вторник, 3 апреля 2012 г.

Балалық шақ, жастық шақ және кәрілік туралы


Иттің жасына келдім, ырылдауық өмір басталды.

Адам кәртейген шағында сағатты емес, секундты да бағалайтын болады.

Жетпіске келсең, жемей-ақ тоярсың.

Жігіттерге айтарым: әр минутыңды үмітпен өткіз, себебі үміт кәріге де, жасқа да қажетті өмір талабы сияқты.

Жас кезіңнен арманшыл бол, арманынды түрмеде ұстама, құсша ұшырып, шарықтата шартарапқа қоя бер, өзі қонатын шоқысын таңдап алады.

Па, шіркін кәрілік! Қалай жамандасақ та, бәріміз аңсаймыз!

Балалықта топырақ лақтырған, өскенде тауды да лақтырады.

Кәрілік махаббатқа бөгеу деген ойды іші тар адам айтқан болуы керек, махаббат кәрі, жас деп бөлінбейтін сезім, махаббат сезімі қартаймайды.

Жас қамқорлық жасаса, кәмелетке толғаны, ерік беріңдер,
арманына қолын соза талпына берсін.

Кәртейген адам жастың келіп, сәлем бергенін тәуір көреді.

Жастықтың ләззаты сонда, асар белдері, көтерілер биіктері әлі алда күтіп тұрады.

Жасың алпысқа келсе, артыңа бір қара: нені көрдің, нені білдің, нені бітірдің?

Кәрілік те ұлы бақыт, себебі өмір шежіресін шерте білерсің.

Жастық шақта әртүрлі еңбек жолдарынан өту керек, сонда жас ұлғайғанда еңбектің мәні мен сәнін түсіне түсесің.

Жаспын деп жаси берме, несібеңнен  құр қаласың.

Бақыт та, дәулет те жақсы, бірақ жастыққа жетері жоқ.

Кәмелетке толған соң жолынды тапқан жөн, әйтпесе өзіңе өзің күдіктене бересің.

Жас кездегі рухани байлығың ғана кәрілікте жолдас болып, ол дүниеге өзіңмен бірге кетеді, басқа алып кетер түгің де болмайды.

Жастыққа кездескен қиындықты жарам өтем, жүрем жетем деп деп өмір сүр, сонда іздегенің табылады, бірде ерте, бірде кеш.

Жас кезінде жанбасаң, кәрілікте шоқ бола алмайсың.

Беттегі әжім мен рең өткен өмірдің жолдары сияқты, ал ағарған шаш соның куәгері болғандай.

Болар жас қалай пайдалы адам боламын боламын деген оймен өседі.Оймен өскен қуанады, күлкімен өскен жұбанады.

Он үшінде саналы бала жазылып жатқан кітаптай, келешекке берері көп.

Әр дәуірде жастардың үлесіне тиген ұлы істері болады,исоған үлесіңді қосуға талпынып көр!

Жас ұрпақтар адамзат тарихында болған жақсы дәстүрді меңгеріп, жаңартып қайталауға міндетті де, борышты да, сол үшін ұрпақ тілейміз,
немере, шөбере,немене тілейміз.

Жастық шақ құлыншақ, екі аяқ та жүйрік шақ!

Жігіт болғың келсе, сөйлеуге үйрен.

Жақсы мамандармен кездесу жастар үшін өмір қажеттілігі, мұны күнделікті жұмыста ескеру керек және ерекше мән беру керек.

Жастай әр сөздің теңдес мағынасын табуға құмарту керек, сонда сөз байлығын көбейе түседі.

Жалындай жанған жігіттер бар, тәрбиеші мен жетекшілер керек.

Кәрілік доспен сырласың ұзарған тәрізді.

Жасымда бұралқы иттей өмір сүрдім, қазір ойласам, ол кездерім ең қызықты, ең көрікті кездерім екен!

Баршаңа айтарым: атаның бақытсыздығын ұрпақ қайталамаса екен!

Жаста саналы, кәртейгенде даналы.

