вторник, 3 апреля 2012 г.

Сөз, тіл, ой туралы



Қаламды қалай ұстасаң, адам миы да сол қаламдай із тастайды, қаламсыз ойланба.

Күші аздың ойы көп,
Ойы аздың күші көп.

Ойланбай сөйлеп, талай тілімді тістедім.  Бұл тілімді тістегенім ақ көңілдігім не аңқаулығым еді. Бетің, жүзің демей тура айтып сөйледім, осы әдетім кәртейсем де, қалмай келе жатыр. Онысы жастықтағы дағдыланған әдетім бе деймін.

Бір кісілік сөз айтпа, мың кісілік сөз айт, сонда кім екеніңді танытасың.

Кіммен сөйлессең де, өз ой-өрісіңмен өлшемдес болғаны жөн.
Оқырманға сын жүрмейді, ол айтатын сөзін кесіп айтады, артығы да, кемі де жоқ сыншылар — оқырмандар.

Жоғалмайтын кілт—қызыл тіл.

Бақыт сөзден басталып, оймен аяқталады.

Асыңды бермесең де, сөзіңді бер, көңілі тоқ болсын.

Күрестен жығылғанды жер көтереді, сөзден жығылғанды ар ұят көтереді.

Суық сөзді тоқтат, жылы сөзді топтат.

Өсекшіл сөз қуған жүйрік, алдыңа ат салдырмайды.

«Жоқ» деген сөз адамның тағдырын шешеді, өзге сөзді айта бер, «жоқ» деген сөзді айтпауға дағдылан.

Ойлаудың да бағдарламасы болуға тиісті, онсыз адасып кетуің кәдік.

Ойы мен тілі одақта болса, адам бақытты.

Көп сөйлесең, көршінің қатыны да ақылды сияқты.

Адамға кейбір уақытта ой шүмектен аққан су сияқты келе береді.

Ойға келген жақсы пікір жасыл жапырақ жамылған терек сияқты, табиғатты да, өзіңді де көркейтіп жіберетін сияқты.

Жылы сөз — жұбаныш.

Зілді сөз айтпа, ол көңілде көп сақталады.

Сөз біреуге ақыл арқылы, қайсы біріне қорқу арқылы жетеді, бұл адамдардың сана-сезімдері әртүрлі сатыда дегенді сездіре ме деймін.

Қандай да болмасын сөз сөйлегенде, іс істегенде, пікір алысқанда қателесу өзіңе ғана қауіпті емес, тыңдап естігендерге де қауіпті, сондықтан, «өгіз де аман, арба да аман» принципінде сөйлеген дұрыс.

Ойы текті — көреген, ойы кекті — өлеген.

Ойға келген елеусіз идеяда үлкен мән жатуы ғажап емес.

Өз сөзіңді өзің түсінбесең, басқаға сөзің жетпейді.

Сөз жақсы менен жаманды таңдамайды.

Құлақтың екеу екені рас, естуге берілген, бірақ еститін де сөз бар, естімейтін де сөз бар екендігін ескере жүрген жөн.

Ақылды жүз рет толғатып барып, бірақ ауыз сөз айтады. Ақылсыз сол сөзін ғана қайталаумен болады.

Ой байлығы мен тіл байлығын ешбір таразыға салып өлшей алмайсың.

Сөз ысытады да, суытады да, балқытады да, қатырады да.

Ойшыл болып тумасаң да, ойшылдардан үйрен.

Қолға түспес дүние жоқ, ал асыл ой аузға ілікпей кетуі мүмкін.

Сөздің төркінің танымасаң, көркін де танымайсың.

Тіл тоқтатады, көз жоқтатады.

Бұлбұл сайраса, тыңдаушы табылады.

Ой салмақты болмай, сөз тармақты болмас.

Тоқтаулы сөйлеу,толқыған айдың туындысы.

Ой айқындалмай, алдағы мақсат жақындамайды.

Әр әңгіменің ұшығы бар, соны тауып сабақтай біл.

Ой тудырады, сөз өсіреді.

Ой толқымаса, сөз шықпас.

Тіл жеткізе алмағанды сызық жеткізеді.

Аталы сөзді көп іздеген адам, жем іздеген құсқа ұқсайды.

Дәлелсіз, ұсыныссыз, дәйексіз айтылған сөз, соққан жел тәрізді жылу бермейді.

Көкейіңде бір әннің ызыңы жүрмесе, түбегейлі ой да жоқ.

Ашу кезінде жақсы ой шақырсаң да келмейді.

Сөз су да, май да, бал да, у да, тас та болуы мүмкін, сөзді ойлап сөйлеген дұрыс.

Жүйелі сөз қауымды тоқтатар, жүйесіз сөз ата бабаңды боқтатар.

Сөз оқ болып қадалып, қанат болып жабысып, жан жүйеңді күйзеуі мүмкін.

Сөзден салмақты түк жоқ.

Ойға келген пікір, жерге себілген дән сияқты, өсіп өнген соң сортқа бөлеміз.

Тәуір ой туған соң блокнотта жатып толғағын өткізеді, содан соң бесікке бөленеді.

Сөзді мг дап жинай біл, сонда килограмдап аласың.

Жақсы оймен ой жүйкеңді түзете аласың.

Сөзді сыйламағаны, өзін сыйламағаны.

Дәрігердің дәрісі күшті емес, көңіл қозғар сөзі күшті.

Дәлелді сөз тыңдауға да, айтуға да үйлесімді.

Ой топастығы ең үлкен кемшілік.

Тіл дұрысталмай, іс келістірілмейді.

