вторник, 3 апреля 2012 г.

Шындық, ақиқат, әділеттілік турады


Кемшіліктің бәрін тоқырауға жаба беру тарихи ақиқаттыққа жатпайды.

Тарих шындықты, тек шындықты қабылдайды.

Тумай жатып, тақуалыққа бас ұрма.

Шығыс елдерінің даналары айтқандай, «шындық айтушы да емес, тыңдаушы да» , сондықтан тыңдайтын адамыңды біліп барып айтатыныңды айтқаның жөн. «Айтқаныңа көндім» деген сөзді «алғанын көрдім» деп жеткізуі ғажап емес. Қазақтарда тыңдаушыңды таңдай біл дейтіні осы болса керек.

Шындыққа тура қарайтын адамдар санаулы ғана, себебі көзіңді өртеп, соқыр қылады.

Шындық айтқаным үшін жақсы көрсең көр, бірақ өтірік мақтама, бәрібір тон кигізе қоймаспын.

Бәз бәз үрей сезіміне бөленбесең, шектен шығып кетерсің.

Біз шындықты түн ұйқымызды төрт бөліп іздейміз, бірақ нағыз шындыққа жете алмаймыз, тек жақындап қана тынамыз. Шындық бізден алыс та емес, жақын да емес,бізбен бірге болатын нақтылы ұғым. Шындыққа пенденің бәрі ұмтылады.

Өтірік - шындықтың өзгертіліп айтылуы.

Жаладан сақталған адам, жалғыз қалмайды, жаланың азабы жазылмайтын дерт.

Аққа түскен дақ алыстан көрінеді, ал адамға жапқан жаланы дақ десек, көре алмаймыз.

Шындық-шындық деп аңсаймыз, ал шын шындыққа кездессек кейиміз, бұл неге солай?

Надан қорыққанда ғана құдайын еске алады.

Кейбір азаматтар өз бас пайдасы үшін, не мәртебесі үшін досын да сатып кетеді, мұны талай рет өз көзім көріп, құлағым естіді. Адамдардан осындай жаман қасиет айырылмай, өркениетті азамат болу мүмкін емес.

Кейбір жағдайларда өзің үшін, дос үшін, туыс үшін, үй ішің үшін ләм деп ауыз ашпайтын боласың, себебі сөзіңді өзгертіп жеткізіп қояды.

Шындыққа жеткеннен жетемін дегенің жақын.

Шыншылдық кедей жолы, алдамшылық байдың жолы.

Әділеттілікке о дүниеге барғанда кеңелесің, тіршілікте армандап ғана өтесің.

Адалдық үшін біреумен күрессең де мыңның алғысын аласың, себебі оның сұранысын орындайсың.

Менше шындық тағдырмен өлшемдес, таза шындықпен жүруге болмайды, ол нақтылы өмірден алшақ кеткенін.

Шындық пен шылық қатар жүреді десем, бұл шындық. Өзің шындықпен тіршілігіңді көрсең шындықтың не екендігін білесің,  әйтпесе сағым сияқты ұстай алмайсың.

Шындық ғылымда ғана бар, басқанын бәрін өзімізге икемдеп шындық деп жүрміз.

Шындықты қанша көріп біліп жүрсең, сонша жасырынып меңіреу боласың.
Міне, шындықтың шын сырын білгің келсе.

Біреуді алдап, біреуді арбап, келемін көшке ілесіп, шаңды қармап.

Адамға сәулетіңді айтпа, аймағыңды айт, дәулетіңді айтпа заманыңды айт, ойлағаныңды айтпа, көргеніңді айт, өтірік айтпа,  шындықты айт.

Әділдіктің досы: шындық пен жақсылық, адам осы достарды іздеумен өтеді.

Көзіне қарасаң көңіл толады, ісіне қарасаң көңіл солады.

Өтірікшіні құдай да сабайды.

Алдамшының жауы — әділет.

Мен әділетсізбін деген адамды көргем жоқ.

Өтірікші өміршең, аспайтын тауы, түспейтін сайы кемде кем.

Жала жеті таудан асырар.

Біреуге тор құрып, оқ оқтаған, өзі соған жолығады, сондықтан
пәктікке жетер өмір жоқ.

Өтірікшінің айтқанының екі процентін орында да, тоқсан ссегіз процентін қалдыра тұр.

Туған ұлдан не пайда, адалдық аты болмаса.

Арыз түсіруші, жауап күтуші, оған немқұрайлы қарауға болмайды, ағын ақ, қарасың қара деп жауап жазуға міндеттісің.

Даудың да дауы бар, шешетін ерді тауып ал.

Кісіде бір мін десең, өзіңде мың мін бар екенін білгейсің.

Жығылған адам күресе береді, сол сияқты шындық қуған адам қуа береді, бірақ қашан жететінін білмейді.

Ер шындық іздесе ұйқысы кетер, халық шындық іздесе күлкісі кетер.

