вторник, 3 апреля 2012 г.

Өмір, тағдыр, Жаратқан туралы


Біз тағдырға дәрменсізбіз, тіліңді тістеп, басыңды ұстап қала бересің, бірақ адамдықтың қасиеті де осындама деймін?

Адам тіршілігінің өзі бақыттың көзі.

Менің пәктігімді білетін екі ақ жан бар: өзім және Жаратушы ием.

Адам өле-өлгенше бес нәрсеге талпынып кетеді: ойлау, оқу, қиялдау, іздену және жасау.

Біреуді басы көтереді, біреуді қалтасы көтереді, біреуді қайынатасы көтереді, өмір сатысы деген осы.

Сараманда кім адал болса, сол қиындыққа көп кездесіп жүреді, өз басымнан талай өтті. Мен өмірге бір жақты қарап кеттім, білем. Бәз-бәз жалған сөйлемесең, іс бабына келмейді, себебі тағдыр соған өзіңді мәжбүр етеді.

Тіршілік қажеттілігі болса, бізбен де құдық қазарсын.

Адамның өз ағзасы өзіне ажал дайындаумен өмір сүреді, өзіңді жейді, өкінсең де, өкіресең де бұл ақиқат, шындық.

Қиындықтың ар жағында іздегенің жатыр, бетіңнен қайтпа.

Тақта  отырған ер жігіт тақырда да отыратын күн болады. Әр нәрсеге сабырлық жаса, уақыт өзі көрсетеді.

Адам өз өмірін ұзарту, қоғамы мен өзіне байланысты.

Адамның жаны шүберекте түйюлі қалтасында жүреді, жоғалтып
алма, табылмасқа кетеді.

Бір секундтың өзі адамдар тьғдырын шешеді.

Адам болған соң қиын жағдайлар табан астынан болады, оны тағдыр дейміз, бірақ кажып иығыңды түсірме, әр қиын жағдайдың да сәтті уақыты келеді.

Мен өмірбақи өзіме-өзім ақылшы, сыншы болып өмір сүрдім, бірақ бұл үлкен қателік екенін кейін білдім, сыншы сыртта тұрсын.

 Адам жағдайдың қожасы бола бермейді, оның құлы да болады.

 Адам өмірдегі қиындықты жеңумен өтеді, онсыз оның өмірі тоқтаган сияқты.

Біз симметриялық денелердің, өрістердің қоршауындамыз, біз өзімізде симметрияның шебер үлгісіміз, адамнан көркем жаратылыс жоқ.

Менше адамның барлық өмірі: сұрау мен жылаудан тұрады.

Жеңіл өмір жоқ, көңіл бар, бірақ көңіліңе тоқтау берме.

Елуден біреу ғана ойламаған бақытқа кездеседі, өмір жұмбағы деген осы.

Өмірде ойлағаның қашықтай береді, ойламағаның жақындай береді.

Адамның бақытты өмірі ұмытылып, бақытсыз өмірі әр кез жадысында жүреді, ол адамның адамдық қасиеті.

Бақыттыға бағын, өз бақытыңды іздейсің.

Бақыт құсы бар болса: қойшының таяғына, ақынның қаламына, ғалымның басына, жұмысшының алақанына, саудагердің бармағына, шебердің саусағына қонуы анық.

Бақыт құс болса қонуы да, қайта ұшып кетуі де мүмкін.

Арамдық пен жауыздық болған жерге бақыт құсы конбайды, сондықтан еңбегіңе арың мен адалдығың сай келсін.

Бақ бас таңдамайды.

Неге дәмеленіп жүрсең, соған кезігетін күн туады.

Арманым жақындап тұр, бірақ қолым жетпейді.

Ұзақ жасап, көп білу - бақыттың ең үлкені.

Әр күні бір ауыз әзіл айта жүр, өміріңді ұзартасың.

Бар болса - бересің,
Жоқ болса - көнесің.

Бақ кімге қонса, сол силы болып шыға келеді.

Бақыт та солкылдақ жүректен қашып жүреді.

Бақ қонса басыңа, кемең өзі жүзе береді.

Қазір ойлап отырсам, өмірімнің 90%-ті өкінішпен өтіпті, сол өткен өмір осы 
 өкінішімен қызық па деймін. Адам өмірі өкініштер жиынтығынан тұрады.

Кітаптағы абзац тәрізді адам өмірінің де абзацтары бар-ау.

Бақыт қонса басыңа, көңілге кірмес жасу да.

Өмірде бірде асып, бірде сасып, бірде жасып, бірде тасып ит жығыспен келемін, басымды қасып. Жұмыр бас жұлынғанша бәрін көруге жаратылған.