Кәрілікте жастың шарпуы қалады.

Кәрілікте мір секундпен өлшенеді, өмірдің тәттілігі деген осы.

Кәрілік алмай қоймайды, бірақ күнім таяу демеші... 

Кәрі адам көже ішіп отырып:
Аузым неге ыңғайланып қалды десем, тісімді салмаппын ау, дейді.
Расында, жасанды тіс сарт сарт естіп, ауызда ойнап жүреді екен

О дүниеге аттанып жатып адалдықты арқалап кетесің, басқа арқалайтын ештенең жоқ, ал күнәң алдында қошеметпен күтіп тұрады, жауап беруге кетіп барасың, өлім барын ұмытпа деген осы.

Жастық күн, қарттық түн.

Немересі атасынан: «Ата, бізден Күн алыс па, Ай алыс па?», деп сұрады немересі. Жүзден асқан атасы: «Бір айда отыз күн, отыз түн бар, ендеше екеуі де бірдей қашықтықта болар ау», депті атасы. «Маған мұғалім Күн алыс деп еді, кімге сенемін енді?», депті немересі. «Жүзден асқан ақсақал маған сенбесең, мұғалімің жүзге келгенде осы сұрақты қайта қоярсың, балам», деді атасы.

Танысы: «О, қарт! Неге жерге қарап келесің?», депті. «Жермен сөйлесіп келемін» деп жауап береді қарт. «Е, ол не дейді?», деп сұрайды танысы. «Жарығыма кір дейді», деп жауап береді, «Жарығыңа түскен кісі бар, шыққан кісі жоқ, түспеймін дедім, сол кезде сен сұрақ қойып менің жермен әңгімімді бөліп жібердің» .

Алпыспен алысып, жетпісті желкелеп келемін.

Адамның ең ауыр көңіл күйі жанымен қоштасу, себебі ол жаратқанның қайталанбас
жарлығы. «Кестім қиылды, тарттым үзілді», дейді жаратқан.

Кәрі де, жас та «Ақ суға», «Қызыл суға» ынтық болады, сүйіп адамды аздыратын дертке жол береді. Бұл дертке ем қонбайды. Барлық адамға айтарым, ішетің болсаң, «бәз бәз» ішу керек, өзіңді өзің тізгіндеп отыруың қажет.

Өткен өмірді біраз көз алдынан өткізсем, өзіммен бала кезінде дос болғандардың біреу суретші, біреуі мүсінші, жыршы, жазушы, ақын, әнші, композитор, күйші, ғалым, сыншы, т.с. болыпты. Ғаламат жандар, дарын иелері! Ал мен болсам, осылардың бәрінен хабарым мен мағлұматым бола тұра бос қалыппын. Менде бір ақ мақсат, бірақ бағыт бболыпты,  ол адал еңбек ету. Ешбір өнердің жолына  түспеппім. Шындығын айтсам, осылардың бірі боларым анық еді, тек беріліп, соңына түспеппін.  Бұл менің өмірімдегі ең үлкен қателігім екендігін алпыстан асқан соң, заман өзгерген соң түсіндім. Бірақ менің ұрпағым елдің ақ жібін баспағанымды, тек еңбегіммен өмір сүргенімді мақтан ете айта алады. Қолдан келген көмегімді ешбір адамнан аяған адам емеспін. Анам марқұм әр сөзінде «адал бол, балам» деп отыратын, оны мен өмірбақи орындап өттім.

Алпыстың қақпасын жауып, жетпістің терезесінен қарап тұрмын.

Алпыстың қақпасын жауып, жетпістің қақпасына ат басын бұрып келемін.

Кәрілік уақыттың өлшемі.

Қуаныш сезімі кәрі мен жасқа ортақ, бірінде артық, бірінде кем деп айта алмаймыз.
Қуанышқа жетер ешқандай дәреже жоқ, адамдар әрдайым қуанышқа бөлене берсе!

Қырық пен елу даналық пен сабырлықтың баспалдағы.

