вторник, 3 апреля 2012 г.

Дос, жолдас, дұшпан, жау туралы


Дәрежең төмендесе, досың бетін сырттай береді, адам психологиясының ғажап сыры осында ма деймін. Ондай адам өзінің кім екендігін көрсеткенін сезбейді.

Адамнан асқан айнымалы, дүние құмар, көрініп қалуға бейім жандар ортамызда бар-ақ.

Алыста тұрып сөйлес, сонда сыйласасың. Жақыннан сөйлессең, кеудеңнен итеріп жібереді.

Ой-пікіріңді білген соң сенімді адамың «қарқылдап күлсе», оған көп жолай берме, себебі сенің адал сөзіңді көзіңше аяғының астына таптап тұр.

«Ер жігітте үш жұрт бар»,дейді қазақ, оны білесің, бірақ оның екі қосымшасы бар: жұмыс, ұжымы және достар,деп бір замандасым жиі айтушы еді. Осы тегінде дұрыс айтылған ой.

Неғұрлым адал болсаң, соғұрлым адамдар шеттей береді, себебі алғанымды айтып қояды деп күдіктенеді, міне, адамдардың ара-қатынастары қандай қайшылықта. Тіліңді тістеп, тұрып қаласың.

Мейман достыққа жетер жүйрік жоқ.

Құрбы-құрдастың қалжыңын да сергек тыңда, шындықты аңғарасың.

Сырыңды алған жау, арыңды да алады.

Жолдас - жолдаспен сырласады, ит - итпен ырылдасады, қас - қаспен айтысады, қандай үздіксіз ұғым...

«Қарағым», «шырағым», «қалқам» деген сөздер қандай жылы, қандай қуанышты! Адамдар өзара қатынастарында осы сөздерді көп қолданса деймін.

Дұшпан тебеді — құлатады,
Дос түртеді — қол береді.

Достың досқа деген сезімі өте нәзік, тез үзілетін жіп сияқты, сондықтан досты өкпелетуге еш уақытта, ешбір жағдайда болмайды.

Дос досты арқалағанда достық бекиді.

Зорлықшыл адаммен дос болма, бір күні таяққа жығыласың.
Қайсыбір достар нәтижелі ісіңді естігенде үнсіз кететіні бар, ғажап психологиялық құбылыс-ақ.

Шын дос айтты — орындады,
Жалған дос айтты — ұмыт қалды.

Дос тіршілікте қасыңда, өлген соң досың да, қасың да қасыңда.

Ғажап көрініс: досыңнан асып бара жатсаң, жат төбесі көрінеді, төмендесең, дос төбесі көрінеді, сенбесеңдер, байқап көріңдер!

Дос жау болады мәнсабың асса, мәз болады мәнсабың сасса, сондықтан досыңмен мәнсабыңды тең ұста, онда дос дос қалпында қалады.

Дос дос қуанышына да, ренішіне де ортақ болуы қажеттілік, онсыз достықта мән болмайды.

Жау қауіпты екенін әр кез сезесің, дос жау болса, сезбей де қаласың, себебі оның әрекеті қылдан жіңішке, ауадан жеңіл.

Дос тілегін екі етпе, сеніп тілек қойып тұр.

Дос тілегін орындасаң, жүгің жеңілденіп, бір асудан өткендей боласың.

Сөздің досы болма, істің досы бол, достығың беки түседі.

Адам мен адамның дауын шешкің келсе, екеуінің де керемет, жақсы жақтарын айт, сонда олар тіл табуға өздері бет бұрады.

Көз жақсы көргенге,
Сөз жақсы сенгенге,
Жақсы дос білгенге,
Әр кезде өнеге.

Достар — күйініп те, күліп те, күрсініп те, өкініп те, жан-күйіңе ортақтас болатын жандар.

«Күшігім-күшігім» деп асырасаң, ит болғанын бірақ білесің.

Барлықта жолдас қасыңда, жоқтықта суретін ғана көресің.

Достарға айтарым: сыр жасырма, сын жасырма, дәл маңдайдан ұрғандай шындықты айт.

Құрметті азамат атану абырой, бірақ соған сай іс көрсете білу керек.
 Дос та күледі, қас та күледі, білгіш болсаң, айырып көр.

 Өзіңді досыңнан бір қарыс төмен ұста.

 Сеніп келген досыңа сөзің өтпесе, досыңның өкпелі екендігі дәлел тілемейді.

 Достық адам мен адамды ғана жақындатпайды, бүкіл мемлекеттерді де дос
 етеді.

 Адал дос уақыт өткен сайын туыс болып кетеді.

Доссыз көңіл — жабырыңқы.

Ескі досты алыстан көрсең, қуып жетуге асығасың.

Дос сырыңды алады,
Жау жаныңды алады.

Жол жүргенде жолдасың топас болмасын.

Дос бөліп бере бермейді, бірақ жылы лебізін білдіреді.

Көрші-көрші, көршімен бол ерсі.

Білген адам достан да, дұшпаннан да үйренеді.