Өмірде әттеген-ай демейтін пенде жоқ-ау, сірә!

Өткен өміріңе өкініш жасама, келешегің күдікті болады.

Барлық адамдарды өзімдей көрдім - бұл бірінші қателігім. Көргенім, білгенім
аз дей бердім - бұл екінші қателігім. Жұмыс, жұмыс дедім - бұл үшінші қателігім. Бірақ осы кемшіліктерім өзіме өмір мектебі сияқты көп дүниені үйретті, кемшілік көрмей кемелдене алмайсың дегім келеді. Бақытты өмір жетістікке де, кемшілікке де толық, өмірдің қызығы мен шаттығы осы ма деймін...

Барлық адамға ортақ мақсат өмір сүру, бірақ багдарлама жасап өмір сүретіндер көп емес, көбінесе тағдыр ырғағымен кете береміз. Негізінде, алдыңды, артыңды ерте ойланған дұрыс па деймін, «кештік өмірің болса, түстік мал жина» деп халық тегін айтпаған.

Тағдырдың күштілігі сонда көңілің қалған адамға бірнеше рет мұхтаждықпен барасың. Тағдыр төреге де тізе бүктіреді.

«Өмір» деген сөз барлық тіршіліктің бісмилләсі сияқты, шаршап-шалдыққанда: «өмір-ай» дейміз.

 Өмір жөндеуден өтіп отырмаса тез тозады, тозбайтын нәрсе жоқ, сондықтан не 
 болса да, күтіммен ұстау керек. Өмірді жаңарта беріңдер.

 Өмір тірлікте — тор, өлсең — қап-қара көр!

 Дәреже мен мансапқа өкініп өмірден түңілуге болмайды, ол дүниеқорлық, ондай пиғылдан аулақ болу керек, дәреже келді, кетті, адамдық қасиетің мәңгі қалады.

 Мәңгілік досың бар, бір алып кетсе жібермейді, ол — өлім. Өлім қашып құтылмайтын досың.

 Біреулер: байлығына, дәрежесіне, ақылына, тірегіне, еңбегіне, арына, құлығына сүйеніп, өмірдің біріне-бірі ұқсамайтын қызығын да, қайғысын да бастан өткізіп жатыр. Әйтеуір жанталасып жүгірген халық, қайда, неге сонша жүгірісте десем, бәрі де тіршілікті қуып жүр екен.

Өлген азап емес, ауырған азап.

Тағдыр осалды күйретеді, күштіні күйлентеді, тағдыр да күштілер жақта
екенін ұмытпа.

Өміріңді ұзартуга талпын, себебі уақытта шек жоқ қой, бәрімізге жетеді.

Әр пәнденің өрісі бар, сол өрісте жүріп біреумен достасасың, енді біреумен қастасасың, әрдайым достасып өту, не әрдайым қастасып өту деген өмір болмайды, оның мәні де, сәні де жоқ.

Ажал, өлім барын біле тұра, арман кемесінде жүземіз, сүйтіп арманның әлегімен оларды ұмытамыз. Өмірден өлімді қашырыңдар.

Бүкіл әлем нүктеге айналып кетсе, өмірің бітті дей бер.

Өмірді сынмен емес, сырласумен өткіз, көп нәрсені білетін боласың.

Ертерек саналықпен осы дүниені ойла, заңдылығы мен әрекетін біл, дамуы мен өсуін түсін. Ортаңды таны, тәңір ісі деме, адам ісі деп жұмыс істей біл.

«Ол дүниені» ойлама, шақырмай өзі келеді.

Молшылықтың көзі — денсаулықта. Денсаулық куаныштың жиынтығы.

Тағдырға қарсы тұрма, оны жеңетін күш әлі табиғатта жоқ.

Біз адам тағдырын, бүкіл ағзасын ғарыш құбылысымен байланыстырып, ғасырдан-ғасырға келеміз, одан ғылымның бір қорытынды шығаратын күні алыс емес.

Не нәрседен, не ойдан күдіктеніп қашып жүрсек те, алдымыздан шыға береді, соған қарағанда өмір қуанышты да, қорқынышты да ма деймін?

Тағдыр тәлкегіне кездеспе, ол ақылға да, бакытқа да, байлыққа да. кедейлікке де бағынбайды.

Тіршілік үшін ақырғы деміңе дейін талпынасың, өмірдің тәттілігі деген осы.

Ұйқы тынығудың ең тиімді жолы, бірақ көп ұйықтауға дағдыланба, мәңгілік ұйқы алдыңда.