Сөз екі аяқты болып туып, мың аяқты болып кетеді, сондықтан ойланып сөйлеуге дағдылан.

Ана тіліміз көкіректі жарып шыққан бәйтерек, сондықтан мәпелеп өсіріп, қамқорлыққа алып, өсу жолына қажетті қоректік заттарды тауып, жағдай жасай білу керек, ол болмаса жапырағы қурап, солып қалады.

Қанатты сөзсіз ой ұшқындамайды.

Аталы сөз алып күш.

Ер жігіт оттан, оқтан қорықпайды, сөзден қорқады.

Дыбыс дыбыс түбі сыбыс.

Адам ойы мың бұлақ, сарқылуды білмейді.

Қапылыста айтылған сөз қап-қап пәле.

Ой - қындағы қанжар сияқты, тұра берсе, тат басады, ойды ұйықтатпа, қозғай бер, бір жақсы ұғымға кез боларсың.

Мың сөздің біреуі ақ киелі болады, бірақ соны тауып, айта алмай жүрміз.

Көңілдегі түске кіреді, тілдегіні көрмейсің, естисің.

Тіл шешен болса, таңдай оның дәмін келтіреді.

Ойсыз адам күнде жоғалады, іздеп жүргенің.

Байлыққа кез болма, ақылға кез бол, байлық кетеді, ақыл қалады.

Тілің майда мамықтай, көмекейінде не жатыр екен?

Барлық сөз жүрекке жете бермейді, жаннан өтіп кетеді, сондықтан әсері болмайды.

Жүрек есігі аталы сөзге ашық, жетім сөзге жабық.

Өзің ойланып шеше алмасаң, кітапқа жүгін, бір ұғымның ұшығын ұстатады.

Аз ойландым, аз іздендім, сондықтан да кеш қалдым деме, ой еңбегі уақытқа тәуелсіз жұмыс істейді.

Қысқа сөздер оқ сияқты: өтімді, жылдам, ұшқыр,зергер.

Бір тапсырманы орындату үшін, бірнеше рет айтасың, сонда сөздің құты кеткені ме?

Ойымдағыны айтпасам, көмекейім жыбырлайды.

Қорқа қорқа сөйлесең, сөздің құты кетеді.

Турашыл бол, қысылмайсың.

Күнде от ауыз болсаң жанып кетесің, бәз бәз салқындаған дұрыс.

Адам ойы қайнап жатқан бастаудың көзі сияқты, сондықтан оны аша білу керек.

Сөзден қорқарың бар, онда сөйлеп керегі не?

Біреуді мұқата сөйлеуге дайын тұратындар бар, оған көп жолауға болмайды.

Ойдан тіл бұрын жүрсе, қателестім дей бер.

Толымды ой ұйқы кетірер, толымсыз ой күлкі келтірер.

Мәнді сөз  үнемі толғанып жүргенде туады, жаза қоймасаң, жадыңнаң қашып кетеді.

Айтар сөз шеге сияқты, қайда қағарыңды біл.

Ғылыми техникалық, саяси экономикалық сөздерді өзгертпей жазып пайдаланған дұрыс, себебі ол халықаралық тілде қолданылады, жастар оған үйрене бергені жақсы.

Сөзді түсінетің шәкірттен күдер үзуге болмайды, негізінде сөз түсінген шщәкірттің келешегі де, берері де мол.

Ми адам реакторы, сз оның сәулесі.

Ой сөз, сөз ой, шексіз галактика.

Ойлау арқылы галактиканы шарлай аламыз, ой еңбегі деген осы.

Миға келген ойды балқу температурасына дейін көтеріп, содан соң қорытынды шығару керек.

Толқын толқынды күшейтеді де, жояды да, ал ой ойды жоймайды, қайта күшейте түседі.

Тіл байлықтың барлаушысы.

Толқыған ойдың бәрі кәдеге жарай бермейді, ұмыт қалады.

Сөзді дән тергендей теріп, ми елесінен өткізу керек.

Сөз оқты тоқтатады, отты сөндіреді.

Билікті әркім жүргізеді, сөзді жүргізіп көр.

Сөз жылылықты да, суықтықты да жүрекке жеткізеді. Жүрек рекетаның жану камерасы сияқты берік ақ!

Өзіңді өзің о дүниесінің мұхитына түсірмесең, миың ұйқыда жата береді, сондықтан сана сезіміңді, ақыл ойыңды оятуға өзің түрткі болуың керек.

Сөз үйдің кірпіші сияқты, қиыстырып қалай білу керек.

Ой тудыратын, ауыз толатын, кәдеге жарайтын сөз табылса қуана берген жөн.

Ойға келгенді жазу керек, ол асыл ма, жасық па, керек пе, керек емес пе, оқырман айтады. Оқырман Алланың періштесі сияқты: не сөзіне жан бітіреді, не жояды.

Ғибратты сөз керек-ақ!

Бақи жалғанда айтылмай кететін сөз болады, ол әр адамның жадысыңда бар, сенбесең сұрап көр.

Тоқсан тоғыз пайыз ойдың бір пайызы көңілге қонатын сияқты, қалғаны уақытпен жарыса жетіледі.

Әріпшілдік ойды да, жігерді де жерлейді, одан безіңдер!

Сөз сәби сияқты - анасын іздейді.

Есер сөзден безген, есті сөзге кезігер.

Көңіл шалқысын, ой толқысын деп тілек тілейміз.

Масаны мылтықпен атқандай қисынсыз пікірлерді естіп жүрмін.

Таяз білген адам көп сөзділікке салынады.