Тар жерде, жат елде досыңды іздейсің.

Дос әзілің де сағынарсың.

Адал досың ба, амал досың ба? Досқа достық пікірі осы.

Қабырғалы ат  жаяу жүргізбейді, шын дос қиындық көргізбейді.

Досың көбейсе, дорба бос болмайды.

Той туыспен шалқиды, доспен қызады.

Досты жауда, әкімді дауда сына.

Күн туғанда басыңа, досың болсын қасыңда.

Немен ауырсаң, сол жолдасым дей бер.

Дос біресе жақсылық істесе, сен  оған үш есе жақсылық істе, сонда
досыңның досы да көмекке келеді.

Дос болған жерде есіңді де сақтайсың.

Досыңның қырық мінезін білсең де, қырық бірінші мінезін білмейсің.

Менменмен  дос болма.

Достан айырылған, ата-анадан айырылғанмен бірдей.

Дос пен жолдастан көңіл қалған жаман-ақ, әр кезде:ойыңа келе
береді.

Досқа да, дұшпанға да айтарым: көкейіңде ақылға толы бір ауыз сөзің болсын.

Жау іздеме, дос ізде, себебі досты өле-өлгенше іздейсің, жау өзі табады.

Кемшілікті көріп бетке айтпаған жақсы жолдас емес.

Досың күлсе шаласың, қасың күлсе жанасың.

Қадырың кетсе көпке, досыңа қойма өкпе.

Астың досы бір жылдық, бастың досы мың жылдық.

Әр доста жақсы жақсы сздер, пікірлер бар, жазып жүрген дұрыс.

Достықсыз өмір жай тіршілік: мағына да, мән де, силастық та, сырластық та жоқ.

Білмегенді білуге талпынбаған адамменімен дос емес.

Жолдас жаман емес, жаман жолдас тапқан өзің жаман.

Силаса білу дәстүрге айналсың, онда бірімізді біріміз тани түсеміз.

Адамның бәрін жау десең, досты қайдан табасың?

Досқа сену, өзіңе сену.

Шын достың көңілі де, көзі де, қолы да, сөзі де жылы ақ.

Дос: жекелейді, жылатады, қысады, бірақ іздегеніңе жеткізеді.

Досыңа да, дұшпаныңа да әділеттілік тіле, себебі екеуімен де кездесесің.

Дос айтса тауып айтады, немесе үн қатпайды, бұл нағыз достың белгісі.

Қадір тұтар адамды шай суыңнан қалдырма.

Бақ қонса басыңа, жолдас көп қасында.

Ине өтпестей тату бол, су өтпейтін затым бол. Егер оған көнбесең, жолдас емес, қасым бол.

Досқа сенбесең, жауды айыра алмайсың.

Дос пен дұшпан тепе теңдікте жүреді, анау аз, мынау көп деген дұрыс емес.

Жақсы жолдас мұқатпас болар.

Әй, тоқта, дейтін бір досым. Атты емес, жаяусың, сен де маған таяусың деп күлетін.

Достан не алдым деме, не бердім де, досыңа қалай қарасаң, о да саған солай қарайды.Дос досты өлшемдес ұстаған дұрыс, өйткені  ойлау өрістерің бір.

Адал дос амандасқанда қолынды қатты қысады, немқұрайлылар сүйкей салады, байқап көр.

Жолдассыз жолға шықпа, кездескеннің барлығы жолдас емес.                                              

Досың күлсе қасында, ісің артық басыңда!

Адал дос, қажымас жолдас мыңнан бірі ғана болады, бұл ақиқатты ғасырдан ғасырға айтып келеміз, бірақ тиісті қорытындысын шығарған ешкім жоқ. Алданған алданып, ұтқан ұтып тіршілік жасап жатқан халық.

Барда дос та көп, жолдас тта көп, жоқта олардың алыстан көлеңкесін ғана көресің, шіркін, бар мен байлыққ жетер жоқ сияқты ғой! Қол қысқа болған соң, «денсаулық зор байлық» деп өзімізді жұбатып, көп қатарында жүре бересің. Тіл алсаңдар, байлыққа ұмтылыңдар, көңілдегі жақсы ойыңды асыруға асық. Бүгін, ертең, бүрсігүні деп жүре берсең, ісіңде береке болмасы анық

Дұшпаның арыңа тисе, көздеп атасың, досың арыңа тисе, шоқ болып жанасын.

Жаудан да жанымды қия көр деп сұраймыз, оның себебі қорыққандық емес, жанның бір ақ рет беріліп, қайтып келместігінен, бірақ жау жаулығын істемей тыңбайды!
Келешекте өз қателігін түсініп, адам болатынына сенгендіктен сын айтамыз, ондай сенім болмаса, сын айтылмайды.

Қадір қасиет доспен келеді, доспен кетеді, сондықтан доспен адал сырласып сыйласып жүруге көңіл бөлу керек. Дос үйдің бір қанаты сияқты.