Өмір дүлей дауыл, үскірген аяз, ысқырған боран, ешкімге де рахат сыйламайды, мылқау мақұлық, жұта салуға дайын. Адам осылармен алыса жүріп, ақыл-айласын асырып, тіршілікті көрікті де көңілді етіп жүрген бірден-бір ұлы тұлға.

Өкінішке толы өмір, өкінбесең бітпейді.

Өмірдің мәні өкініште емес, өкінішті болдырмауда.

Үш күн нәр татпағанның бір жұма өмірі ұзарады.

Жақсы әмір жарық дүниенің жұмағы, шамаларың келсе, кіріп қал.

Кәрілер айтады: «Ең қызық келешек өмір емес, өткен өмір», деп. Мұны,мүмкін, келешекте біз де айтатын шығармыз.

Қай құдайға сиынсаң да, өлетінің анық. Жалынып жапа шексең де жетектеп
жетеді.

Біз лажсыздықтан: ажалға, түрмеге, аштыққа көнеміз, себебі басқа істейтін амалың жоқ, алла басталған үстемдікті адам аяқтайды.

Өмір «қасқыры», өмір «түлкісі» болатын жай туады, оған өмірдің өзі әкеледі, бірақ адамгершілігіңді тұмар етіп, жадыңа сақтай жүр.

Молла келсе өлімге, құдай үшін келдім дер.

Аш қалмаймын деп өмір сүрме, аштықты болдырмаймын деп өмір сүр, сонда өз қамыңды ғана емес, басқаның да қамын ойлайтын боласың.

Бір күндік өмірдің бір жылдық әрекеті бар.

Тірі кездегі мүлкің, өлгенде де керек, себебі қалған халықты ренжітпейсің.

Тағдыр аз-маз ұшы көрініп түрған арқан, ұстасаң не жоғары, не төмен кетесің, екеуі де қауыпті, сондықтан да тағдырдың бергені осы дейміз.

Адам адам үшін туады, адам адам үшін өледі.

Адам тіршілігінің өзі жұмақ та, тозақ та, өлген соң оның қайталануы мүмкін емес, өзіміз шығарғ|ан жұбаныш.

Бақытты болсаң — жұмақ, жүдеп жүрсең — тозақ, ендеше жұмаққа да, тозаққа та кіретін бірақ есік бар.

Шипасыз ауыру болуы мүмкін емес, табиғат заңына қайшы.

Ауыр бейнет, ащы тер, ұшқыр ой, ыстық сезім адаммен ғана байланысқан, сондықтан адам табиғатында бакытты жаратылыс.

Үміт — өмір, түңілу — өлім.

Ауыруы бірдің мұңы да бір.

Біз өміріміздің өлшеулі екендігін біле тұра, өлшеусіз тілек тілейміз, бұл адамдардың келешекке деген құштарлығы ма деймін?      

Жаратқанның берері де «жан», алары да «жан», басқаның бәрі өз қолыңда.

Сұр тұманда шам керек,
Ауырғанда жан керек.
Соқыр тұманда жол қауіп,
Тұмау келсе жан қауіп.

Тірі жүрсең періштеге де, періге де кездесерсің, екеуінен де пайдалы дегеніңді алып қал.

 Біреу күліп, біреу жылап жатады, біреу қуанып, біреу мұңайып жатады, бұл өмірдің жазылмаған заңы.

 Өмірді біліп те, көріп те тоя алмайсың, шексіз  бақытқа толы әлем.

 Тағдыр бізбен санаспайды, онымен өзің санасуың керек.

 Жан бермек бар, ар бермек жоқ.

 Денсаулығың өзіңде, ерте ойлан, сезін де.

 Сауыққың келсе, саусағыңды қимылдат, аузыңды жап.

 Күнде күлмесең де, бір жымыңда, жүйкең түзеліп қалады.

 Өмірде мына бес жағдайға кездеспе: жалғыздық, аштық, түрме, соғыс, жала

Денсаулығың: аузың менен аяқта.

 Өмірде сенген адамыңды «жаратқаннан» кем көрмейсің, себебі жағдай адамды адамға құл етеді, ал «жаратқаның» оқшау қалып көрінбейді.
Ол дүниеге де үміттен басқа аларың жоқ.
Өмірде оқып болып жасамайсың, жасай жүріп оқисың, сонда білімің өміріңде нақтылы сипат алады.
Өмір қортындысынан туған шындық аксиомаға айналады.
 Денсаулықтың кепілдері: таза ауа;  қой құрты, қой қатығы;  ет пен қымыз; тау, қараған жуасы — табиғи көкөністер; атқа мініп жүру, желу, шабу.

Өмірде қателесіп үйренем деме, қателеспеуге үйрену керек.