Жастық шақ адам болып қалыптасудың уақыт аралығы, мұны ерте түсінгендер
ұмтылады, сондықтан табиғат берген уақытыңды пайдаланудың маңызын ерте түсін!

Жастарға йатарым: үрме бас болма, үлгілі бас бол.

Кәртейіп барам ба деймін? Себебі достарым азайып барады. Кәрілік өзіңе ғана құбыжық емес, басқаға да құбыжық па, қалай? Ойлаңдаршы! Мүмкін мен қателесіп жазып отырмын?

Кәрілікте өзіңді өзің оймен, көңіліңмен жұбатасың. өткен өміріңді көз алдыңа елестетесің де бүкіл өмірің үзім жіптей ақ екендігін түсінесің. Босқа өткен өмір, еңбек, еңбек деп жүре беріппін. Жастарға айтарым:кәртейіп көруге талпыныңдар, көп жасауға әрекет жаса, өмір шежіресін шырқа, құр еңбек деп жүре бермей, жасын келгенше бақытты өмір сүруге талпын. Өмірге келген соң тек бақытты өмір сүруге адам міндетті.

Алпыс жылда көргенім, білгенім, естігенім, оқығаным, тоқығаным кәртейгенде есейіп алдымнан шығып жатыр.

Жастықта көп ізденсең, кәрілікте зорға кездесесің, сүйтіп еңбегінің игілік екенін көресің.

Кәрілігіңді өзің қамтамасыз ету үшін жастық шақ беріледі.

Адам жасы туралы: алпыста айнымайды, жетпісте жеңілмейді, сексенде сескенбейді, тоқсан мен жүзде төмендемейді, төрге шығып, нығым отырады. Ұлы бабамыз
Майқы би жүз жиырма жасқа келіп те билігін айтыпты деген сөз бар халықта. Сондықтан, жасқа қарап, жүйкеңізді жүдете көрмеңдер.

Кәріліктің денсаулыққа қатысы жоқ. Кәрі болғанның бәрі өлгелі тұрған жоқ. Біз кәріге көрді жақындата береміз, бұл асығыс ойлайсыз істелген әрекет.

Кәрі адамдар зауқым жоқ деп жиі айтады, тегі кәрілік ас таңдайтын сияқты ма, қалай?

Құлағыңды неге мақтамен тығыздап алғансың, ата, депті немересі. өзім туралы өрескел сөздерді естімес үшін, балам, депті атасы.

Балауса балалық адамның періштелік кезі, сондықтан да біз балалықты аңсаймыз.

Қартаю табиғаттың заңы, оны ерлікпен қуана қарсы алу керек.

Бұл өмірімде маған «арсыздық» пен «алдамшылық» жетпей кетті, мен оған талпынғаным да жоқ, бірақ кәрілікте өкіндім.

Кәріліктің белгісі: үйге барсаң әйелің, қораға барсаң сиырың жүйкеңді тоздырады.

Жасырары жоқ, өлгім келмейді! Тіршілікке жетер және пара пар келетін өмірде ештеңе де жоқ. Аз өмірді мүмкіндігінше тиімді пайдалана білуге үйрену керек, өзіңді өзің соған тәрбиелеуің керек, өзіңді өзің жетелеуің керек,  өз өміріңді өзің ұзартуың керек, басқаның барлығы тек демеуші ғана.

Кәрілік ілбіген өгіз. Кәрілік туғанға да, жатқа да ібіліс болып көріну.

Бар болсаң кәрілік сән, жоқ болсан ноль деген сан.

Балалықта байқағыш болмасаң, қуыс кеуде болып өсесің.

Балалықта уысың толса, өскенде сусындайсың.

Балалықта қолыңа не ілсең, өскенде соны тересің.

Ауырдың ауыры өлім!

Алпысты арқалап, жетпістің жетегіндемін, жетпісті арқалап сексеннің жетегіне кірсем деймін, тіршілік неткен қызық, неткен ғажап едің!