Іс жүзінде, досты да, жауды да мақтаймыз, себебі екеуін де бірін бірі түсінуге шақырамыз. Негізінде, халықтар бірін бірі түсіну үшін өмір сүрулері керек.

Қайсыбір достарды жетік білмейтініміз үлкен кемшілік. Тіпті бірге жұмыс істей жүріп, кейбірінен дүдәмал болып өтеміз. Дүниені танып білуді адамнан бастау керек.

Жер дос болма, жан дос бол.

Адамға шындық пенен сырыңды айтсаң, оған жау болып шығасың.

Досың жау болмай жаудың сырын ұқпайсың.

Жауынның кім екендігін білгенім өте жақсы, себебі қорғану үшін не істеу керектігін білесің. Досымның жау болғаны жақсы, себебі мінез құлқын білесің, соған сәйкес айла амал қолданасың. Белгісіз жау жаман, ол үн шығармай қабаған ит сияқты бірақ секіріп алып ұрады, өлгеніңді бірақ білесің. Ал сенің ісін туралы ешқандай ой, пікір сөз айтпаған, жұмған аузын ашпаған бейтарап адам өте жаман, себебі жақсыны жақсы, жаманды жаман деп айтпайды, өзіңді мәжүн етеді, ақымақ санайды. Ондай адам ішке кірген дерттей мысыңды құртады, емін таба алмай қиналып өлесің. өте жаман адамға кездесе көрмеңдер. Қорытынды: айғайлағыштардан, әзілдегіштерден, ұрда жықтардан қорықпаңдар! Үндеместерден қорқыңдар!

Досым даттап, жауым мақтап келеді, сондықтан да кемшілікке толып келемін.

Достың жылан болып алдыңнан шыққанынан асқан қылмыс жоқ. Жылан шағады не өледі, үшінші жолы жоқ.

Мен достан да, жаудан да, ақылшыдан да, хошеметшілдерден де өзіме керегімді алып өстім, бірақ өзімді өзім тежеп, ұяңдау болдым, ол жетімдігім бе деймін.
«Айналайын» деп басымнан сипайтын үш ақ адам болды: анашым, жұбайым және атам Жүзбай, басқа ешкім басымнан сипап, маңдайымнан сүйіп көрген жоқ. Кейіннен, өскен соң, туған апайым Кулия маңдайымнан сүйетін. Ол апайым сияқты әлемде жан жоқ шығар, ерте дүние салды. Өмірі бейнетпен өтті. Үстіне бір керемет көйлек те кигізе алмағаныма қатты өкінемін.

«Бақ қонғанға бет тұрады, бақ тайғанға сырт тұрады», деп студент кезімде бір досым қайталап айтып үруші еді. Сөз арасында Қазбек бабам қолда деп отыратын.
Қазір ойласам осы сөз ұлы бабамыз Қазбектен қалған сөз бе деймін.

Екі адамның ойлауы дәл келгенмен, үшіншінікі басқаша болады.

Жолдастың да жолдасы бар, ақылы озығымен қал.

Жаумен де тіл тауып сөйлесудің іс-әрекетін ізде, себебі о да соны іздеуде, оның да көкейтесті мақсаты бар, соған жетуге талпынады.

Анашым марқұм айтатын: Женген жаудың алдында тұрма, артында тұр,—деп.

Сайтан өз ішіңнен шығатын жауың, алыстан іздемей-ақ қой.

Тамақ та — жау, ұйқы да — жау, бірақ екеуінсіз жүре алмайсың.

Жеңілген жауға екі есе кешірімділік жаса, сонда ол қателігін ұғына түседі.

Жау жұбатпайды, жояды.

Жау оспақшыл келеді, кекшіл тоспақшыл келеді.

Жауға зілді, досқа арлы бол.

Досыңа берген ас тұзды дұшпаныңа да бересің.

Төбетке қарғы таққанмен тазы болмас, жау дос болғанмен жанын қимас.

Дос айтса үш ойлан, жау айтса үш есе ойлан.

Өмір болса, жаның дос, өлім болса жаның қас, ендеше жауың да өз денеңмен бірге жүреді.

Досыңның кім екенін білгің келсе, досыңның досымен сөйлес, сонда досыңды танып, біле түсесің.

Дұшпаның арыңа тисе, көздеп атасың, досың арыңа тисе, шоқ болып жанасын.

Жазаның ең ауыры достың қастығы.

Егер қылмысты болсаң, жау бірақ рет өлтіреді, дос кездескен сайын өлтіреді.

Ақшаң болса, бәрі дос, ақшаң жоқ болса, бәрі сырт бере бастайды.

Ақыл айтсаң досқа бас пайдаңды ойламай айт.

Айтар сөзді досқа да, дұшпанға да ашық айт, қоңырсығы болмасың.

Тілдескен жауға да опасыздық жасама, өзіңнің әлсіздігіңді сездіресің.

Достың бірін «төмен», енді бірін «жоғары» деп бағалаған , достықтың шын мәнін түсінбеген пенде.

Амал дос алам — бермен, адал дос берем — алман.

Комментариев нет:

Отправить комментарий