 Біз ерте ме, кеш пе, тағдырдың тұтқынында боламыз, одан қашып құтылғанды естігем де жоқ, көргем де жоқ. Тіршілік көзі сан алуан болса, тағдыр да сан алуан, біз оны күтудеміз, бірақ мән беріп көңілімізге ала бермейміз.

 Біздің үлкен қателігіміз, өткен өмірімізге өкінеміз, бұл дүниетануымыздың төмендігі, өткенді қимастық па деймін?

Қиналғандағы қуатың біреу ақ жаратқаның.

Тағдырға жаратқан да тосқауыл бола алмайды.

Алынбайтын қамалың жатқан көрің.

Туу хақ, кәртею хақ, өлу хақ, қалғанның бәрі өткінші

Күн сайын өзіңді өзің жігерлендіріп, күш қуатыңды сергек ұстап, жұмысыңды әділ орындап тіршілік ету керек. Бұл көп жасаудың бірден бір даңғыл жолы.

Бұл өмірде ақылдылар мен момындар зардап шегеді, таяқ жейді, тіпті жазықсыз «бір ауыз» сөзге өлтіріп те жүр. Қандай шектен, адамдықтан шыққан тағылық.

Саулықта шынықпаған ағзаңды ауырғанда шынықтыра алмайсың, оған дәлелдің қажеті жоқ.

Қара жерге түскен, қара жерге кіреді, бірі ерте, бірі кеш. Қорқыт атамыздан зор емеспіз, өлімнен қашып құтыла алмаған.Жер де туған жерге барады.

Па, шіркін, нәпсісіз жан жоқ! Өмір осы шексіз нәпсісімен күрделі ме, қалай?

Өмір гулстан, өлім көрстан. Гүлстанды көрген, көрстанда болмай қоймайды.

Әкеңе өкпелесең өкпеле, өмір сүрген қоғамына өкпелеме, ол қоғамға  бейімделмеген өзіңе өзің өкпеле.

Өмір ит жығыспен өтеді. Бірде бар, бірде жоқ. Үнемі бар деп жағымпаздар айтқан ба, қалай?

Адам шын қысылғанда иненің көзінен өтуге дайын, міне тағдырдың құлы деген осы.

Табиғи берілген өмірді адам әмірімен қысқарту айуандықтың ең жоғарғы тағылығы, кешірілмейтін күнә, мұны түпкілікті тоқтатып жоюдың ғасыры туған сияқты.

Адам өмірімен жаратқан ойнап көрген емес, қайта адам ойнап жүр. Бұл рухани төмен сатыдағы жексұрын адамдардың әрекеті. Мұны үкімет мықтап қолға алып, түп тамырына балта отырғызу керек.

Тағдарға қарсы тұрасың, күресерсің, әрекет айла жасап, қарманарсың, бірақ жеңе алмасыңды білген соң, шабан аттай бас шұлғып тәжім ете берерсің. Әкеміз тағдырдың тәлкегі болып, ақтан ақ кетті емес пе? Сүйегінің  қайда екенін де білмейміз. Менің қолымнан да ештеңе келмеді. Атын атап, есіме алып қоямын.

Мен бақыттымын деген жандарды аз естідім. Рас бақытты адамдар бар. Басқа адамдар неге бақытты бола алмайды? Олар да адам ғой! Әділдік қайда? Осыған келгенде менің көңілім бұзылып, бар адамды теңестіретін бір ғаламат бақыт теңдеуін тапсам даймін. Ешкім еш адамға тәуелді болмай, бірдей рухани, материалдық деңгейде болса деймін. Адам адам болып дүниеге келген соң, бәрі де өмір сүргені дұрыс ақ.

Өмірге асып келіп, сасып кетесің.

Адам өзін өзі алдап, тіршілік жасайды.

Тағдыр кейде бізді күлкі етеді. Ойламағаныңды береді. Онда қуанасың да, жылайсың да. Бірақ айтарым, әр кез сабырлық керек, сонда біреудегі мың теңгеден өзіңдегі бір теңге артық пайда беретіні анық екендігіне көзің жететін болады.


Тағдырға көніп қана қоймайсың, бағынасың, мойындайсың, дәрменсізденесің, бүкіл әлемде сенен басқа ешкім болмайды.

Жіп үзілсе, байлаймыз, сүйек сынса, ораймыз, сүйтіп бас аман деп жүре береміз.

Адам төс, тағдыр балға.

Біздің өміріміздің бір қызығы ойланбай әрекет жасап, «аһ ұрып» жатқанымыз.

Болмысты жағдай билегендіктен жартылап бүтінге жете алмай келеміз.

Қандай қиындық болса да, енжарлыққа ырық берме.

Тағдыр адамға күледі, тәлкілейді, илейді.

