вторник, 3 апреля 2012 г.

Уақыт туралы


Жыл бізге борышты емес, біз оған борыштымыз, себебі жылдың төрттен бірін бос өткіземіз.

Адалдықтың да, арамдықтың да төрешісі уақыт.

Қоңырау адам өмірінің кезеңдерін көрсететін үні сияқты, бірде қатты, бірде баяу, бірде сылбыр дыбыс беріп тербеледі.

Уақыт — тудырады, уақыт — жұтады.

Біздің барлық кемшілігімізге уақыт кінәлі дейміз. Ол қателігімізді жасырып ақталудың жолы.

Болашақты қорқып күтпе, қуаныш — үмітпен дәмелен, сонда күнделікті ісің қарға адым болса да алға басады.

Әмірші ғана уақытты «тоқтатады», басқа адамға әуре болып керегі жоқ.

Бәрімізге бағаны беретін әмірші уақыт, ол өлшейді, кеседі, қысқартады, ұзартады, теңейді, жояды не мәңгілікке қалтырады.

Әр көшіп-қонғанның азабын уақыт өткенде білесің.

Уақытты ұтамын деме, ұзартамын де, тіршіліктің өзі уақытты ұзарту.

Соқыр үшін уақыттың ерте-кеші жоқ.

Бұрыңғы — бүгінгінің суреті.

Өз өткен өміріңнен тәжірибе алмасаң, ертеңгі күннің кешегі күннен өзгешелігі аз.

Біз уақытқа борышты болып өтеміз. Себебі өмірге қуанған, шаттанған кезді есепке алмаймыз ғой.

Алдағы өмір жұмбақ, бұгін шешуін ойлан.

Алдағыны ойламасаң, артыңдағы жетім қалады.

Келешекті жарқын демесек, арттағылар өкпелейді.

Уақыт күтпе, одан асып кет.

Уақытты ұтамын деме, қайта қуып келемін дея тезірек істеген ісіңді бітір.
Артың-кемді теңестіретін — уақыт.

Біреу айтпағанды екінші айтады, біреу таппағанды екінші табады, сүйтіп шектеусіз өмір жаңарып оз заңдылығымен тоқтаусыз кете береді.

Істің ақырын күткенде, уақыттың ұзақтығын білесің.

Бүгінгі күн - ертеңгі күннің алдын-ала берілген ақысы.

Өткенді дүркін-дүркін еске алған жөн, сонда келешегің айқындала түседі, өйткені өткен мың күннің жүз күні келешек туралы айтып тұрғандай.

Қиялданып өзіңді-өзің жаңа бір кеңістікке әкелесің, уақыт өлшемі дегенді білмейсің, мәңгілікте жүргендей сезінесің, міне қиялдың кереметтілігі. Қиял адамның жан серігі.

Уақыт тіршіліктің өлшемі, бірақ біздің тіршілігіміз осы өлшемге сыймай кетеді.

«Уақытым жоқ» деп айтпа, ол әр кез бар, ол шексіз, мәңгілік, бәрімізді жұтатын осы уақыт.Уақытты өзің үшін пайдалана білуге ерекше көңіл бөлу керек, сонда өкінішіміз де аз болады. Мен бармын уақыт бар. Мен жоқпын уақыт та жоқ. Уақыт өзіңмен бірге келіп, бірге кетеді. Әр жанның өзіне тиісті «const» уақыты бар, бұл табиғи заң, өзгерте алмайсың. Уақытқа бас иіп бағынасың, оның құлы боласың.

Барлық ғаламат уақытпен байланысты.

Шын қиялданғанда қас-қағым уақытта денеңе ғаламат күш, энергия, мол қуат пайда болады.

Уақыттың бостан босқа өтіп жатқанын біле, сезе, көре тұра еш әрекет жасамаймыз.
Бұл әр жүз адамның 75%-нің басында бар жағдай. Ғажап кешірілмес кемшілік, бірақ жоя алмай келеміз. Осының салдарынан өмірбақи кемшіліктің тұтқынында құл болып, мақсатымызды алыстатып келеміз. Міне, адам психологиясының қамсыздығы мен өзіне өзі кешірімпаздығы.

