вторник, 3 апреля 2012 г.

Тарих туралы


Бұрын «солай-солай, соқыр Николай» деуші едік. Енді «солай-солай, оздың Николай» дейтін болдык, бұдан қорытынды: тарихты жалған жазуға болмайды, тарих жалған дүниені көтере алмайды.

Қазақстанда туып өстік, өз тарихымызды білмедік, бұл тоталитарлық жүйенің орыстандыру саясатының нәтижесі еді. Кімде кім өз тарихын оқымаса, білмесе, ұлт болып калыптаспайды, жойылады.

Тарихтың әділеттілігі сонда: қанышерлерге де орын тағайындап бағасын қояды.

Уақыттан озған адам тарихта біреу-ақ: ол — А. Эйнштейн.

Теңдік әкелемін деп қан төгетін төңкерістен безіңдер. Тарихта қан төгіліп теңдік алғанның ақыры қайырлы болған емес.

Тоқсаныншы жылдарға дейін бізді жаратқанның өзі іздеуші еді, енді біз іздейтін болдық. Бұл ата дәстүріне бетбұрыс.

Тарихта талай-талай ойшылдар да, есерлер де тау басына шыққан, бірақ уақыты біткенде домалап түсіп тау етегіне жеткен, сондықтан ел қатарлы тау етегінде тұрғанға жетері жоқ па, нағыз бақытты өмір сол ма?! Ойланып көріңдер.

Өткеннің бәрі тарих, келешек те тарих болатының ұмытпа.

Тарихты ойланып толғанып оқыңдар, онсыз оның құпиясын аша алмайсың.

Тарихқа біреу ұлы болып кіреді, біреу улы болып кіреді.

Тарихтың, қоғамның рухани байлығын мысқылдап алып жүрміз, неге қап қап етіп алмасқа, сонда рухани дүниеміз жүдемес еді.

Бір ұлтты екінші ұлтқа айдап салу патшалық Ресейдің саясатын дамыту деп білемін, оны ұмытуға болмайды. Саясатта мұндай сұрқиялық ешқашанда жақсылыққа әкеп көрген емес, сенбесеңдер, тарихпен ыңылдасып көріңдер.

Барлық адамдар тарихты білуге міндетті, ал жүзден бірі жетік білетін болсын.

Совхоз бен колхоз берекелі бөз.

Астана ҚР астанасы болып 10.о6.98 ж ресми атақ алды. Астана XXI ғасырда 99-жолдың  торабы болатынына кәміл сенемін. Астана Евразияның кіндігі болады.Астана қазақ елінің жүрегі болып, Ақ ордасы атанып, жаңа тарих бетіне жазылады.

Уақыт өткен сайын өткен тарихты қадірлейтін боласың, себебі онда айтылмаған, естілмеген, көрмеген құпия сыр жатыр. Тарихты оқи біліңдер.

Социализмде кемшілік жоқ, кемелденген деп үйретті, сексенінші жылдардың соңында социализм кемшіліктен аяқ алып жүре алмайтын болды, сонда тарихи шындық қайда қалды? Қоғам тарихы ел басшылары өзгерген сайын өзгере беретін болғаны ма?

Адам өткен тарихқа да, қазіргі тарихқа да таңдай қағып таңданады, оқиды, қызығады, ал келешектің тарихы тіпті ғаламат уақиғалар мен таңғажайын жаңалықтарға толы бола ма деймін? Келешек бәрімізді жүгенсіз жетелеп келеді, жетуге, керуге құмартыңдар.

Өткен дәуірді жар астына көміп тастауға болмайды, онда біз білмейтін ғажап құпия сырлар бар, келешектің ұрпағы соны оқып үйреніп, зерттеп жаңа дэуірғе әкеледі, сол үшін келешек деп өмір кешеміз. Келешек ұрпақ арқылы өткен тарихты түсінеміз.

Жиырмасыншы ғасырдың соңында біз социализмнің есігін жауып құлыптап, капитализмнің есігін шалқыта аштық. Самал жел алдымыздан соққандай, енді соны суытпай жастар, іскерлікпен, өнімді еңбекпен, білегін сыбанып табыс жолына түссе жөн болар еді. Капитализм кедейлік емес байлықтың заманы, бай кедейді асырайды, байды бай жақтайды.