Ойланбаған жағдай әбсәтте кездесуі мүмкін, өмір осындай көріністерімен қымбат па деймін?

Тіршіліктің тұтқасы адамның біріне бірі сенуінде.

Өз тіршілігің, өз жұмағың.

Шеберліктің теңдесі жоқ үлгісін Жаратқан ғана көрсеткен. Басқа ұлы шеберлер соған ұқсап, бағып келеді.

Құдайдан қанша сұрасаң, сонша рет жоқ дейді, қайта түкте сұрамай бір өзіңе сенемін есең, ойлағаныңа кезігесің.

Жеңіл жол біреу ақ: о дүние, бірақ оған кеткен бар қайтып келген жоқ. Сондықтан, қандай қиын болса да, осы дүниеге жетері жоқ.

Өмірде не көп, құдай көп. Құдайдан қорқамыз да, сиынамыз да, жалынамыз да, бірақ біршама халықтың өмірде азап шегетіні не? Олардың жазы неде? Бұл сұраққа әлі ешкім жауап берген жоқ, бергенімен зардаптан құтылған халық жоқ. Менше, қуаныш бар жерде өкініш, зейнет бар жерде бейнет болып жүре беретін тоқтаусыз үрдіс пе деймін? Біз, қазақ, бір қорықсақ қорқақтай берреміз, қашан шектен шыққанша.

Тіршілікті ұзартудың бірден бір анықталған жолы спорт, спорт, спорт. Спортпен шұғылдану керек, басқа әрекеттің бәрі осы спорттың қосымшасы.

Бақытың көкте емес, өз маңдайың мен қолында.

Тіршілікте мың сын, өлген соң сын да жоқ, ым да жоқ.

Тәжірибеде «жұмаққа» кіруге жалқау да, күнәһар да, еңбеккер де талпынуда, мен бармайын деп олардың ешқайсысы айтпайды. Міне адамдардың жақсылыққа талпынысы қандай қуанарлық жәйіт.

Жеңілістің соңында жеңіс, бақытсыздықтың соңында бақыт, кемшіліктің  соңында қуаныш деген үмітпен өмір сүрдім, үмітімді үзбей адал еңбектене бердім, сүйтіп өзімді өзім жұбатып өстім.

Не де болса «тәуекел қайығына» отырып, жүзіп кету керек.

Тағдырға ғана ерік бересің, тоқтатып көрген ешкім жоқ.

Кей пенде бақыт құсын қолына ұстап туады, қайсыбірі ер жете ұстайды, енді бірі өмірбақи ұстай алмай қолын созып өтеді. Жаратқанға байланысты болса, онда бұл жаратқанның әділетсіздігі.

Жалғыз талантпен бақытты бола алмайсың, қосымша тағы бірдемесі керек сияқты.

Неге үйренсем, сонымен кетемін деген психологияға еш берілме, жағдай мен тағдырға ұшырасаң, үйренбегеніңді үйреніп, жиіркенгеніңді сүйетін боласың.

Адам бейнет үшін тумайды, дәулет пен бақ үшін туады, сондықтан оны адам дейміз.

Әр істе де қабағың ашық, көзің нұрлы болсын, ауырлап жүдеп жасыма, сонда жаратқанның көзіне түсесің, ол деген сөз рас жаратқан көреді деме, өзіңді илеп жүрген адамның бірі көріп, қол ұшын береді. Жаман болсаң, итеріп тастайды.

Біз күн, ай, жыл өткеніне қуанамыз, бірақ «ажал құшағына» жақындай түскенімізге мән де бермейсіз, сүйтіп жүргенде көз жұмғаныңды білмей иттік өміріңнен ғайып боласың.

Барлық жеңісті өзіңнен баста, қорытындысын өмір көрсетер.

Жылап келіп, жұбанып кетесің, армансыз келіп, армандап кетесің, нені армандадың, оны ешкім білмейді, өзің де білмейсің, себебі арман көп, қайсыбірін айтасың? Сөйтіп, бір минут та ойлауға шама бермей, ол дүниеге жүре бересің, сонымен адамға ең үлкен арман, меніңше, көбірек тіршілік ету, жарық дүниенің қызығын көру ме деймін?

Құдайдың барына сенбейсің, оның өсиетіне сенесің, сүйтіп өзіңді имандылыққа тәрбиелейсің, міне үгіт-насихаттың күші неде жатыр. Жоқты бар етіп сендіреді, соған шын ниетіңмен берілетін боласың.