Хан бол, қары бол, бірақ жол бар әділеттілік, басқа жолдарды не десең де ерік өзіңде, ақырында әділеттілікке тірелесің.

Өтірікті шындықтан айыра алмасаң төрелік жақындайды.

Шындықты қуған адам, өмірін уақытша ұмытуы керек, әйтпесе шындыққа жете алмайсың.

Ашығын айтқан шындықты ашынып қабылдаймыз, сондықтан да пенделік жасаймыз.

Куәгердің бірі көріп, бірі көніп, бірі қорқып, бірі жарамсақтанып, енді бірі сатылып айтады. Менің айтар ақылым, ешбір куәгерге кездесе көрме.

Көзбен көргеннің өзін ой елегінен үш рет өткізіп барып мақылдау керек, себебі көргеннің бәрі шындық емес.

Біреуге қанша жала жапсаң, сонша азап шегетініңді ұмытпа, айта берсек, ол азапты ұрпағыңның ұрпағы тартады, өмір тәжірибесі осыны көрсетеді.

Мақтау үшін де, даттау үшін де дерек қажет, онсыз бос сандырақ болады.

Екі дауласқан адамның ісі ағы аз сөйлейді, ісі жантағы көп сөйлейді.

Өзіңе өзің әділетті болмай, басқадан әділеттілікті талап етпе. Өзіңнен өзің дәмет, өзіңе өзің өкпеле, өзіңе өзің уәде бер. Осылай өссең, ешкімнен де кем болмайсың.

Ақиқаттың кемесі сынбас.

Адалдық үшін күресте жалғыз қалсаң да, өзіңді бақытты сана.

Ақиқат жолы Құс жолы, ешкімді адастырмайды.

Әділеттілік халық дәстүрі, сондықтан да ғасырдан ғасырға жырланып келеді.

Әділеттілікке әділетсіздік көрсету кешірілмес күнә.

Басқа келген пәлені адалдық таразысына салып жұбанасың.

Шыншылдық үшін күрестім, мұным батылдылық, арсыздармен шын мәнінде күресе алмадым, мұным бақытсыздық.

Ақиқат жеңуі үшін де күш қажет.

Шындық жеңуі үшін ғасыр да жетпеуі мүмкін жағдайлар болады, сондықтан шындық деген жоқ деп жалған қорытынды шығаруға асықпа.

Айлакер қудан айласы аспаса, әділеттілік қайда?

Көз екеу, біріне бірі куә, тіл біреу, куәлік таба алмайсың.

Өтіріктің жауы шындық.

Анам марқұм: Қара нан, қара су ішсең де, адал жүргенге жетері жоқ, деуші еді. Растығын көріп жүрмін.

Жазушының тілейтіні әділ сыншы, сыншының тілейтіні әділдің әділі.

Әділетті сөз дәуір таңдамайды, ғұмыры шексіз.

Ақиқат құс сияқты, адам өлгенше соны ұстаймын деп өтеді.

Шындықты әсерлеп жазбасаң, жаны кірмейді, себебі шындық та шындық, жамандық та шындық.

Шындық қусаң шыңдаласың, өтірік қусаң қуланасың, бірақ екеуінде де ойлану қажет.

Көреген болсаң жақсыны да, жаманды да бірдей көр, әділетті боласың.

Шындық айтқанға оңай, бірақ артқы жүгі ауыр ақ, зардабың тартып, кініш шегесің.

Шындық жеңіліп, өтірік жеңіп өмір өткен кездер де болады, бірақ өмірі бар адамға ол уақытша құбылыс.

Шындық таңының батуы мүмкін емес.

Қара ақ болмайды, ақ қара бола алады.

Деректі дәлел шындықтың тілі де, көзі де.


Түбінде көк көзділерде шындық болады, дейтін анам марқұм, сол рас сияқты, себебі көздері көгілдір аспан тәріздес, ашық, қара бергің келеді.

Бақсы болып жүрсең, шындық іздеп қажеті не?

Өтірікші көбейсе, шындықты іздей бастаймыз, бұл әр кімнің болса да басында бар жайт.

Бір беткей сын айту жаладан да жаман, сын жел сияқты бағытын жағдайға қарай өзгертіп отырады.

Сөздің көркемдігі мен құндылығы — шындығында.

Сын сөз айтқанша өзіңдікі, айтқан соң шындық және жалған болып екіге бөлінеді. Себебі, сені жақтаушы үшіншындық, жақтамайтындар үшінжалған.

Шындық іздегендер келіседі, жеңіс іздегендер дауласа береді.

Адалдық жолындағы құрбандықты әмірші көрмейді, халық көреді.

Тіршілікте адал ісің қара болып кетуінен жапа шеккен қиын.

Өтірік — «байытады», жала — жойдырады, бірақ екеуінен де аулақтау жүргенге не жетсін.

Комментариев нет:

Отправить комментарий