалыс жоқ, өмірдің өзі сияқты үздіксіздікті талап етеді.

Бала әке шешенің қайталануы десем шындыққа жақын ба, қалай? Оны көріп өзіңнің өткен өміріңді елестетесің, сондықтан балаңа өз қателігіңді қайталамайтын жағын ойластырып тәрбиелеу керек.

Әзіл сын оспақ отбасын көркейтеді, жинақы етеді.

Әр кез анама борышты сияқтымын.
Бақытты бала бақытты құшақтан туады, бақытсыз тебе туады.

Үйіңе қонақ келсе, әйелің есік алдына отырып алса, онда ол жақсы пиғылда деп ойлама.

Қонақтың жайлы жайсыздығын әйеліңнің қимылынан ақ аңғаруға болады.

Күнде болмаса, күнара әйеліңнің қабағына қарап қой, әйтпесе сөзің өтпей қалады.

Жақсы әйел баласы үшін өз жанының құрбаны бола алады.

Қонақ шақырамыз, депті күйеуі.                                                                      
Он екіде бір мүше жоқ, қалай шақырасың?, дейді әйелі.                            
Осы күнгі қонақ мүше жемейді, дейді күйеуі.

Әйелім жоқ дегенің, әлегім көп дегенің.

Еріншек әйел ерінің мойнына асылғыш келер, табысын шашқыш келер.

Жеңешеге жеткен сөз, құс болып ұшып кеткен сөз.

Қатты айтпа қатынға қаһары бар, жұмсақ айтпа, артыңнан асары бар, сондықтан да қатты мен жұмсақтың ортасын да ұста, тоқтатуға оңай.

Әйелің шайпау болса: көзің соқыр, құлағын керең, аузың жұмулы, қолың байлаулы, аяғын тұсаулы дей бер!
Атың тебеген болса, артынан жүрмейсің, әйелің тебеген болса не істейсің?

Жаңа үйленгендерге айтарым: күйеуі жарын сыйласын, күтсін,
тыңдасын, бірақ өсегіне қосылмасын.

Дырдушыл жігіттің әке мен шешеге әкелетін қызығы аз.

Ар ұят анадан,
Ақыл ой данадан.

Сәбиді ас ішуге қалай үйретсең, адамды силауды, сүюді де солай үйрет, сонда отбасыңдағы өзіңнің аналық борышыңның бірін анықтағаның.

Ерлі-зайыпты бірін бірі тәрбиелесе отбасы беш береді. Үйлендім болды емес, үйлендім бірімізден біріміз күшті екенімізді білдім де, қайсысы шын күшті оны алдағы уақыт айтады.

Үйленген еркектің бес жұмысы, әйелдің он жұмысы артады, бірақ оны сезіп біліп жатқан ерлі-зайыпты аз-ақ.

3 комментария:

  1. Осы сайттың админіне немесе жауапты адамға айтайын дегенім, мынандай сөздердің (ойлар, афоризмдер, мақал-мәтелдер т.б)авторларын жазу керек. Міндетті түрде. Сонда сауатты болады. Рахмет!

    ОтветитьУдалить
  2. Қайырлы күн, құрметті азамат(ша)!Бұл сөздердің авторы Бүйімбаев Мағжан Биғозыұлы. Рахмет!

    ОтветитьУдалить
    Ответы
    1. Зарина саламатсыз ба, Мағжан Бүйімбаев туралы жазып жүрген сіз ғой деймін. Мен мұғалімдерге арналған журнал редакторымын. М.Бүйімбаевтың ойлары өте ұнады, маған биографиясын ібересіз бе қайдан табуға болады. ағартушылық қызметі туралы ra_mai_ra@bk.ru

      Удалить