Сұлу тіл алтын мен гауһар емес, ол терең мағыналы, халыққа түсінікті, айтар өрісі мол, өмір шындығын көрсететін, ой салатын, пікір таласын тудыратын тілді айтады.

Жылы сөзге ғашық бол, жататын орын табасың.

Сөзге ақыл жол берсе, сөз ұтымды болады.

Ой бірікпей, жол да бірікпес.

Мақалдың анасы бақылау, атасы ой.

Сөзің май болғанмен, демің у екен, ішінде не керемет жатыр екен?

Тістен бір елі еріннің алда тұратының ұмытпа, ар жағында бізі бар.

Аспандағы айды жерге түсіріп сөйлеме, жердегі игілікті істі айға жақындата сөйле.

Басқаның ой пікірі аргумент, функцияны өзің құра біл.

Тілдің бөлінгені өлгені, бірақ тілді өлтірмеу ұлттың өз міндетіне жүктелген, ұлты жойылып, тілі қалған жағдайлар да бар, сондықтан ұлттық тілді дамыту үшін ұлттық өндірісті өркендету керек.

Сөз алтын, бірақ жарқырамайды, қарапайым, бірақ қажет.

Алтынды жезге берме,
Жамандық сөзге ерме.

Айтылған сөздің азабы бар: бірі жайлы, бірі жайсыз.

Сөзден жүдегенің аз ойланғаның, ойдан жүдегенің аз толғанғаның.

Сөз табиғаттың байлығы сияқты тереңде жатады, сондықтан дұрыс сөйлеу үшін тер төгіп еңбектену керек.

Бақыла ойлан, ойлан бақыла, бір нәрсе көресің де, сезінесің де, жетілесің де.

Ақымақтың құдай берген кетпес бөлігі — сөзі. Білім адамның рухани байлығы, басқаның бәрі де өткінші нөсер сияқты өтеді де кетеді.

 Ақылдың періштесі тіл, ақыл жақсы болса да,тіл бұрып жіберуі  мүмкін, тілді тізгіндеп ұстау керек.

 Көп тілді меңгерген адамды бақыт қолтықтап жүр, сондықтан сәбилерге жастай тілдерді үйрету керек.

 Сөз тілдің ұшы, мидың күшімен шығады.

Қазақ тілінің мамандарынан сұрарым, орыстың сап қажеті не?

Әр ұлттың жүрегінде өз таңбалары бар, сезінгенге көрінеді, сезінбегенге көрінбейді.

Тілі дамыған елдің өзегі талмайды.

«Уборная» деген сөзін «дәретхана» деп аудармаса деймін. «Хан» деген ардақты сөз, оны кез-келген сөзге қосып, жаңа сөз шығара беруге қарсымын. «Уборная» «дәреторын» десек?

Ой мен сөзге тапшылық жаратқаннан да, адамнан да, қоғамнан да емес, тек өзіңнен.

Тіл көкке де көтереді, төмен де түсіреді, бақытты да етеді, бақытсыз да етеді. Тілмен ойнама.

 Ой дән, сөз су, бірімен-бірі органикалық айналыста, бөліп қарауға  
 болмайды.

 Ой анық болса, сөз өзі сұранып тұрады.Сондықтан баланы ойлау тәсілдеріне ертерек үйрету керек, деректерден ой түйіндетіп, бақылаушылықты, таңданушылықты дамыту жолдарын кеңейткен дұрыс, сонда бала тілге жетік болып, сөз қоры дами түседі.

Адамдардың ми мөлшерлері бірдей, бірақ ойлау жүйесі дамымаған, тек дағдыға үйреніп алған, сондықтан ойлаудың әдісін тауып, миды қозғалысқа, әрекетке душар еткізуге үйрену керек. Ми ұйқыны жақсы көретін сұйық.

 Ойда жүргенде артық сөз, ашу келмейді, сондықтан ойшылдар аз сөйлейді, ой керексіз сөзді тұсайды, оқталайды, керекті сөзді тудырады.

 Кімге болса да берер батам: ойланып сөйле, әйтпесе торға түсесің.

Ойда жүрген адам — ұмытшақ.

Сөзді дәнше термесең, өнім бермейді.

Ойлы адамда не құт бар, не жұт бар.

Үміт, пікір, ой, қиял тумай жатып құрыдым, біттім деме, қайта қуандым, таптым, жасаймын  деп өмір кеш.

 Ананың ақ сүтін қандай ардақтасаң, «әліппені де» солай ардақта. Әр оқушы өз әліппесін өмір бақи ескерткішке сақтасын, себебі әліппе арқылы өмірге жол таптың. Әліппе — алақандағы кішірейтілген бүкіл әлем.

 Сөз берген соң берік ұста, әйтпесе дәрежең төмендейді, сөз барлық істің құжаты.

 Сөзден «қорық» жаса, өмірін гүлдене береді.

 Ойланбай асықпа, опық жейсің.

 Адам үшін ең қиыны тіл табысу. Аузында жоқтың қол шоқпары бар, сөзге үйір дейтініміз осыдан.

 Сөз сәби сияқты тәрбиелеуді, сыйлауды, ардақтауды, мәпелеуді қажет етіп тұрады.

 Ел дүние жинады, мен ой жинадым, кітап оқыған сайын ойландым, керек дәнді тауып, таңдайымның астына салдым, дәмі татыған сайын құмарлана бердім. Кітап менің негізгі  ұстазым.

 Ой ұшқындаса, қиялың шарықтай береді. Өзіңді қалықтап ұшып жүргендей сезінесің, ой еңбегінің күші осында.