Жастық шақ адам болудың жолын іздеп табу үшін берілген табиғи уақыт. Мұны әр жас әр түрлі пайдаланады, нәтижесінде бірінен бірінің айырмашылығы бар адамдар жиыны дамып өседі.тиымды пайдаланған ұтады, ойсыз пайдаланған ұтылады.

Кәртейген адамның бір күнінен бір күні қызық бола бергендей сезінеді. Өмірді табиғатағы бар ешбір байлықпен айырбастауға  болмайды.  Минут, секунд өткен сайын қуанамыз, бірақ өміріміздің қысқарып бара  жатқанына мән бермейміз.

Кәрі бол, жас бол, белсенділік пен еңбекті, спорт пен өнерді тоқтата көрме, сонда өмірің жетіле де, жемісті де болады.

Жас күніңді аңсағаныңды қартайғанда құтылуға асығасың, себебі аңсағаңынды тату үшін  денсаулығыңды бердің, енді аңсағаңынды беріп, денсаулықты қайтара алмайсың.

Туғаннан қырсықпын, жетпіске келсем де қырсықпын, не мен соқыр, не мені көрмейтін құдайым соқыр. Біреулер шалқып туып, шалқып өтеді, еңбектеп туып, еңбектеп кетеді, қайда шындық, қайда әділдік? Кімде кім шындық әділдікпен тіршілік етсе, өмірбақи жарымай өтеді, кім арсыз болса, сол байып, мырза болып өтеді. Менің көңілім мырза, көкірегім тоқ, бірақ ел сияқты байлығым жоқ.

Жастықта да асық, кәртейгенде де асық, істемегеніңді істе, бітірмегеніңді бітір, себебі уақыт адамды күтпейді.

— Асфальт үстінде барабан соғып келеді, бұл кім?— дейді немерем Эмильхан. Бұл оның маған қойған жұмбағы еді.

 Кәртейгенде жас кезіңде жек көргенді сүйесің, айырмасы осы ғана.

 Кәртейіп көр, іс сапардан үйге қайтуға асығасың.

 Адамның өз ағзасы өзіне ажал дайындаумен өмір сүреді, өзіңді жейді, өкінсең де, өкіресең де бұл ақиқат, шындық.

Кәрілік келді деп қуанба, оның басқа да әлегі бар: бірі — өзіне, бірі — басқаға.

Кәрілікте тозбайтын: ой, қызыл тіл, көңіл, арман, сезім...

Зейнеткердің айтқызбай орындайтын заңы — құдай заңы, олар басқа заңды көп мойындамайтын еркін адамдар.

Менің балалық шағым ащы ішектің дәмі мен кәрелен құйған
құйқаның нәрімен өтті, бірақ тірі қалдым. Өзім тетелес қазақ,
неміс, шешен балалары аш еді, біз «Қызыл Октябрь» деген
колхозда тұрдық, бұл 1942 43 жылдар еді. Ойласам, төбе шашым
тік тұрады.

Елуде — еркексің, Алпыста — еркесің, Жетпісте — желкесің, Сексенде — өкпесің, Тоқсанды — айтпай-ақ қояйын, Үш қасық сүтке тояйын!

Алпысқа дейін қоян болдым, одан кейін ноян болдым, өмір тіршілігі деген осы.

Кәрілікте асықпасаң — ұтыласың! Кәрілік кемімелі қозғалыс.

Кәрілік — бақытсыздық, дәрменсіздік пен жалыныштылық!  Сенімсіздік пен күдіктілік ошағы.
Шал болғаның, шалаға айналғаның.

Кәрінің көзі шала көрсе де, көрмейтіңді көреді.

Алдағыны жастан сұра, арттағыны қарттан сұра.

Жігерлі жүрек тоқсанға келсең де керек.

Кәрілікке іліксең, қарыз ала-алмайсың.

Жас қартқа сүйенер ақылы тиер деп, қарт жасқа сүйенер, басыма
жастық қояр деп.

Алпыстағының ақылы — алып күш, қолдана біл.

Кәрі тауға шығып бара жатқан жоқ, таудан түсіп келеді.

Алпыстан асқан соң, қарттықты аңсайсың.