Біз келер күнді қуанышпен күтеміз ақ, ал салдарына мән бермейміз, онда өкініш те, қап ойламай қалдымы көп ақ кездеседі.

Өткенің көрген түстей, қазіргің асау тайдай, келешегің күлімдеген кербез сұлудай!

Бүгінгісін нақты білмеген, келешегін болжай алмайды.

Өткен күнсіз бүгінгі жоқ, бүгінгісіз ертеңгі жоқ.

Келешексіз ертеңгі күн қараңғы.
Тарихтың дөңгелегін қалай айналдырсаң, солай айналдыр, бірақ адам адам қалпында қалады, тек көңіл күйі, дүниеге көзқарасы, сана сезімі айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Ол, әрине, уақыт үстемдігі.

Өткен күн өзгеде, келер күн өзімде.

Өткен күнге ойлана қараймыз, келер күні ештеме ойламай ақ асыға күтеміз.

Дұрыстап ойласақ, әрбір басқан адымымыз ән мен жыр, әр өткен күніміз бір бір кітап! Неткен шексіз жырланып келе жатқан тіршілік!

Үлкендердің өмір жолы келер ұрпаққа деп салынған көпір сияқты, ол көпірден өту әр жас үшін парыз, онсыз ол дұрыс адам болмайды, ібіліс болып кетуі де ғажап емес.

Қирамайтын бекініс, құламайтын мұнара жоқ, бәрі уақытын күтіп тұр.

Адамға ең қымбат уақыт, ең арзан уақыт, ең ұзақ уақыт, ең қысқа уақыт, ең жылдам уақыт, ең шабан уақыт. Міне, адам деген осы, түсініп көр.

Тіршіліктің әр минуты қызыққа толы, өз жағдайыңа байланысты пайдалана білуге үйрен.

Тұяқ тозады, қанат талады, тозған тұяқ түседі, талған қанат тынығады, сөйтіп жаңарып жалғаса береді.

Данагердің екі ақылы (ел аузынан): уақыттың пұлын біл және өзіңе тиіссізді сұрама.

Уақыттан ұтылғанға өкініш бос әуре, қайта бар уақыттыңды дұрыс пайдалануға өзіңді тәрбиеле.

Өткенді ойласам, көзіме жас келеді, келешекті ойласам, үнсіз отырып қаламын.

Па, шіркін! Мәңгілік неткен бақытсыздық, қандай адам мәңгілік қалуға, кетуге құмартады. «Мен сені мәңгілік етемін, өміріңді қи» десе, ұлы бабам Қорқытша жаяулап қашар едім. Адамның бақыты мәңгілікте емес, дұрыс өмір сүруде.

Әр пәнденің өз мәресі бар.

Адам тағдырын сағат шешпейді, секундтың мыңнан бір бөлігіндей уақыт шешеді,   уақытты ұқыпты пайдалан.

Ақылды шешім де уақытты қажет етеді, уақыт бәріне үстемдік ететін табиғат құбылысы.

Өткенді көксеме, қайырылмас, келешекті көксе кездесесің.
Бүгінгі күнді шаттықпен өткіз, ертеңгі күнге талап-тілек қоя отырып ізденіс жаса, келесі күннін өзі талап-тілек қоя саған келеді.

Даналардың бәрі де өткенді жаңартып дана болып жүр. Адам тіршілігінде өткеннің жетпіс жеті пайызын пайдаланады ма деймін. Ойлаңдаршы: қуаныш-өкініш, байлық — кедейлік, өмір — өлім, тоқтық — аштық, соцнализм — капитализм, бағындырушы — бағынушы болып қайталанып жатыр, қайталана бермек , сондықтан өткенді білмей, келешекті түсіне алмайсың деген сөз аксиомаға айналған шындық.

Уақыттан озған адам тарихта біреу-ақ: ол — А. Эйнштейн.

Мәңгілік: еңбек, үміт және махаббат.

Асықпаңдар адамдар! Мәңгілік алдыңда күтуде!

Комментариев нет:

Отправить комментарий