 Сөз қонақ, бас таңдап жүреді, сондықтан сыңнан жайлы орын сайлап жүр.

 Адам туралы аузыңнан жақсы сөз шықсын, жететін жерін өзі табады.

 Асыл сөз — ақыл сөз, жігіттің жігіті ғана айтады.

 Адамды адам бөлмейді, бір бүтін жаратылыс, бірақ сөз бөледі.

 Әлбетте бір сөзбен-ақ адамдар түсінісе қалады. Оның мәні: а) сыйласу, ә) жағымпаздану, б) сүйіспеншілік, в) жан ашушылық, қайсысы дұрыс деп ойлайсың, өз еркіңде.

 Ойым қате ме деп күдіктене берсең, ойсыз қаласың, қателіксіз іс басталмайды, талпына бер, талаптың тұлпарына мінесің.

Өз сөзің өзіңе тор болып құрылуы мүмкін, бұлқынарсың, жұлқынарсың, ышқынарсың, бірақ тордың аты тор, шығу қиын, түсу оңай.

Тілді өнер дәрежесіне көтеру салауатты адамдарға жүктелген, сондықтан жүгіңді төңкермей апарар жеріңе апара біл.

Сөйлей білу өнер ғана емес, бақыт та.

1985 жылдан бастап адамдардың ойы мен пікірі тұтқыннан босатылды, кім не жазса да еркінде болды, шын еркіндіксіз даму болмайды, жаңа ғасыр басталды, жас ұлан, ол сенікі!

Ой-ойдан, пікір-пікірден, сөз-сөзден, әрекет-әрекеттен, ұрыс-ұрыстан туады. Бір нәрсе екінші нәрсеге түрткі болмаса, дүниеге келмейді.

Жақсы, жаман тіл жоқ, тілдің бәрі жақсы, тек сөзден тіл құрап үйрене біл.

Адам ойы аттың шабысы, бір ат алысқа, бір ат жақынға ғана шаба алады, адамдар да дәл сондай.

Бір нүктені тіреу етіп тұрып алмай, үш нүктені қамтитын сөз сөйле, сонда айтар ойың анықтала түседі.

Сөз асылы елде, дән іздеген құстай таба біл.

Қымбатта не қымбат, сөз бағасы қымбат.

Талаптанып ізденбесең, көрікті ой көкіректе ұйықтап жатады.

Сөз мағыналы болмаса, құты қашады.

Ой келмейді, келсе тілді жалдар едім.

Ой түрткілеп жүрсе, жалқаулық та қашады.

Жолда жолды жүріп келе жатқам жоқ, ойланып та келемін.

Ойды оятпай сөз жүрмейді.

Басқа кедейлігің болса, жартылай кедейсің, тіл кедейлігің болса, бүтін кедейсің. Жағдайың қиын-ақ екен.

Жаңалық қаламның ұшымен, ойдың күшімен ашылады.

Көңіл толмай, ой шалқымайды.

Сөз маржанын тізейін,
Құмнан тары іздейін,
Ұрпақ алар керегін,
Еңбектеніп көрейін.
Терген қолым жалықпас,
Өзегің де тарықпас.

Әлсіз  тілін оқтайды.

Тіл тіленіп тұрар, сөз сұранып тұрар.

Тіл әулие, , сөз — пайғамбар.

Құт — тілде, қуаныш — сөзде.

Ұққанға бір сөз, ұқпағанға жүз сөз.

Көңіл келіспей, ой — желіспейді.

Ойыңды жасырсаң да, мініңді жасыра алмайсың.

Қиалға көз жетпесе де, ой жіберген жөн.

Екі құлақ естіген сөзді екінші күні төрт, үшінші күні сегіз, төртінші
күні он алты құлақ болып тарай береді, ендеше құлақ бар жерде құпия жоқ.

Ойлаған ой іске аса берсе дейміз. Көңіл шалқып, қиал құшағына кіре береміз, бұл әр адамның қасиеті ғой, бірақ сараманда ойлай беруге болмайды, қиал қиал қалпында қалады ау! Сонда да адам алға ұмтылып, өз қиалын жақындата түсумен өмір кешеді. Адам негізінде үміткер, қажымас жаратылыс.

Тілді—тіл тоқтатады, өртті—өрт тоқтатады.

Ұяты бар адам қатты сасады,
Ұятсыз жаңға батар сөз айтады.

Ой ойламай, сөз төгілмейді.

Ауыр сөз мойныңа тас ілгізер.

Тілді — ана береді ақ сүтімен, сөзді ата береді ақ батасымен.

Тілде төрт қақпа бар, сонда да шығып кетеді.

Жақсы ой адамның серігі: уатып та, жұбатып та, жігерлендіріп те жүреді.

Өз тіліңді әке-шешең үйретсің, жат тілді өзін үйрен, бақытыңды жақындатасың.

Жақсы сөзден ой өседі.

Жаман сөз кеудеңе түскен тастай, лақтырып тастамасаң жүйкеңді құртады.

Бір ауыз сөз махаббат отын да сөндіреді, сезімін де жояды.

Сөз әлемнің — тұтқасы, тіл — топсасы.

Ойға байланмағанның өкініші көп-ақ.

Тіс, тіл, ерін, көмей, мұрын сөздің көркін келтіреді.

Жаман сөз жүрек тырнар, жақсы сөз жүрек  сипар.

Қағазға түскен сөз халықтікіне айналады.

Ойланбай басталған іс, ойбаймен бітеді.

Мейірлі адам сүйек балқытатын сөз сөйлейді.