Өмірде «жолы болған» адамдар көп, оны көзім көріп, құлағым естіді. «Орта ойдағы адам» керемет дана болып кетеді, оларға өмірдегі басқа біреудің әсері, қол ұшы көмектеседі. Ал мектепте алғыр оқып, ештеңеге жарымай, орта адам болғандар да аз емес. Сонда өмірде рас «жолы болғандар бар ақ» екендігін мойындаған дұрыс.

Өзіңе жайлы жағдайдың бәрін бақыт деп сана, әйтпесе бақыт құр айтылатын алдамшы сөз болады.

Тағдырдың қожасы тағдыр ғана, адам оның құлы.

Өмір тәлкегіне еш адам кезікпесін. Ол дегеніміз, шөлде су, тұманда жол іздеген адамдай боласың.

Жаратқанда бірақ талап тілек бар, барлық халық өзі іспеттес болса екен дейді. Адамдар, Жаратқанға ұқсап бағыңдар!

Тағдыр адамды ымыраға келтірмей қоймайды, ықтиярсыз көнетін боласың. Ұлы жеңіске қолдары жетіп жүрген тарихтағы ұлылырдың көбісі ымыраға келіп, басын иген. өмірбақи жеңіс болуы мүмкін емес, әпербақиндардың шығарып жүргендері.

Ақыбатсыз өмір жоқ, әлдебіреулер оны ұмытып, кеудесін көтеріп, танымай жүр.
Сонда өзінің бір аяғы миғражда тұрғанын сезбейді де. Мұндай адамдарға көп үйір болуға қажет емес.

«Растың бір аты хақ, хақтың бір аты Алла», - дейді А.Құнанбаев. Хақ деген сөз: Құдай, Алла, Тәңір, Жаратқан, тағы да басқа Алланың мың бір аты бар деп отыратын анамыз Әліп, ал мен үндемей тыңдап, ішімнен осы мың бір атты білсем деп отырдым. Кейде  «неге бір хаққа осынша ат берген?» деп те айтушы едім. Қорытынды: кім адал болса, сол хақ, шындықтың бәрі хақ деп түсіну керек.

Жаратқанның өзі диалектиканы шебер пайдаланған: «қай жерде періште, сол жерде шайтан».

Барлық бақытсыздығымызды Аллаға жауып құтыламыз. Ол деген сөз «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге үйренгендік дер едім.

Әр адам өз несібесімен бақытты.

Адамдар! Құдай бар деп сене бер, арым таза деп айта бер, жұмаққа барам деп сиына бер, ешкім кедергі жасамайды, өзіңе өзің қожасың. Бірақ ажал, аштық, кесел келсе, құдайың да, адалдығың да, жұмағың да ұмытылады. Өзіңмен өзің  боласың, араша түскен адам ештеңе істей алмайды. Бүкіл әлемің нүктеге айналып кетеді.

Өмір жұмбақ, сырға толы! Тіршілікке жетер ештеме де жоқ. Тіршіліктің мәні бақытты өмір сүру, сондықтан оны мәнді де, сәнді де, сыйлы да өткізе білуге бейімдел.

Өлшемді өмірге шектеусіз азаптанасың, адамның басқа тіршіліктен айырмашылығы осы ғана.

Адам өз өмірін ұзартамын деп жанталасуда, бірақ бұдан нәтижелі іс шықпайды. Біз өмірімізді ұзарту үшін өзіміз тұрған жердің өмірін ұзартудан бастау керек. Сонда мақсатымызға жетеміз.

Әр адамның өмірде өз шырағы бар, ол шыр етіп жарық дүниеге келген мезеттен жанады, бірақ оның қашан сөнетінін ешкім де білмейді, білген күнде тіршіліктің мәні жойылар еді.

Сұраусыз өмір, ойсыз көңіл болып көрген жоқ. Алладан да, адамнан да сұраумен келеміз, бірақ ешқайсысы да айтарлықтай жарытып жүрген жоқ. Өзіңнен басқа сұрайтындай тіршілік жаса.

Жаратқанның бары рас болса, ол тіршілікті күрделі, біріне бірі тәуелді, бірінің бірінсіз күн көруін мүмкін еместей жаратқан. Ұлы әмірші ғана емес, ұлы дана ақылшы екенін көрсетіп келеді. Мысалы, өмірімізде бақытты бар, бақытсыз бар, ақылды бар, ақылсыз бар, енді бірінде түкте жоқ мәжүн. Оның  жазығы не? неге адамды тіршілікте мұнша алалаймыз? Осындай кемшіліктің бәрін өмір сүретін қоғамы қамқорлққа алып, адамды алаламай  бірдей жағдай тудыру керек.

Адамның ішкі көңіл күйін жүйелеп, әсерлеп  толық жазып берген адам шын бақытты.