Тарихтағы талай-талай алып көсемдердің бірде-бірі ешқашанда нақтылы былай өмір сүр деп айтқан жоқ, тек болжам пікірлер айтты, өз жүгіңді өзің көтере әкеп тіреді, адам өмірі солай бола бермек пе деймін?

Жиырма бірінші ғасырдың есігі ашылды, ол есікке кірген адамның бәрі бақытты.

Жастарға айтарым: Жиырма бірінші ғасырға әр қайсың екі мың кітаптан көтеріп бар, сонда жаңа ғасырдың талап-тілегін түсінесің.

Ескіні оқып білмей, есің кірмейді.

Жаңа ұғым тудыру үшін, ескі ұғымның мән-жайын білуің керек.

Жаңаның дауысын есту үшін ескінің сыбысын сезінуің керек.

Қазакстанда туып өлсек те, өз тарихымызды білмей келдік, бұл тоталитарлык жүйенің орыстандыру саясатының түпкі мақсаты еді.

Өз тарихыңды түсінбей, білмей, әлемдік тарихқа бет бұрып қажеті жоқ, себебі өзіңді кім екеніңді білмей, ұлттық сана-сезімің дамымай, әлемдік тарихты біле алмайсың.

Өткен тарихтың артық-кемін таразылау жастардың үлесі, олар шындықты — шындық, жалғанды — жалған деп саралап береді.

1998 жыл — барыс жылы, Елбасының халыққа жолдауының іске асырудың алгашқы жылы. Бәріміз де барыстай айбатты, асқақ серпінді болып іске кірі- сейік. Қиындық қолдың кірі сияқты болады, кетеді, сондықтан бірігіп жұмыс істеп алға баса берейік, алдағы мақсат анық, биігі көрініп тұр. Бірақ тілегім — бәріміз барыс болып кетіп, бірімізді біріміз жаралап жүрмейік, ақыл биіктілігі, биіктік үстемдік жасасын. Жаңа ғасырға бәрімізде бір кісідей қарғитын болайық, жолымыз нұрлана берсін!

Біздің тарихымыз да бай, тіліміз де бай, жеріміз де бай ерекше халықпыз, қазақ деген халықпыз, аз болсақ та алыппыз.

Әр ұлт өзінің кім екендігін ғылымы мен өнерінің өсуімен танытады.

Қазақтардың тарихы ру тарихынан басталады, ал ата-бабаларымыздың сара жолы көне шежіреден басталуы керек. Қазақ шежіресі оның тарихы, шешен тілі, кең даласы деп түсіну керек. ІІІежіре тарих ескерткіші, қазақтың қазақ болып жүргені шежіресінің барлығы, шежіре болган елде жазу да, әдебиет те болғаны анық.

Жаңа жиырма бірінші ғасырда өткен ғасырдың қайғылы уақиғалары қайталамаса деймін, жаңа ғасыр, жаңа дәстүр, жаңа бақыт әкелсін.

4 қазан 1957 жыл Жердің жасанды серігі ұшырылды, бұл дүние жүзінде бірінші рет орбитаға шығарылған жердің жасанды серігі. Қуанбаған жан қалған жоқ шығар! Ғаламат адам ойының жеңісі еді.

Біз көне тарихтың ашылмаған құпия сырлары бар дейміз, ал шындығында өзіміз өмір сүріп жүрген тарихымызда том-том ашылмаған сыр барын ескермей келеміз. Адам өткінші жаңбыр сияқты, елеусіз тіршілік қуып жүре береді.

Атлантида туралы 25000-нан астам томдар тізілген дейді, әлі де жазыла бермекші сияқты. Міне, адам тарихы деген телегей теңізден де өлшеусіз материяға толы.

Тарихтың ғажап сыры: бірін анықтасаң, екіншісі көмескі қалады, көмескіні анықтауға кіріссең,тғгы бір түсініксізге тап боласың.