Келмес ой, айтылмас сөз болады.

Тіл жаласы жаптырады, не аттырады.

Көп сөйлеген озбайды, дөп сөйлеген озады.

Ой тұжырымды болса, оқушы да ынталы.

Тіліңнің ұшында сөз тұрса шығар, әйтпесе өзіңді улайды.

Ойың іске аспағанда, тісіңмен тас шайнағандай боласың.

Бір сөзді мың теңгеге сатуға болмайтын кез болады, сөздің кереметтігі осында.

Ана тілімізді елеп ескеріп, ардақтап сыйлап, аяулы алақанға жас сәбидей алатын күніміз туды. Оған біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа борыштымыз, оны қазақ тарихы ұмытпауы керек.

Жетпіс жеті сөздің,
Жетеуінде ұғым бар,
Шелегіне көңілдің, 
Жетеуін де құйып ал.

Жаман сөз жоқ, себебі жаман бір сөздің өзі адамға толық мінездеме береді.

 Сөз әріптен тұрады, ар ұят адамың адамында тұрады.

Ойды — ой, кітапты — кітап тудырады.

Қысылып, қорқып жазба, онда асыл ой жасырынып қалады, ой ұялшақ, жаңа түскен келіндей.

Шет тіл сөздерін орынды жерінде пайдалану керек, одан қазақ тілі бұзылмайды, қайта сөз қорымыз көбейіп, айтар ойымыз айқындала түседі.

Көркемдейтін де, көңілдендіретін де — сөз. Сөзді дұрыс сөйлеп үйрену тәлімгерліліктің үлгісі.

Сөз нан болып асырайды да, тас болып өлтіреді де.

Сөздің де төрт мезгілі бар сияқты: қыс, көктем, жаз, күз, қай мезгілімен сөйлеуің өз жағдайыңа байланысты.

Жақсы ойды, жақсы сөзбен байлап тастау керек, сонда ойдың ғұмыры ұзақ болады.

Сөз бейнеті — жан бейнеті.

Білген адамға сөздің мағынасы да, мәні де ұшаң теңіз.

Тілі бай халықта кедей ошақбасы болмайды. Ана тілімізді, сөз қорымызды дамытуға әр қазақ азаматы ат салысуы керек. Тіл қамқорлығы — ұлт қамқорлығы.

Жазып оқыған жаңылмайды.

Сөздің неғұрлым қысқалығына мән бере сөйле, онда тыңдаушы да жалықпайды, айтушы да талықпайды.

Тілді ардақта, бақыт құсын қолыңа қондыратын ғаламат күш.

Адамзаттың ойлау қабілеті шексіз, бірақ қырсық сол, қай шетінен бастауды білмейміз.

Қиналып шықпаған сөзде қызу жоқ — суық!

Адам миы ұйықтай бергісі келеді, менің мақсатым аз сөзбен ұйқыдан миды «ояту», тұтқыннан азат ету.

 Ой мен қиал біріккенде ғана жаңа идея туады.

Елеусіз пікір үлкен идеяны туғызады.

Басымдағы ойды көңілдегідей жазып шығара алмай жүрмін, бір ойымды екінші ойым үстемелеп кетеді де, қолым жазып үлгермей, ой түйіні ұшып кетеді. Жақсы ой аз келеді, тез кетеді, жаман ой ұзақ сақталады, ғажап-ақ құбылыс.

Ойды жазуға өте төзімділік пен шыдамдылық,, тіпті қайсарлық қажет пе деймін? Ол жағы менде мүлде жоқ па деймін?

Кей кездерде сөздің құрылысына мән бермей, негізгі ойды түрте салуға асықтым, енді ойлансам бұл үлкен қателік екен, бірақ қате жіберу менің негізгі қасиетім бе, әлде?

Мақсатым үш мыңға тарта өз ой-пікірімді жазып кету, бұл өз әулетім үшін жазғаным, кейін атамның сөзі-ау еді деп немере-шөберелерім оқып жүрсін. Үйде суретімнен не пайда, аз болса да, құнды болмаса да, аз-маз тұздығы бар сөзім табылар деген ниетпен жазып отырмын, арттағыға ой тастап, көңілдерін жұбататын бір нәрсе қалсын деген ой.

Ойымда бір әңгіме жүрген сияқты, көкірегімді жарып, сыртқа шықпақшы, жазайын десем жаза алмаймын, бір ойымды екінші ой басып кетеді, жазып оқысам өзіме ұнамайды, себебі әр сөздің берері, тудырар сезімі аз, оқырманды ойландырып толғамайды, ендеше әлі толғағы жеткен жоқ, уақыты ұзарып тұр..

Мен сөйлем құрылысына мән бермедім, ойдың туғанына, шындығына мән бердім.

Сөздің көркемдігі мен құндылығы — шындығында.

Осы жазылған пікірлер мен ойлардың қайсы-бірі қате болуы да мүмкін, бірақ әр қателікте де сыр болады, қателесу жеңіске баратын жолдың біріншісі, бәріміз де қателіктен кенже емеспіз. Қателеспей, қуанышқа кездесе алмайсың.

Ой анық болмаса, сөзге сын жүрмейді.

Біреуге еліктеп жазып көргем жоқ. Илеуі қанбаған нандай болса да, өзім илеп, өзімше иін қандырдым. Өз сүрлеуімді, өз ойымды, өз сезімімді, өз тү- сінігімді арқау етіп жаздым, уақыт өз илеуін келтіретін болады.