Халық даналығы, ел аузынан: «Бағы қашса асылдың күйік шығар, бағы тасыса масылдың биік шығар» өте әдемі айтылған даналық, өзіме ұнады, басқаға да ұнаса деймін.

Кеудеңде сөнбейтін шоқ жатуы қажет, сонда көңіліңе келгендерден түйін түйе аласың, ол жоқ болса, сөнген шам сияқтысың, біреу жақпаса, жарық жоқ. Өз шамыңды өзің жақ!

Адамда екі бесік бар: бірі жердің үстінде, бірі жердің астында. Жер үсті  бесік өсіреді, ес береді. Жер асты бесік өлтіреді, ес кетіреді.

Өзіңді өзің түсініп, сезініп барып адам болсаң, бұл басыңа қонған бақытпен бірдей.
Бұл дүниеден өткен соң мақтайсың ба, боқтайсың ба, ерік бердім, себебі естіп көріп жатқан мен жоқпын.

Барлық мүмкіншілігің болса, үш адамның қолына түсе көрме: пышағын жалаңдатқан хирургке, қашан өлесің деп тәсбихының тасын санаған молладан, қолында айналдырып тұрған  кісені бар милициядан. Осы үшеуімен кездеспеген адам нағыз бақытты дер едім.

Бұл қысқа өмірімде: өзімнен өзім дәметтім, өзіме өзім өкпеледім, өзіме өзім уәде бердім, осының нәтижесінде ешкімнің де ақ жібін қара еткенім жоқ, шелегім таза, көңілім кең болып кетіп барамын.

Үш көнім: ауыратыныңа көнесің, дос жолдастан айырылатынына көңесің, өліміңе көнесің.

Тәрбие Жаратқаннан алыс та емес, жақын да емес, екеуі де бірімен бірі үйлесімді.

Тіршілікке келген әр пенде бақытты болуға ұмтылсын, бұл өмірдің мәні мен сәні.

Бір данагер айтыпты: «Тіршілікте орын көп, өлген соң жерленген жерің ғана», - деп.
    
Қулық пен айла өмір сүру қажеттілігінен туған, сондықтан анау қу ақ, мынау айлакер-ақ деп сөгуге болмайды.

Мен сыйлайын сені, сен сыйласаң мені деген өмір осы.

Жаның керек пе, арың керек пе? Әрине, ар керек!

Өз басыңа бақыт тілесең, басқаға жаманшылық ойлама.

Әркез қайырымдылық істеген адам, өз өмірің ұзартқандай сезінеді.

Тазалық - барлық ауруға құрылған тор сияқты.

Денсаулық - барлық сұлулықтың жиынтығы.

Тіршіліктің әр күні ләззат, шаттық, оны кей пенде сезінеді, кей пенде сезінбейді. Тіршіліктің әр күнін бақыт деп сана.

Тіршілік болса, қызық қайталана береді, бірақ біз оған мән бере бермейміз, өкініш осыдан туады.

Адамдардың өлімінен асқан қайғы жоқ, басқаны өзіміз ойлап тауып жүрміз, сондықтан тіршілікті тек сыйлаумен өткізуге жетер жоқ.

Тіршіліктің айырылмас жолдасы мұқтаждық, ол бір келіп, бір кетіп жүреді, сондықтан өмірде қажымас оптимист болуың керек.

Ол дүниеде азап та, рахат та көрмейсің, өміріңнің жұмағы да, тозағы да тіршілікте, сондықтан адалдықпен өмір сүруге талпынып қал.

Тіршілікке мәз болып келеміз, күн санап күнтізбек көреміз.

Қиындықта бір қолың тіреу, бір қолың сүйеу болсын, ал жүрегің сабырлылыққа толсын.

Адам өмірі теңіз: онда бірі қалқып, бірі жүзіп, бірі батып кетеді.

Өмір жер мен аспан арасында, сондықтан да азапты.

Бақытты жала торуда болады, мылтығының атылуы уақыт күтпейді.

Көріп бақытсыз болғанша, көрмей арманда жүрген тынышырақ.

Біздің өміріміздің қателігі сол, барлық халық істеген игілікті бірақ адамға үйіп-төгіп бере саламыз, әділеттіліктің көрінісі осы ма?

Біреу жаратқанға, біреу жолдасқа, біреу танысқа, біреу өзіне сенеді, сүйтіп тіршілік жолын іздейді.

Адам жаны қысылғанда «аллалайды», «мамалайды», әкелеген жанды естігем жоқ, соған қарағанда «мама» мен «алла» ұғымы пара-пар ма деймін?!

Өмір дегеніміз ритмдердің жиынтығы. Қуаныш та, өкініш те, жұбаныш та ритммен тікелей байланысты.