Әлі орта жолда жүрмін, артыма қарасам жазық дала, алдыма
қарасам биік тау.

Кәрі үйге келген қонаққа мәз.

Кемпір өткенін айтады, қызды көрсе «бетім-ай, біз мұндай
болмап едік» дейді.

Кешегің жастық, Бүгінгің жігіттік, Ертеңгің қарттық.

Жігіттіктің бір күні, кәріліктің он жылына  пара-пар. Кәріліктен асқан құбыжық жоқ, сайтанды да бездіреді.

Жастыққа еш нәрсені айырбастамас едім.

Адамның өткізген өмірі келешектің куәгері, сондықтан өмірді кіршіксіз өткізу керек.

Кәрісіз жастың көңілі соқыр, көкірегі орта.

Кәрілерге айтарым: 60-та — желе жорт, 70-те — адымдап жүр, 80-де — аяғыңды санап бас,  90-да — төрде отыр, 100-де — өзің біл!

Кәрілікке қуанба, бәрімен қоштасып барасың.

Әр пәнденің өз мәресі бар.
Мен жастық шағымда ойға алған мақсатыма жетуге талпынатын едім, оным өзіме күш-жігер берді. Қазіргі жастардан да мақсатқа талпыныс көрсем деймін.

Саналы балалық шақты өткізген адам тәрбиелі болып өседі, себебі бала кезімізде біз өзімізді - өзіміз тәрбиеледік. «Оны істеме, ол бұзықтық», «Ананы алма, ол кісінікі», «Мынадай сөзді айтпа, әке-шешемізден ұят» дегендерді жиі айтып өстік.
Тәрбиенің басталуы отбасынан ғана емес, балалар ортасында өзара түсініп, сөйлесу арқылы жүріп жататын қоғамдық құбылыс.  Балалардың ойын кезінде бірін-бірі тәрбиелеуі олардың келешек өміріне жақсылықтан басқа ештене әкелмейді, сондықтан өзгені ұмытсаң да, жолдастардың жақсы сөздерін, ой-пікірлерін ұмытпай, ойыңа ала жүр деп әр жасқа тілек айтар едім. Балалар өздерін өздері жақсы талап-тілекке, мұратқа жетелей білсе, бұл ата-ана үшін үлкен бақыт.

Қай кітаптан, есімде жоқ, оқушы кезімде оқығаным: әр адам құдайға әр түрлі жолмен табынады, жалынады, сұрайды деп. Біреулері дұға оқу арқылы, енді біреулері құран аяттарын жатқа айтумен, қайсыбірі билеумен, қайсыбірі ерекше дауыс шығарумен, сүйтіп құдайдан сұрарын да, реніш білдіруін де әртүрлі тәсілмен көрсетсе керек. Бірақ осыны елеп ескеріп, мән беріп жатқан жастарды көрген емеспін. Келешек өз төрелігін айтар.


Сәбилік, балалық, жастық, жігіттік, кәрілік уақыттың берген сый-құрметі, бірақ әр адамда әр түрлі дәрежеде, әр түрлі сипатта өтеді.

Жастық шақтан басқаның бәрі қайталанады.

Ңапиялар өткен өмірлерін тамсана көксейді, онда ол үстемдіғ еткен үкіметін көксемейді, өзінің жас- тық нтяғын көксейді.

Өзгеге асықсаң да зейнеткерлікке шығуға асық- па, оміріңді қысқартасың.

Зейнеткер болдым деп мақтанба, келмес, барар жолында кедергі жоқ, түссең болды зымырап кетесің.

Зейнеткерге бейнет те, рахат та — бірақ төбенің басында.

Жұлдызға қарап үзіліп, нанға қарап сүзіліп, жастықты өткіздік.

Алпысқа келген соң, жетпіс дейміз, бұл өмірдің тәттілігі.

Жасты істеген ісінен таны, кәріні іске көзқарасынан таны.

Кәрі сөйлесе тыңдай бер, екі сөзінің бірі керегіңе жарайды.

Комментариев нет:

Отправить комментарий