Шешендікті — билерден,
Қайсарлықты — Абылайханнан,
Даналықты — Абайдан,
Адамгершілікті — Мұхтардан,
Жанашырлықты — Олжастан,
Реформалауды — Нұрсүлтаннан үйреніңдер.

Сөзді өлшеп, өкшеп сөйле, себебі не абыройыңды көтереді, не төмендетеді.

Адам ойы жалындап жанған от, сөндіру киын.

Қанша окысаң, сонша ойланасың, ал істі бітіру үшін қайта оқисың.

Жаксы ойда болмасаң,
Жалынды сөз де тумайды.

Жақсы сөзге жастай ғашық бол, ержеткенде ляззат сезіміне бөленесің.

Тіл тағдыры үшін күрес ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан қоғамдық құбылыс, ол жалғаса да бермек.

Бейнелі сөз — сөз берекесін келтіреді.

Сөзің ұтымды болсын десең, оған шын ерік беру керек.

Сөз атасы — халықта, құлағыңды түріп ұстап жүр.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруді біз өзбек ағаларымыздан үйренуіміз керек, олар бірін бірі сөйлеспей ақ
түсініседі.

Тілді: ана тіліміз деп бір жырладың, қазақ тілі деп екінші жырладың, үшінші мемлекет тілі деп жырлап жүрміз. Жырлай-жырлай бір нәтижеге жететін күн алыс емес. 

Сөз адамның гауһары да, алтыны да, асылы да, сөзді ардақтай біліңіздер, адам сөз сөйлеуімен бақытты.

Ұлттық мектепті, ұлттық тілді дамыту өзіміздің тарихи қалыптасқан дәстүрімізді, салтымызды, мәдениетімізді, өнерімізді, сана сезімімізді, ұлттық мақтанышымызды, қанымызды сақтап қалу үшін қажетті шарт. Қазақ деген халықты, тәуелсіз мемлекетімізді сақтап дамыту үшін ана тілімізді дамытып қана қоймай, оны біздің елде тұратын әр әр адам іс жүзінде қолдана білуге міндетті ету керек, сонда тіліміздің арнасы ашылып, қолданысына шек қойылмайтын болады. Үкіметтен, Парламенттен, басшы адамдардан бастап күрек ұстаған адамға дейін қазақ тілінде сөйлеуін қажеттілігіне айналдыру керек, өмір талабы осылай екендігін әр азамат түсінуі керек.Жалтақтап өмір сүргенше, өз тіліңнен өзің иждахат алмасаң, өз тіліңнең зің безсең, онда басқа елге барып азамат бол дер едім.
Әрине, біз сияқты аз ұлтқа міндетті түрде өз тіліңді,орыс тілін және бір шет тілін  ана       тіліңдей білу қазақ үшін қажеттілік, оны мойындап, шыр етіп дүниеге       келген кезден ақ баланы осы үш тілдікке тәрбиелеу керек, сонда ғана біз қазақпыз!       Сонда қазақтың керемет ұлт екендігін әлем танып, сенім артады. Үш тілдік       келешек ұрпақтың құрсақтағы арманы болып дүниеге келсін.Мен ондай қыз бен       ұлды нағыз қазақ деп бағалаймын! Бұл бабалар ақылы, үні, шері, арманы, аңсаған        махаббаты, шақыған ойы мен жүрегінің соғуы деп бағалау керек.

Тіл адамның туа пайда болған бақыты, тілсіз тіршіліктің мәні мен сәні жоқ, бір ібіліске ұқсаған құбыжық болар едік.

Бір ұлтта екі тіл болмайды, нағыз ұлтта бірақ тіл ана тілі бар. Басқа тілдерді білу білімділік, өркениеттілік, оған ұлттың ешқандай қатысы жоқ.Көп тілдерді үйрену өзіңе байланысты, ол өте жақсы, ондай талапкерлерге барлық жағдай жасалуы керек!

Сөз бергенде өлшемсіз, өзің қоршаған қауымды ұмытып, айтқан сөзін жұрт ұнатып жатыр ма, жоқ па, онда жұмыс жоқ, арманына жеткендей сөйлей беретіндер бар ақ! Әрине, уақыт жеткілікті болса, сөйлеген де дұрыс, егер сөзінің дәмі болса. Қазір жұрт көп сөзді қнатпайды, сз алған кісі екі үш минут ішінде айтар ойын айтып, жұртты талықтырмау керек. Көптеген кездесуді бір жарым сағаттан асыруға болмайды, жарты сағаттың ішінде отыз адам сөз айтар еді, кездесудің мәні бір кісінің пікірінде емес,көптің ойында.

Екі тілді, үш тілді ұлт болмайды, бір тілді ұлт болады. Екі яки үш тілді ұлт болса, онда оны ұлт деп айту қиын, оған басқа ат беру керек. Мұны тілдерді үйреніп білген зиялылармен шатастыруға болмайдф, олар өз ұлтының мақтанышы.

Ана тілі азған елді кесел жайлайды, бірақ біз, қазақ,  ана тілін аздыратын, жоятын ұлт емеспіз, қайта тіліміз дамып, құлашын кең жайып келеді. Лайым солай бола берсін деймін.

Сөз асылы Абайда,
Ой түйіні Майқыда.
Шешендік Қазыбекте,
Әділдік Төле биде.

Өз ұлтының ертегі аңызын білмей, оның қасиетін, салтын, дәстүрін, әдетін, қанға сіңген мінезін түсіне алмайсың. Сондықтан, мектепте ертегі аңыздарды оқытуға ерекше мән берілуі керек, мұны ұмытқан ұлттың келешегі жоқ.