Тарихтың әділдігі сонда, ол асыра сілтеуді көтермейді, тарих әр ұлының өз орыны барын анықтайды, бір орынға екі ұлы сыймайды, күнделікті тіршілікте де дәл осындай.

Өткен тарихтың өз бет әлпеті бар, онсыз жаңа тарихтың бет әлпетін көре алмайсың. Тарих бірақ рет жазылады, тек беттері көбейеді.

Тарих беттерін парақтасақ, саясаткерлер бір қолымен маңдайынан сипаса, екінші қолымен төбеден ұруға дайын тұрады. Бұл бұрынғы және қазіргі саясаткерлердің негізгі қасиеті.

Текті адамда жан ашу сезімі басым, ал төре тұқымында қан шашу сезімі басым, менің айтқаныма сеңбесеңдер, тарихты  терең оқып көр, сонда мені көреген дерсің.

Мен адамдарға таң қаламын! Жоғарғыдан социалимнің шатырын лақтырып жатқанда, төмендегі жұмысшы оның ірге тасын қопарды. «Ләм» деп аузын ашқан бір жұмысшы, не бір коммунист, не бір жұмысшылар ұйымы болған жоқ. Тек кейбір жұмысшы зейнеткерлер «пыш пыш» сөйлеп, жағаларын ұстап шошынғандарын көзім көріп, құлағым естіді. Қарапайым халық кім күшті болса, сол жаққа шыға сала ма деймін? Күшке қарсы тұру қиынның қиыны.

16 желтоқсан 1991 жыл. Біздің жаңа тарихымыздың бірінші беті ашылып жазылды, тәуелсіз мемлекет болдық. Ресей ықпалынан шығып, басымызды көтердік. Сондықтан осы тәуелсіздігімізді жан тәнімізбен қорғап қалуға әр қазақ азаматы күш салуы керек.

Желтоқсан құрбандарын мәңгі есте сақтап, ардақтап мақтан тұта білуіміз ұрпақ үшін парыз. Желтоқсан құрбандарының ұлдары мен қыздарының есімі тарихымыздың бетінде бірі қалмай алтын әріппен  жазылатынына  кәміл сенемін. Желтоқсан уақиғасы қазақ жастары, қазақ зиялылары, қазақ студенттерінің тәуелсіздік үшін күрескен революциясы.  

Бізден кеңестің басқа республикалары үлгі өнеге алды. Олар да өз тәуелсіздігіне қол жеткізді.  ХХ ғасырдағы елеулі оқиға «Октябрь революциясы» болса,  ХХ-шы ғасыр соңындағы елеулі оқиға 1986  жылы Қазақстандағы желтоқсан уақиғасы дер едім. ХХ-шы ғасырдың соңындағы еркіндік алған қазақ «өзіне-өзі жау» болуын қойып, тіл, дін, діл бірлігіне қол жетіп, ұлттық санамыз өсіп, басқа елдермен тең шаңырақ көтеріп, қазақ жері бар тәуелсіз мемлекет екенімізді паш еттік.

Тарихта билікке қолы жеткен үстемдік еткендердің іс-әрекеттері біріне-бірі ұқсап жатады. Менің байқауымша: а) әр жоғарғы билікке келгендер ең алдымен өз жауларын құртады (тарихтағы барлық революция осындай); ә)содан соң белгілі межеге жеткенше жауларды құртқандарды құртады, жояды; б) ол құртылғандардың орнына өзіне аз да болса, сенімді дегендерді қояды; в) ең соңында алғашқы тармақтарға еш қатысы жоқтарды қояды да, өз саясатының өнің өзгертіп, жүргізе береді. Бірақ осы соңғысына көбі жете алмай, дүние салады не әшкереленеді. (Мысалы, Сталин мен Хрущев, Хрущев пен Брежнев? т.с.с.). билікте отырғандар өздерін еш уақытта да қанышер санамайды, ол шексіз билікке қолым жетті деген жалған сезімге мастанады. Одақ кезінде мұндай басшылардың талайын көрдік емес пе? Бірақ тарих заңы өзгермейді: шындық, тек шындық жазылады.

Комментариев нет:

Отправить комментарий