Ритмге кәрі де, жас та бейім тұрады.

Тіршіліктің сан қилы жолы бар. Соның бірі сенікі, бірақ оны өзің ішкі кедергілерді жеңіп барып, өз сеніміңді қобалжымай таңдадың.

Бақыттыға бағынышты бол, бақытсыздан қашық бол, себебі бақытты жан береді, бақытсыз жан алады.

Жаныңнан артық жақсы көретінің жоқ.

Тіршілік еткеннің барлығы іздеумен болады, оны бірі ерте, бірі кеш табады.
Жағдайдан ешкім қашып құтыла алмайды, ол лажсыздыққа душар етеді.

Бүгін бейнет, ертең зейнет, бүгін михнат, ертең рахат, деп мір сүріп келеміз.

Дүние тану мен деген сөзден басталып, ах деген сөзбен бітеді.

Өмір сүру бірінші жол, өмір тану екінші жол, үшінші жол өмірді жасау.

Жағдайға байланысты кейде ақырып арыстан, шақылдаған сауысқан боласың.

Дөңгелек жерде туып, уақыт келгенде дөңес болып қайта жерге барамыз. Шыққан жерің болса, кіретің жерің де жер, сондықтан жерді теппе.

Өлім мен өмірдің арасы онның минус сегіз дәрежесіндей ақ.

Ән салып жерге келеміз, өкіріп жерге кіреміз.

Таң шапағы барлық адамзатқа ортақ, тіршілік нұрын береді, бірақ сиынатын қүдайымыз әртүрлі, ал түпкі мақсаты біреу-ақ, жаратқаның біреу-ақ екендігін әр түрлі діндер дәлелдейді.

Сараманда ойға келмеген іске, уақиғаға тап боламыз, бұндай жағдайда, кейде қуанамыз, кейде қорқамыз, сүйтіп көз жұмып, өмір сорпасын сапырып ішіп жүре береміз, ол сорпа ішке жаға ма, жоқ па, оны ойламаймыз.

Жаны бардың бәрі сақтанады, табиғи заңдылық, мұны адам өмірінде естен шығаруға болмайды.

Өмірде нені көксейсің, соны жырлап өтесің.

Өмір сүрген ортаңа беріліп жұмыс істе, сонда сепімің артады, көрер қызығыңды жақындатасың.

Өткен өмірдің асылын алып, жасыгын көміп таста, жасық өзімізде де жетерлік.

Өткен өмірдің берер сабағы, үлғі-өнегесі көп-ақ, бірақ оған қорытынды жасап ойлауды ескермей келеміз.

Өмір — теңіз, тағдыр — кеме, ал кемең суға бат- пас үшін езің капитан болуың керек.

Өмірде әр нәрседен хабарың болса да, адамның мінез-құлқын білмей кетесің.

Асыл — аз, жасық — көп, бірақ өмірдің қымбаттылығы асылға да, жасыққа да тәуелді емес.

Денсаулық — досың, ауыру — қасың.

Қалай шалқысан да, Аллаңды ұмытпа.

Келешек ұрпақтың бақытына алдыңғы ұрпақ жауап береді.

Өткен өмір мен тәжірибе ғана жіберген кателігіңді алдыңа жайып тастаған кілемнің түр-бедерін айқын елестетеді.

Хақтағалаңды көзіңмен көрмейсің, жадыңда сақтайсың, көзіңмен көрсең, одан шошып, алыстап кетесің.

Тағдыр ғана адамды ақылды, ақылсыз деп бөлмейді, тіршілікте тағдырдан асқан керемет жоқ. Тағдырдың тәлкегіне кезіге көрмеңдер.

Өмірде: момынды құда жүндейді, қүдай да жүндейді.

Нұрлы және шапағатты өмір, тұрлаулы бақыт, ләззатты сезім адам тіршілігінің кәркі.
          
Адам өмірде тәжірибенің жиынтығын біліп қана қоймайды, оның мазмұнын кеңейтіп, түрін өзгертіп, оз өміріне пайдаланады, сейтіп үлкен нәтижеге, үлкен іске бет бұрады.

Қазір түнде қасқыр, күндіз түлкі болып жүргендер көбейіп келеді, оның себебі тағдыр соған итермелеп тұр, әйтпесе тіршілік ету мүмкін емес, сондықтан кекесін айтуға болмайды, ол адамды жасытады, сеніміне күдік тудырады, жаңа тұтанып келе жатқан жақсы сезімді, ақылды болсаң, бар мүмкіндігінше қолдай біл, жылы үмітті сөз айта біл.

Тіпшіліктің әрекеті өлшеулі өмірді ұмыттырады.

Комментариев нет:

Отправить комментарий