Қазақ тілі кең даламыздай аумақты, қойнауындағы алуан түрлі байлығындай бай тіл. Сөзі жеңіл, сыпайы, айтуға ыңғайлы, ырғақты, әр буыны әнге толы тіл. Бұндай тілді үйренбеген, дамытпаған қазақ қазақ емес. Біздің тіліміз өркениетті тілдердің бірі болатынына кәміл сенемін, себебі тілімізде бабамыздың рухты үнін әр жас ұрпақ сезініп өсіп келеді. Сол біздің тілді әлемдегі өркениетті тілдердің бірінің дәрежесіне көтереді. Тілі ойлы, көркем, өткір ұлт ешқашан да өліп өшпейді.


Сөзден жүйрік тұлпар жоқ.

Жер ауыр емес, ой ауыр, асырып айтқан сөз ауыр, адалдықтың жеңбегені ауыр.

Ой ойды, сөз сөзді қуады, егер осы екеуін де жақсы пиғылда бағыттасаң, мақсатыңа жетесің.

Құр жалаң деректерді, цифрлерді айтып қойма, оған аяқ-қол бітіріп сөйлете біл.
Мұны істемесең, мақсатқа жеттім деп айта алмайсың.

Ой түбіне кеткен адам шыңырауға түскендей, көңіл күйден де жүдейді.

Сөз сөйлей білген адам бақытты адам.

Адам өмірі ойлану мен үйренуден басталады.

Ой ойды қозғамаса, еш жаңалыққа кездесе алмайсың.

Жақсы сөз, асыл ой, шешімді пікір үстемдік алуы үшін уақыт пен жағдай керек.

Кейбір үстемдік жан дүниемізге қозғау салып, жүрегіміздің бір бұрышына сөнбес шоқ жастағандай болады. Міне, сөздің күші қайда!

Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатын жиған дүние емес, балаларыңа айтып кеткен бірер түйінді сөзің. Сол үшін өз пікірлерімді ұрпағым үшін жазып жүрмін.Бір немере, не шөбере, не шөберенің шөбересі есті болып, еңбегімді бағалар деген үмітпен жазып жүрмін.

Жақсы сөзді, мәнді ойды, терең пікірді шәкірт зердесіне ұялатудан ұстаз жалықпау қажет.

Ой мен пікір тумайтын адамның басы түбі тесік шелек сияқты.

Қысқа жазып, қысқа сөйлеп көр, көп ойлануға өзіңді мәжбүр етесің.

Сөз сөзді тәртіпке келтіреді.

Әр ғимараттың өз сөздері, өз көздері, өз үндері бар, ұғып түсіне біл.

Көрікті ой көліктеп келмейді, шөміштеп келеді.

Тым жылы сөз айтты деп қуана берме, жылы сөз де, жылмаң сөз де бір жерден шығады.

Адамның тілінен ұзын ештеме жоқ, бірақ күрмеуге келмейді.

Тек жүргің келсе, тіліңе ине шаншып қой.

Қазақтың сөзі асыл, ойы жарқын, бейнелі, тілі жұмсақ жаттық. Ана тілін жетік білген шын бақытты адам.

Кейбір сәттерде қайсыбір сөздерге керең болғанда жанға пайда.

Жақсы ой қанатты сөздің алғышарты.

Жүректі тулатып, ойды қозғалтатын күш сөз.

Сан қилы ойлар мен идеялар жиынтығынан жақсы пайдалы ой тууы ғажап емес, сол үшін ойымды ерінбей жазып жүремін.

Домалақ басымызға күнде жақсы идея келе бермейді. Ал жаман идеядан аяқ алып жүре алмайсың.сондықтан, сол басты тек жақсы идея тудыруға үнемі өзің бағыттап, қадағалап отырмасаң, қателесіп кетеді.

Ойдағыны тіл айтады, көргенді қол әпереді.

Қысқа да түсінікті жаз. Бұл өзіңді де, басқаны да сыйлай білгенің.

Қайсыбір адамдар ауызекі сөзге шебер ақ, тілдері майда, түсінікті, тыңдап тұрып қалғаныңды сезбей де қаласың. Бұндай жандар жастай жаттығып, өзін өзі тәрбиелеген, талантты да, бақытты да дер едім.

Адамды адам етіп жүрген сөйлейтін сөзі, әйтпесе түсініспейтін қыр да жой құбыжық болар еді.

Құлақтан құлаққа, ауыздан ауызға жетпеген кітаптағы сөз жетім.

Жалтақтап сөйлегеннен қашып құтылған жөн.

Күн атады, батады. Адам келеді, кетеді. Сөз мәңгілікке ұшып кетеді.

Ауыр сөзді жадыңда сақтауға ешқашан да тырыспа, ащыны тұщы деп риза бол. Аз деп ренжіме, көп деп көпірме. Көлік таңдама, көңілін жанның қалдырма, сонда өзің де жақсы, өмірің де жақсы, өзіңді қоршаған орта да жақсы бола бермек.

Тіліңді ақылмен пайдалаңбасаң, кірісіңнен шығысың артып кетеді.

Сөзді неғұрлым қысқа жаз, бірнеше оқып, ойланып барып түсінсін. Сонда біреуі жамандайды, қайсыбірі мақұлдайды, енді біреулері үнсіз қалады.

Атақ үшін жазба, өз жүйкеңді түзету үшін жаз, сонда басқаға да көмектесесің. Сөз оқ қана емес, дәрі де бола алады.

Сөзді дөп дөп айтуға, әсерлеуге, мәнерлеуге баланы неғұрлым ерте дайындау керек.
Ең күшті құрал сөз.

Ең қымбат сөз жүрекке жылу беретін сөз, соны көбірек айтуға дағдыланыңдар. Ол «жылы сөз» әр адамға әр түрлі. Әр адам өз «жылы сөзін» таба білуге үйренсін. Сонда отбасының берекесі еселене береді.

Сөз жан жаққа ұшатын садақтар оғы сияқты, оқ қауіпті, сондықтан айтар сөзді ойланып, толғанып, орнын тауып сөйлеуге үйрен.

Тілге де, құлаққа да шектеу қоймасаң тіл сөйлей береді, құлақ ести береді, сондықтан ми мен жүрек екеуін тежеп тұруы керек.

Ұлы Шекспирдің, Байронның, Маяковскийдің сөздік қорларында он алты он жеті мың сөз бар дейді әдебиетшілер. Ал өзіміздің  ұлы сөз зергері, ой данышпаны М. Әуезовте жиырма төрт жиырма бес мың сөз қоры барын сыншылар айтып жүр. Бұл деректің өзі қазақ тілі бай тілдердің байы, сұлу, көркем, жұмсақ, лирикаға толы десем, артық емес. Ей, қазақтар, тілдеріңді басқа тілмен араластырмай осы байлығын сақтай отырып, дәрежесін арттырыңдар. әр ұлт өз тілін өзі ардақтауы, мақтануы, сөйлеуі керек.

Тілі жоғалғанның күні де жоғалады.

Өміршең сөз бар, ой бар, ендеше желе жортып қалыспайтын өміршең өсек те бар.

Сөз өтпейтін бекініс жоқ, ол сөз жақсы да болады, жаман да болады.

Кеңес тұсында «ата ананың қай тілді таңдап баласын оқытынында еркі өзінде» деген ереже үстемдік етті. Ана тілі тұрғанда, оқу үшін басқа тілді таңдап алуы мен өз ұлтын менсінбеу, немқұрайлы қарау  дер едім. өз тілінен безген ата анадан өз ұлтынан безген ұрпақ тарайды. Бұған тоқтау берілмесе, ұлт азып, барлық адамдық қасиетінен айырылады. Тілі жоқтың ұлты жоқ.

Өз бетіңмен іздесең ой табысты.

Сөздің ащы-тұщысы болады, өйткені ол адамның көңіл-күйіне байланысты.
Адам тіршілігінің мәні де. сәні де көңіл-күйге тәуелді.

Жүйкеңді ашытпас үшін кейбір сөздерді құлақ түбінен жібер, естімеген болып өзіңді иландыр.

Адам ойлауы мен сезімін тоқтатса, бүкіл әлем өлшемсіз, меңіреу қара түнекке айналар еді, бүкіл ғарышты ғарыш етіп тұрған адам ойы мен сезімі.

Тілді дұрыс меңгерген, техниканы өнгерген.

Өзіңе  ұнаған ойыңды дәл тапқан, жүрегіңе жылы сөзді естісең яки оқысаң, жадыңа сақтау үшін бірнеше рет қайталап көңіл бөлу керек, содан соң бәз бәз уақыт өткенде еске түсіргенге теріс болмайды.

Кімнің болса да тілін табу үшін, оның мұқтаждығын, арманын, нені ұнататындығын ойға мұрындық ету керек.

Мақсат том-том кітап жазып тәлім-тәрбие беруде емес, он сөйлем жазып та тәлімгерлік мақсат айтуға болады, тек саналылыққа бейімдел.

Шын шешен кішіні үлкейтіп, үлкенді көркейтеді.

Сөзді ардақтамаған сұлулықты түсінбейді, ондай адамда тағылық сезім әмірші.

Ойдың күші, қаламның ұшы әлемді таныта түседі.

Ата-бабаларымыздың айтңан сөзінің кереметті* лігі сонда, бізді келешектің көк жиегіне шығарыгі түрғандай әсер етеді.

Атаның сөзі алдыңда беті ашылып жатқан кітап ; сняқты, бірақ оны біреу оқиды, біреу оқымайды, ал ііпті біреулері оқыса да түсіне алмай келеді.

Адал ойың іске асса арғымакқа мінгендейсің, іске аспаса жаяулап шөлде жүргендейсің.

Ой қамалын алып көрген ешкім жоқ, бірін алсаң, екінші қамалы дайын тұрады.

Сөзді тыңдаушы ғана болма, оны іс жүзінде тындырушы да болуға үйрен, сонда кездесетін қиындықтардан тез құтыласың.

Сөзіңді естісін десең, өзіңнен жоғарыдан төменнен де төмен бол, сонда жоғарғы төмен қарайды, төменгі жоғары қарайды, ақырында сөзіңді естіп, өзіңді көреді.

Аз сөз мағыналы ойдың қорытындысы, көп сөз – мағынасыз пікірдің жиынтығы.

Ойға келген пікірді паш етпеген – суға батып бара жатқан адамдай,- депті.

Адамның түсіне қарап түңілме, ойын біліп барып түңіл,- депті.

Ұлт болып қалыптасу тіл бірлМнің нәтижесі. Үлтқа ұлт қожалық керсетсе, жақсылық емес.

«Оқ өтпеген жерден сөз өтеді»— дейді қазақ халқы, ендеше барлық мәселелерді тек тіл арқылы шешу керек, оқ ату - дөрекілік пен білімсіздік.

Миыңдағы күдікті ой әрекетті жақсы ойға орын берсін, сонда ісің оңалады.

Комментариев нет:

Отправить комментарий